Accessibility links

"Рысқалиев тобының ісіне" қатысты тыңдау өтті


Бергей Рысқалиев (сол жақта), Атырау облысының әкімі кезінде. Атырау, 22 шілде 2009 жыл.
Бергей Рысқалиев (сол жақта), Атырау облысының әкімі кезінде. Атырау, 22 шілде 2009 жыл.

24 желтоқсан күні "Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев құрды" деп мәлімденген "қылмыстық топқа" қатысты іс бойынша алдын-ала тыңдау басталды.

Азаттық тілшісіне сұхбат берген Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев: "Бұл алда болатын сотқа дайындық. Онда соттың қай күні, қашан болатыны анықталады. Әзірге, белгісіз. Соттың ашық, жабық болатыны да шешіледі. Істі судья Гүлмира Дәулетова қарап жатыр" деді.

Бұған дейін қаржы полициясы қылмыстық топ мүшелері ретінде айып тағылған 22 адамға қатысты қылмыстық іс бір бөлек, Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқали және олардың тағы тоғыз серігіне қатысты қылмыстық іс бір бөлек қарастырылатынын хабарлаған еді.

Бүгінгі алдын-ала тыңдау 22 адамның үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты.

Олардың арасында Атырау облыстық әкімшілігі төрағасының бұрынғы орынбасарлары Болат Дәукенов пен Асқар Әбдіров, сонымен бірге Атыраудың бұрынғы әкімі Асқар Керімов те бар. Оларға "қылмыстық топқа қатысу", "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" баптары бойынша айып тағылып отыр. Бұл іс бойынша сотқа 800 томдық тергеу материалдары келіп түскен.

Бұған дейін Қазақстан қаржы полициясы "Рысқалиев пен ол ұйымдастырған топ өкілдері жасаған ауыр және аса ауыр коррупциялық, экономикалық қылмыстардан мемлекетке 71 миллиард теңгеден астам зардап тигенін" хабарлаған еді.

Желтоқсанның басында қазақстандық ақпарат құралдары Бергей Рысқалиевтің үстінен «террористік пиғылдағы іс-әрекеттерге қолғабыс еткен» деген күдікпен тағы бір қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Істі қозғаған тергеу орындары Рысқалиевке «дәстүрлі емес діни ағым өкілдеріне мешіт салуға заңсыз жер телемін бөлген, кейін ол мешіт терроризм мен экстремизмді насихаттайтын орынға айналған» деген де айып таққан.

Бергей Рысқалиевтың үстінен бұған дейін "бюджет қаржысын жымқырды және қызмет өкілетін теріс пайдаланды" деген айыптар тағылып, тұтқынға алу туралы санкция шыққан. 2013 жылғы қаңтар айында оған іздеу жарияланған.

Былтыр қазанда Атырау қалалық соты Бергей Рысқалиевтің ағасы, бұрынғы мәжіліс депутаты Аманжан Рысқалиды "алаяқтық жасаған" деген айыппен қамауға алуға сырттай санкция берген еді.

Биыл тамызда Қазақстанның қаржы полициясы "Швейцарияның федералдық прокуратурасы Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқалиға қатысты "қаржы жымқырды" деген күдік бойынша тергеу жүргізіп жатқаны" туралы хабарлаған. Оның нәтижесі бойынша Швейцария банктерінде "Рысқалиевтарға тиесілі делінген үш есеп-шот табылып, оларда 100 миллион еуродан астам қаржы бары анықталғаны" айтылған. 2012 жылы елден шығып кеткені белгілі болған ағайынды Бергей Рысқалиев пен Аманжан Рысқалидың қазір қайда екені беймәлім.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG