Accessibility links

Ресейлік капиталды банктер Қазақстанда күшейді


Ресейлік банк. (Көрнекі сурет)
Ресейлік банк. (Көрнекі сурет)

Жергілікті банк жүйесі әлсіреген тұста Қазақстанды біртіндеп ресейлік капиталды банктері жайлап барады. Бұл Қазақстанның қаржы секторында Ресей ықпалы күшейгенін білдіре ме?

Жыл басындағы «СМС-дүрбелең» мен несиелендіру нарығы, әсіресе ипотекалық несие беру қысқарғаннан кейін кейбір қазақстандық банктердің салымшылары депозиттерін жаппай қайтарып алып жатқанда Ресей банктерінің еншілес бөлімшелері Қазақстандағы табыстары туралы хабарлады.

Сбербанктің Алматыдағы филиалы. 17 сәуір 2014 жыл.
Сбербанктің Алматыдағы филиалы. 17 сәуір 2014 жыл.
Астана қаласындағы жеке меншік компания басшысы Айжан Түйтебаева қызмет көрсететін банкті қолайлылық принципі тұрғысынан таңдағанын айтып:

"Ресей банкін таңдадым. Қазір менің компанияма сол банк қызмет көрсетеді. Әрі жұмысқа жақын, әрі тез қызмет көрсететін банктің менеджерлері де сыпайы. Несиені де қазақстандық банктерге қарағанда арзан пайызбен берді. Қысқасы, әлгі банк көңілімнен шықты, мен үшін оның қай елдікі екені маңызды емес" деді.

Қазақстанда Ресейдің үш банкі - "Сбербанк", ВТБ және "Альфа-банк" еншілес бөлімшелері арқылы жұмыс істейді.

Үш банк те несиелендіру нарығындағы үлесін көбейтіп, депозиттік базасын кеңейтуге күш салып отыр. Егер былтыр елдегі барлық банктердің депозит көлемі орта есеппен 16 пайызға өссе (бірақ жеті банктің салымшыларының көбі депозиттерін қайтарып алды), ресейлік үш банк салым көлемі 90-100 пайызға артқанын хабарлады. Үш банктің бір жылда берген несиесінің жиынтық көлемі 35 пайызға өскен. Бірақ бұл үш банктің несие қоржынындағы қайтару мерзімі өтіп кеткен несиелер үлесі Қазақстанның банк жүйесінен көп төмен.

Қазақстан нарығында пайда болған сәттен бастап ресейлік үш банктің Қазақстан банктерінің қаржылық қадағалау комитеті жариялап отыратын рейтингіндегі орны үздіксіз жоғарылап келеді. Мысалы, жергілікті іскер БАҚ-тың мәліметі бойынша, 2010 жылы актив көлемі жағынан Ресейдегі "Сбербанктің" Қазақстандағы еншілес бөлімшесі 12-орында, Альфа-банктің еншілес бөлімшесі 20-орында, ал «ВТБ Қазақстан» 30-орында болатын. Ал қазір үшеуі тиісінше 5, 16 және 18-орынға шыққан.

Оның үстіне, Сбербанк пен ВТБ акциясының 50 пайызы Ресей үкіметінің иелігінде.


Марат Қайырленов.
Марат Қайырленов.
Алматы қаласындағы «Ұлағат бизнес групп» компаниясының директоры, экономист Марат Қайырленов Ресей банктерінің капиталындағы мемлекет үстемдігі онсыз да қаржы дағдарысынан әлсіреген Қазақстанның банк жүйесі үшін қауіпті болуы мүмкін деп есептейді.

"Әрдайым бәсекелестік болғаны жақсы. Бірақ "Сбербанк" немесе ВТБ - мемлекеттік банктер, яғни мемлекетке бағынады. Мысалы, Ресей Украинаны немесе өзінің көзқарасымен келіскісі келмейтін басқа елдерді тұқыртып алу үшін табиғи газ сатуды қару ретінде пайдаланады. Сол сияқты банктерді де экономикалық қару ретінде пайдалануға болады. Өйткені "Сбербанктің" (Ресейдегі) активі Қазақстанның бүкіл банктерінің активін қосқандағы көлемнен екі есе көп" дейді Марат Қайырленов.

Қазір Қазақстанда 38 банк жұмыс істейді. Олардың арасында шетелдік банктердің еншілес бөлімшелері де бар. Бірақ олардың көбі актив көлемі үлкен 20 банктің ішіне кірмейді.
XS
SM
MD
LG