Accessibility links

Риддерлік блогер сепаратизм ісі бойынша сотталды


Блогер Игорь Сычев сотта тұр. Риддер, 18 қараша 2015 жыл.
Блогер Игорь Сычев сотта тұр. Риддер, 18 қараша 2015 жыл.

Сепаратизмге шақырғаны үшін сотталған риддерлік блогер Игорь Сычев үкімге қатысты шағымданатынын мәлімдеді.

Қарашаның 18-і күні кешке Шығыс Қазақстан облысы Риддер қалалық соты 26 жастағы блогер Игорь Сычевті ​"сепаратизмге шақырғаны үшін" бес жылға соттады. Түрмеге кесілген Сычев айыпты мойындамайды.

– Үкімге қатысты аппеляциялық сотқа міндетті түрде шағымданамыз, – деп мәлімдеді сотталған блогердің адвокаты Игорь Шигрин Азаттыққа.

Игорь Сычев тергеу кезінде және сот процесінде, оның ішінде бүгін таңертең тараптар жарыссөзінде сөйлегенде және өзіне соңғы сөз бергенде тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген.

Тараптар жарыссөзін бастаған прокурор соттан Сычевті бес жылға соттауды сұрады. Қырымды Ресей құрамына бөліп алғаннан кейінгі Украинадағы жағдайға сілтеме жасаған прокурор Сычев «көбінесе орыс халқы тұратын аймақта» сепаратистік көңіл-күй тудыруға тырысқан әрекеттерге қасақана барған деп мәлімдеді.

Сычев ісіне қатысты процесс барысын бақылаған жергілікті құқық қорғаушы Александр Харламовтың Азаттыққа айтуынша, блогердің соты Риддерде үлкен әсер тудырған.

– Игорь Сычевті қолдау үшін сотқа өте көп адам келді, – дейді Александр Харламов.

Құқық қорғаушы Сычевке сепаратизм бабы заңсыз қолданылды деп санайды.

Игорь Сычев ресейлік «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі «Подслушано в Риддере» парақшасы администраторларының бірі болған. Биыл көктемде ол топ парақшасында «Дауысқа салу Риддер қаласында өтіп жатыр деп елестетіп көрейікші» деген тақырыппен сауалнама жариялап, оқырмандарға Шығыс Қазақстан облысын Ресей федерациясы құрамына қосуды «қолдаймын» немесе «қарсымын» деп жауап беруді ұсынған. Жұрт наразылық білдірген соң ол әлгі дауыс беруді алып тастаған. Кейін Сычевке айып тағылған.

Жергілікті құқық қорғаушылардың пікірінше, блогер Игорь Сычевтің сот процесі белсенділерге қарсы «бұрын-соңды болмаған репрессиялар» кезеңі тұсында өтіп отыр. Бүгін Астана соты «БАҚ арқылы әлеуметтік және ұлттық араздықты қоздыруға бағытталған» әрекеттерді қасақана жасады деген күдікпен 9 қарашада ұсталған 42 жастағы азаматтық белсенді Болатбек Біләловті тергеу абақтысында қамауда қалдыруды ұйғарған шешім шығарды. Алматыда Ресейге қарсы позициясымен танылған азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбетәлин «ұлтаралық араздықты қоздыру» ісі бойынша тергеліп жатыр. Жамбыл облысында ресейшіл көзқарастарымен танылған блогер Ермек Тайшыбековтың соты өтіп жатыр. Оған «ұлтаралық өшпенділікті қоздырды» деген айып тағылған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG