Accessibility links

«Киіктер ұзақ қыстан әлсіз шықты»


Киіктер. Көрнекі сурет
Киіктер. Көрнекі сурет

11 мамырдан бері Қостанай облысы Амангелді ауданында қырылған киіктердің саны 1000 бастан асып кеткен. Ауыл шаруашылығы министрлігі тексеру нәтижесін келесі аптада жарияламақшы. Азаттық тілшісі биолог ғалым Қылышбек Мұсағұловпен киіктердің қырылу себептері туралы сұхбаттасты.

Азаттық: – Бұған дейін 2011 Батыс Қазақстан облысында, 2012 жылы осы Қостанай облысындағы киіктердің қырылуына байланысты да «пастереллез» деген диагноз қойылған болатын. Бұл жолғы киіктердің қырылуына да осы ауру себеп болуы мүмкін деген болжам билік тарапынан айтылып қалды. Биолог ғалым ретінде сіздің пікіріңіз қандай?

Қылышбек Мұсағұлов: – Пастереллез – инфекциялық ауру ғой. Бұл жануарларда, әсіресе әлсіз аңдарда көп кезігеді. Биылғы қыстың аяғы созылып кетті. Басында күн жылынды, одан кейін қар жауып, аяқ асты суытып кетті. Соның салдарынан қыстан әрең шыққан сайғақтардың организмдері одан әрі әлсіреп, аурулар пайда болып, оның аяғы жаппай қырылуына соқтырып отыр.

Жас төлдеген ұрғашы киік.
Жас төлдеген ұрғашы киік.

Азаттық: – Бұл тек әлсіреуден пайда болатын ауру болса, онда алдын алуға болатын шығар?

Қылышбек Мұсағұлов: – Қыс созылған кезде қосымша қорек есебінде жем шөптерге витаминдер қосып беріп, аман-есен қыстан шығуына жағдай жасау керек. Әсіресе биылғыдай қыс созылған кезде қосымша минералдық жем беретін болса, алдын алуға болады. Өйткені кез келген нәрсенің алдын алуға әбден болады.

Азаттық: – Бұған дейінгі киіктердің қырылуына қатысты эколог ғалымдардың тарапынан «Бұл пастереллез ауруынан емес, далаға тыңайтқыштардың бей-берекет шашылуының кесірінен болып отыр» деген болжам айтылған болатын. Киіктердің шашылған тыңайтқыштың зардабынан қырылуы мүмкін бе?

Қылышбек Мұсағұлов: – Батыс Қазақстанда қырылған киіктерге қатысты «бұл – полигондардың әсері» деп те пікір айтты. Ал енді Қостанай облысында ондай полигондар жоқ. Бірақ бұл жақта егістік көп. Сол себепті әркім әртүрлі фактормен байланыстырып жатыр. Десек те тыңайтқыш деген жорамалға келмейді. Өйткені пастереллез табиғаттан бар нәрсе. Жануарлар, оның ішінде киіктер әсіресе осы ауруға бейім келеді. Содан кейін пастереллез кеше немесе бүгін пайда болып жатқан ауру емес. Совет Одағының кезінде киіктің осы аурудан он мыңдап қырылған тұстары да болған.

Азаттық: – Пастереллез ауруы киіктердің қай түрінде көп кезігеді?

Қылышбек Мұсағұлов: – Дәл қазіргі жағдайға қатысты айтатын болсақ, аналығында жиі кезігеді. Себебі қазір бұлардың төлдеп жатқан кезі. Аналықтары әлсіз. Ал аталықтары күйектен кейін бөлініп, осы уақытқа дейін бөлек жайылып жүр. Аналықтары топталып жүргендіктен бір-біріне жылдам жұғады.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.

XS
SM
MD
LG