Accessibility links

Әзірбайжанда бірінші ханым жайында барлығы түсінікті болса, Қазақстанда неге керісінше?


Мехрибан Әлиева. Қазан, 2009 жыл.
Мехрибан Әлиева. Қазан, 2009 жыл.

Постсоветтік кеңістікте әзірге ешкім жаңартпаған рекорд бар. Оның иесі Әзірбайжан президентінің жұбайы. Оның отбасылық өмірінде ешқандай құпия жоқ сияқты. Ал Қазақстандағылар шынайы бірінші ханымның кім екендігін білмейді.


ЖАРҚЫРАП, ЖАЙНАҒАН МЕХРИБАН

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің жұбайын қазір жергілікті баспасөзде көбінесе былай деп таныстырады: Әзірбайжанның бірінші ханымы, Милли Меджлистің депутаты, әзірбайжан-американ парламентаралық байланыстар жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, Гейдар Әлиев қорының президенті, Әзірбайжан мәдениетінің достары қорының президенті, Әзірбайжан гимнастика федерациясының президенті, ЮНЕСКО және ИСЕСКО Мейірбан еркінің елшісі Мехрибан Әлиева.

Мұндай ашықтық туралы, бар атақ-абыройын осылайша жар сала жариялау жайында тіпті белгілі қаржыгер-филантроп Джордж Сорос та армандамаған болар. Өйткені, өзінің жиған-терген қаржысын салып, оның бастамасымен құрылған «Ашық қоғам» қор-институты
Мехрибан Әлиева парламентте. Баку, 8 мамыр 2007 жыл.
арқылы постсоветтік кеңістікте транспаренттілік идеясын таратушы соның өзі ғой.

Бұл тіпті ТМД елдеріндегі кейбір президенттердің әйелдеріне әсер етті. Олар газет беттерінде жиі көріне бастады. Бірақ, бұл үрдіс әр елде өзіне тән үлгімен көрініс тапты.

Олардың кейбіреулерінде жағымды жаңалыққа қарағанда әшкерелеуші материалдар көбірек болуда. Мысалы, бұлай деп Украина президентінің жұбайы Катерина Ющенко туралы айтуға болады. Ол жайында оппозициялық басылымдарда көбірек жазылады. Негізінен оған Украина президентінің жатын бөлмесіндегі Құрама Штаттардың тыңшысы деген кінә тағады.

Осындай жағымсыз әңгімелерден соң Мехрибан Әлиеваның бейнесі тек Катерина Ющенкомен ғана емес, өзгелермен де салыстыра қарағанда жоғарылау тұрады. Әзірбайжан президенті жұбайының қоғамдағы жарқыраған бейнесі ТМД-дағы барлық ел басшылары әйелдерінің қоғамдағы беделдерін қоса алғанда да олардан асып түскендей.

«Харперс базар» журналының орыс басылымы қазан айында Мехрибан Әлиевамен болған сұхбатты жариялады. Онда Мехрибанмен қатар оның қыздары Арзу мен Лейланың суреттері де берілген. Бұл сұхбатты оқимыз деп Әзірбайжандағылар қырылып қала жаздады. Журналдың сатылу бағасы 30 долларға дейін жетті.

Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев пен оның әйелі Мехрибан Әлиева.
Сұхбат пен сапалы түсірілген фотосуреттер Әзірбайжан туралы қазіргі заманғы ертегіге ұқсайды. Бірінші ханым еш қысылып-қымтырылмастан өзі, отбасы жайында әңгімелейді. Көбінесе еркіндіктің ықпалы байқалады.

Алдымен «Әзірбайжандағы әйелдердің барлығы осылай ойлай ма екен, әлде тек президенттің жұбайы ғана ма» деген ойға қаласың. Содан соң сұхбатты оқу барысында Мехрибан Әлиеваның өзі де, оның қыздары да жылдар бойы Англияда тұрып, тұрмысқа қажетті көптеген тәжірибе жинақтағанын түсіне бастайсың.

