Accessibility links

Украина әскеріндегі ресейлік студент


"Азов" бастальонындағы ресейлік студент Валентин.
"Азов" бастальонындағы ресейлік студент Валентин.

Красноярскілік студент құқық қорғау органдарының қысымынан кейін Сібірдегі оқуын, үйін тастап, Украинадағы ресейшіл сепаратистерге қарсы соғысуға аттанған. Ол Азаттыққа өзі таңдаған жолы мен бұрынғы өмірі жайлы айтып берді.

Валентин Ресейдің Украинадағы шиеленіске араласқанына наразы көптеген адамдарды таниды. Бірақ 19 жастағы студент соғыс жайлы олардан көп біледі. Оның өзі де Украина жағында соғысып жүр.

АЗОВ БАТАЛЬОНЫН ТАҢДАДЫ

Белсенділігі үшін билік тарабынан қуғын көрген Валентин қаңтарда Украинаға қашып барып, Азов батальонына қосылды. Ерікті милициялардан құралған Азов батальоны Донбастағы ресейшіл бүлікшілерге қарсы соғыста ерекше көзге түсті. «Бұл жерге келгенде алдымда екі таңдау тұрды: Украинада қашқын ретінде өмір сүру немесе соғысқа қатысу» деді Валентин Азаттықтың орыс қызметіне.

Донецкінің батыс майданындағы стратегиялық маңызы зор порттық қала Мариупольден телефон арқылы сұхбат берген жігіт «кідірмей соңғы нұсқаны таңдадым» дейді. Бүлікшілер Мариупольді басып алуға барынша тырысты. Дегенмен ақпаннан бері бұнда тыныштық орнағандай.

Маусымның 12-сі күні Азаттыққа екінші мәрте сұхбат берген жігіт Широкино және Гранитное қаласына жақын жерде сепаратистерге қарсы бірнеше әскери операцияларға қатысқанын жеткізді. Екі қала да сепаратистер бақылауға алған аймақпен шектеседі.

2014 жылдың сәуірінен бері Шығыс Украинадағы қақтығыстан 6400-ден астам адам опат болды. Ресей президенті Владимир Путин Мәскеудің Украинаға әскер жібергенін мойындамайды, Ресей қалаларында солдаттардың моласы көбейіп бара жатқанына қарамастан соғысқа қатысқан ресейліктердің бәрі – еріктілер деуден тайынар емес.

Валентин Украинаға аяқ астынан сапар шеккен жоқ. Өткен жылы ол Красноярскідегі соғысқа қарсы шеруге қатысты. Бұндай шеруге шыққан адамдардың көбі Кремльдің дағдарыс пен Украинадағы шиеленіс жайлы уәжіне сенбеді. «Сол кезде Украинаны қолдағандар жетерлік еді, бірақ олардың көбі құр қолдаудан аспады» дейді шеруге шығумен шектелмеген Валентин.

Красноярскілік студент Валентин.
Красноярскілік студент Валентин.

- Мен достарыммен бірге қаланың барлық бөлігіне Украинаның туын іліп шықтым. Путинге қарсы баннер жасап, оны Красноярскінің орталығына ілдік, бұл интернетке кең тарап кетті, - дейді Валентин.

Биыл қаңтарда Валентин өз әрекетіне аймақтағы қауіпсіздік қызметінің назар аудара бастағанын айтады. Оған экстремизмге қарсы күрес кеңсесінен қоңырау шалады.

Жігіттің айтуынша, хабарласушы оны кеңсеге шақырып, өте маңызды әңгіме бар екенін айтқан.

- Алғаш кездескен кезде сол әрекеттің бәрін жасаған мен екенімді айтты, - деген Валентин өзіне екінші дүниежүзілік соғысқа қойылған ескерткішті талқандады деген айып та тағылғанын айтты.

Екі күннен соң әлгі шенеунік тағы хабарласып, кеңсеге келіп, қағаздарға қол қоюды сұрайды. Сол кезде Валентин қаладан кетпеу туралы қолхатқа қол қоюы мүмкін екенін түсінеді. Оның соңы қылмыстық айыптауға апаратын еді. «Ресейдің тұтқыны» болғысы келмеген жігіт елден кетуге бел буады.

«ПУТИН ҒАНА ЕМЕС, БӘРІМІЗ ДЕ АЙЫПТЫМЫЗ»

Үш сағаттан соң ол анасын, оқуын және туған елін тастап, әуежайға бет алды.

- Екінші қоңыраудан соң заттарым мен ақшамды жылдам жинадым да, анаммен қоштасып кетіп қалдым, - дейді Валентин.

Киевке келген соң бір күннен кейін Азов батальонының «жаттығу базасына» келеді.

Көптеген мүшелері әсіре оңшыл, тіпті жаңа нацистік көзқарасты ұстанатын даулы топты Валентин ашық қолдайды. Батальон нацистік Германия қолданған Вольфсангель таңбасын өздерінің символы етіп алған екен. Бұл батальон нео-нацистік топтармен байланысымен белгілі.

Маусымның 10-ы күні АҚШ Өкілдер палатасы конгрессмен-демократ Джон Коньерс ұсынған әскери шығындар туралы заң жобасын мақұлдады. Коньерс «АҚШ армиясы нео-нацистік Азов батальонын жаттықтырмауға тиіс» деп санайды.

Ресейлік студент Валентин.
Ресейлік студент Валентин.

2014 жылы бүлікшілерге қарсы соғысу үшін құрылған басқа да көптеген еріктілер бригадасы тәрізді Азов батальоны қазір елдің ішкі істер министрлігіне қарайтын ұлттық гвардияның бір бөлігі болып табылады.

Азов батальоны нео-нацистік немесе әсіре ұлтшыл деген сипаттама туралы пікірін сұраған кезде Валентин оның бәрі «күлкі шақыратын» сөз деді. «Мен орыс және белорус қаны араласқан сібірдің тумасымын. Біздің батальонда түрлі этникалық топ өкілдері бар. Бізді нео-нацистер немесе украиналық әсіреұлтшылдар дейтіндердің көбі Ресейдің сөзін сөйлеушілер» деді ол Азаттыққа.

Валентин әзірге тарих пәнінің мұғалімі болу туралы арманынан бас тартты. "Бұл жолды таңдасам, мектепте Ресейдің саясатын насихаттауға мәжбүр боламын" деп қорқады. «Ресейде білім беру, әсіресе, тарихты оқыту мемлекет идеологиясымен тығыз байланысты. Олар жас ұрпаққа Ресейдің әрекетінің барлығы дұрыс деп оқытады».

Үйде қалған отбасы мен достарына Федералдық қауіпсіздік қызметі қысым жасайды деп қорыққан Валентин фамилиясын жариялауға қарсы болды. Ол күндердің бір күнінде Ресейге ораламын деді, бірақ «қазіргі режим өзгеріп, Украинаның жағдайы жақсарғанда ғана барам» дейді ол.

Ол «патша құласа немесе Ресейде революция басталса» елге қайтатынын жеткізді. Бірақ Ресей мен Украинадағы жағдайдың бәріне Путинді айыпты дегенде Валентин қосылмайды. «Мәселенің Путинге ғана тіреліп тұрмағанын бәріміз жақсы білеміз. Оның режимінің қалыптасып, нығайып келе жатқанына өзіміз де айыптымыз» дейді ол.

XS
SM
MD
LG