Accessibility links

Ресей кеткен соң Байқоңырдың жайы не болмақ?


«Союз TMA-05M» зымыранын ұшыру алаңына апара жатыр. Байқоңыр, 12 шілде 2012 жыл.
«Союз TMA-05M» зымыранын ұшыру алаңына апара жатыр. Байқоңыр, 12 шілде 2012 жыл.

Ресей Қытаймен шекарасында салып жатқан космодромды келесі жылы іске қоспақшы. Қызылорда облысы әкімі инфрақұрылымды дамытуға «жеткілікті ақша бөлмейді» деп Ресейді сынайды.

Қазақстан тарабы «Ресей Байқоңырды дамытуға жеткілікті инвестиция салмай отыр» деп шағымданады. Ресей 2050 жылға дейін бекітілген келісім-шарт бойынша жылына 115 миллион доллар төлеп, Байқоңыр космодромын жалға алған. Бірақ соңғы кезде, әсіресе 2013 жылдың шілдесінде «Протон» зымыраны Қазақстан жерінде құлағаннан кейін «Қазғарыш» агенттігі мен Ресей арасы нашарлап кетті деп жазады Ұлыбританияның Economist журналы.

Соңғы 14 жылда аса улы отын – гептилді пайдаланатын төрт «Протон» зымыраны әуеге көтерілер сәтте жарылды. Бірақ Economist журналы Ресейге Байқоңыр космодромы сияқты «қара жұмысшы» әлі керек деп жазады. Euroconsult сараптамалық агенттігінің мәлімдеуінше, соңғы ондаған жылдан бері Ресей коммерциялық космос нарығындағы табысының үштен бір үлесін Байқоңырдан ғана ұшатын «Протон» зымыраны арқасында иеленген.

Байқоңырдағы «Протон-М» зымыраны қойылған ұшу алаңы жанында шөгіп жатқан түйе. 15 ақпан 2014 жыл.
Байқоңырдағы «Протон-М» зымыраны қойылған ұшу алаңы жанында шөгіп жатқан түйе. 15 ақпан 2014 жыл.

Economist басылымының хабарлауынша, Ресей Қытаймен шекара түбіндегі «Восточный» космодромы құрылысын бітіруге асығып отыр. Ресей президенті Владимир Путин «бұл жоба Ресейдің тәуелсіз ғарыштық держава ретіндегі мәртебесін нығайтады» деп уәде етті. Жаңа космодромнан алғашқы зымыранды ұшыру 2015 жылға жоспарланған. Бірақ жаңа космодром «Союз» зымыран тасығыштарын ұшыруға жарамсыз болып шығуы мүмкін. АҚШ инженерінің Economist журналына айтуынша, төтенше жағдай туса, «Восточный» космодромына адамдар отырған капсула қона алмайды.

Бірақ басылым Байқоңыр мен «Восточный» космодромдарының бәсекелесі пайда болғанын айтады. Бұл – Еуропа ғарыш агенттігінің Оңтүстік Американың солтүстік-шығысындағы Франция Гвианасындағы космодромы. Қазір Ресей «Союз» зымыранын сол жақтан ұшыра бастады.

Байқоңыр тұрғындарының кейбірі Ресей кетсе, жағдайымыз нашарлайды деп уайымдайды. Economist журналистеріне тұрғындардың бірі «онда былық басталады, тіпті су да болмайды» дейді.

Бірақ жергілікті билік мұнымен келіспейді. Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың қарашаның 7-і күні Астанада орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтуынша, Ресей Байқоңырды дамытуға және космодром маңындағы елдімекендердің экологиялық проблемаларын шешуге ақша бөлмейді.

Байқоңыр маңындағы Ақай ауылындағы үйлердің бірінің алдында тұрған балалар. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
Байқоңыр маңындағы Ақай ауылындағы үйлердің бірінің алдында тұрған балалар. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.

– Тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жылда Байқоңыр территориясындағы құрылыстардың бәрі Қазақстан үкіметі мен жергілікті атқару органдарының күшімен салынғаннын ескеру керек. Ресейліктер жалпы тәртіпті қадағалағанымен, жаңа объектілер салған жоқ. Ресей үкіметі Байқоңырды дамытуға әзірше ақша бөлген жоқ. Ақшаны екі ел бірлесіп бөлуі тиіс қой, - дейді Қырымбек Көшербаев.

Economist журналы Қазақстан өз ғарыш индустриясын дамытуға ынталы екенін айтады. Бұрынғы келісім бойынша, Ресей жағы қазақстандық мамандарды үйретуі тиіс еді. Бірақ «Қазғарыш» агенттігі төрағасының орынбасары Еркін Шаймағамбетовтың айтуынша, ақша төлеміне байланысты ортақ келісімге келе алмағандықтан, мұндай оқу-жаттығулар болмаған.

XS
SM
MD
LG