Атырау облысының білім беру мекемелерінде ақпанның 7-сінен бастап «Саратану» апталығы өтіп жатыр. Апталық ақпанның 12-сі, яғни Қазақстан Республикасы президентінің зайыбы Сара Назарбаеваның туған күніне дейін жалғасады.
Бұл істі ұйымдастыруға облыстық балалар құқықтарын қорғау департаменті мұрындық болып отыр. Олар өздеріне ұсыныс-хаттың білім және ғылым министрлігіндегі балалар құқықтарын қорғау комитетінен келіп түскенін айтады.
«ЕЛ АНАСЫНА АРНАЛАДЫ»
Атырау облыстық балалар құқықтарын қорғау департаментінің бөлім бастығы Байжан Мұғалімұлы апталықтың «Сізге деген сүйіспеншілікпен» деген тақырыпта өтіп жатқанын айтып берді.
– Апта бойы балалар арасында «Ел анасына арналады» деген тақырыпта
Сара Назарбаеваның туған күні құрметіне арнап Исатай Тайманов атындағы №27 мектеп оқушылары шығарған қабырға газеті. Атырау, 7 ақпан 2011 жыл.
шығарма жазудан, сурет салудан, қолдан түрлі бұйымдар жасаудан жарыстар өтеді. Оқушылар «Көңіліңізге – мейірімділік пен жан жылуы» тақырыбында көркемсөз оқудан сайысқа түседі. Ақпанның 11-і облыстық Жантөрин атындағы филармонияда үлкен шара өтеді. Ал 12-сі күні барлық білім беру ұйымдарында «Өзін-өзі тану» сабағы бірінші болып өткізіліп, Сара Алпысқызының өмір дерегі, қызметі туралы бейнетаспалар көрсетіледі, – деп түсіндірді Байжан Мұғалімұлы. Атырау мектептерінде Сара Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» кітабының дұрыс оқытылуына әдістемелік көмек көрсетіп отыратын облыстық кадрлар білімін жетілдіру және қайта даярлау институтының қызметкері Айсұлу Сәрсекенованың мәлімдеуінше, бұған аудан мектептері де белсене ат салысып жатыр.
– Онлайн режимінде екі интерактивтік сабақ өтті. Алдымен «Өмір, қымбатсың маған» деген тақырыппен Жылыой ауданы Сатыбалдиев атындағы орта мектеп мұғалімі Анаргүл Хасанова 7-сынып оқушылармен бірігіп өткізсе, екінші сабақты «Махаббат – өмір нәрі» деген тақырыпта Махамбет ауданы Алмалы орта мектебінің мұғалімі Мәрзия Ермұханова 11-сынып оқушыларымен ұйымдастырды. Оған барлық мектептер, аудан мұғалімдері қатысып, Сара Назарбаева туралы деректерді өз файлдарына жазып алады, – дейді ол.
«Апталықтың аты мен тақырыптардың махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына
Исатай Тайманов атындағы №27 мектеп оқушылары «Саратану» апталығының басталуына арналған лездемеде тұр. Атырау, 7 ақпан 2011 жыл.
арналуы не себепті екен?» деген Азаттық тілшісінің сауалына ұстаз өздерінің Сара Алпысқызына деген сүйіспеншіліктерін білдірігісі келгенін айтты.– «Өзін-өзі тану» пәнінде мейірімділік, сүйіспеншілік, махаббат мәселелері сөз болады. Махабаттың өзінің бірнеше түрі бар: өнерге, ананың балаға, кәсіпке, қыз бен жігіттің арасындағы, туған жерге, еліне, Отанға деген махаббат болады. Мейірімділік, сүйіспеншілік те сол махаббатан туындамай ма? Сол махаббатсыз адам өмірге деген құштарлығын жоғалтады екен. Олай болса махаббат туралы неге айтпасқа? Сөйтіп «Сізге деген сүйспеншілікпен» дегенде біз Сара Алпысқызына деген сүйіспеншілігімізді білдіргіміз келіп отыр, – деді Айсұлу Сәрсекенова.
«ОЛ – НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ СҮЙІКТІ ЖАРЫ!»
Азаттық тілшісі «Саратану» апталығының өту барысымен танысу үшін Атырау қаласындағы Исатай Тайманов атындағы №27 орта мектепке арнайы барған еді. Мектеп директорының бастауыш сыныптар бойынша орынбасары Мағрипа Жылышпанова өз мектептерінде де шаралардың қызу өтіп жатқанын ерекше мақтанышпен әңгімелеп берді.
– Сара Назарбаеваның туған күні аясында 7-12 ақпан аралығында іс-шаралар жоспары жасақталды. Ең алдымен мектеп кітапханасында Назарбаеваның
Исатай Тайманов атындағы №27 мектеп директорының орынбасары Мағрип Жылышпанова Азаттық тілшісіне «Саратану» апталығы туралы әңгімелеп отыр. Атырау, 7 ақпан 2011 жыл.
балаларға жасаған қамқорлығы туралы кітап сөресін ұйымдастырамыз. Жалпы адамагершілік құндылықтар туралы 10-сыныптар дебат өткізеді, – деді мектеп директорының орынбасары.Қазақстанның бірінші ханымының туған күнін тойлауға Атыраудағы шетелдік компаниялар да тартылған екен. Мағрипа Жылышпанова ақпанның 12-сі Атыраудағы «Аджип КСО» консорциумы мектептегі әлеуметтік жағдайы нашар 10 балаға сыйлық әкеліп тапсыратынын айтты. Мектеп директоры Азаттық тілшісін «Саратану» апталығының ашылу лездемесіне куәгер болуға шақырды.
Лездемені салтанатты түрде ашқан «Өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі Эльмира Қосжанова оқушылар алдында Сара Назарбаеваның өмірбаянымен таныстырып, отбасы мүшелерін атап шықты.
– Сара Алпысқызы 1941 жылдың 12 ақпанында Қарағанды облысының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлының зайыбы. 1962 жылы жанұя құрған. Үш әдемі қыздары бар. Тұңғыш қызы – Дариға 1963 жылы туған. Ал Динара есімді қызы –1967 жылы, Әлиясы – 1980 жылы өмірге келді. Нұрәли, Алтай, Айсұлтан, Венера, Дениза, Тияр атты немерелері бар. 2005 жылы шөбересі Алан өмірге келді, – деп тізбеледі Эльмира Қосжанова.
Бұдан әрі балалар Сара Назарбаеваға арнаған құттықтауларын оқыды, лездеменің соңы «Ризамыз бүгінге» деген әнге жалғасты.
Азаттық тілшісі осы шарада шеттеу тұрған кішкентай қара баланы сөзге тартқан еді. Ол осы мектептің 4 «в» сыныбында оқитын Дархан Қадикен екен.
– Сара Назарбаеваның кім екенін білесің бе?
– Ол – Нұрсұлтан Назарбаевтың сүйген жары!
Әңгімеге араласқан оның тағы бір сыныптасы «бірінші ханым» туралы «Өзін-өзі тануды шығарған президент» деген анықтама берді.