Тәрбие туралы мұндай еркін ойлар қайдан келеді? Бірінші ханым былай дейді: «Мен балаларыма ешқашан өз пікірімді таңбаймын. Мен олардың жеке пікіріне әрқашан құрметпен қарап, әрдайым таңдау құқын олардың өздеріне қалдыруға тырысамын».

Сырт келбеті де өте тамаша келген Мехрибан Әлиеваның дәл осы сөзі үшін-ақ тек Әзірбайжанның өзіндегі ғана емес, бүкіл постсоветтік елдердегі ерлер мен әйелдер оған қызыға да, қызғана қарайтыны сөзсіз.

Асығып-үсігіп оқыған кезде мұндай сөздерге мән берместен оппозицияның дауысы ма деп те ойлап қаласың. Әлде бұл еліктеуге
Мехрибан Әлиева. Қазан, 2009 жыл.
арналған мемлекеттік үлгі ме? Ал енді түсініп көр... Әзірбайжандағы тәуелсіз журналистердің түрмеде өлуі, оппозициялық партиялардың кеңселерін талқандау әдеттегі іс болса, демек, сөз бостандығы тек бас отбасының шеңберінде ғана шектеліп қалғаны ғой.

Осыншама әдемі суреттер мен әсем ойлар шынымен де шетелдік журналдың ойлап тапқаны емес пе? Барлығының тым жоғары тұрғаны соншалық, тіпті кей кездері мүмкін болар шектен де асып кеткендей.

Фотосуреттердің бірінде Мехрибан Әлиева Диордың көйлегін киіп, беліне әдемі белбеу тағып түскен. Кейбір хабарларға қарағанда бұл белбеу Әзірбайжанның Мемлекеттік мұражайынан алынған деседі. Бірақ бұл жоғарыдағылар үшін қалыпты жағдайлар. Барлығы да ашық, елдің көз алдында. Бірінші ханымның айналасындағы оқиғалардың желісі осындай.

БАР БОЛҒАНЫ ӘЙЕЛІ ҒАНА

Мишель Обама мен Светлана Медведева Академиялық музыка театрындағы концертте. Мәскеу, 7 сәуір 2009 жыл.
Бірінші ханымның дербестігі мен ашықтығын алғаш рет «қайта құру мен жариялылықтың» бастапқы кезеңінде Раиса және Михаил Горбачевтер көрсетті.

Постсоветтік мемлекеттердегі кейінгі билеушілерде бірінші ханымның рөлі аздап төмендетілді (Әзірбайжанды есепке алмағанда).

Борис Ельциннің әйелі көпшілік үшін тек президенттің әйелі ғана болып қалды.

Владимира Путиннің әйелі Людмила Путина. Санкт-Петербург, 17 шілде 2006 жыл.
Путиннің жұбайы да алғашында жарқ етіп көрінгендей болған, бірақ көп ұзамай назарға ілінбей кетті. Дмитрий Медведевтің әйелінің рөлі де барынша төмендетілген. Бір қарасаң бар сияқты, бірақ оны көрсету міндетті еместей.

Майрам Ақаева, керісінше, көпшілікке ақыл айтқанды ұнататын. Ол үлкен-үлкен кітаптар шығарып, қырғыздың жұмсақ мінезділеу президенті Ақаевтың қасында кәдімгідей ерекшеленіп көрінетін. Содан кейін парламентке ұлы мен қызын алып келді. Бірақ қырғыз халқы мұндай еркелікті көтергісі келмей, 2005 жылдың көктемінде бүкіл Ақаевтарды елден қуып жіберді.

Аймақтың өзге елдерінде бірінші ханым мәселесі қарапайымдау. Мұндай мемлекеттік институт әлі орнығып үлгермеді. Яғни, Әзірбайжанның бірінші ханымына тең келер ешкімнің жоқтығы анық.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БІРІНШІ ХАНЫМЫ ТУРАЛЫ СЫБЫСТАР

Қазақстанда бірінші ханым туралы жергілікті ертегі детективке айналып кетті. Оған қатысты толып жатқан сыбыстар мен шиеленістер, президент Назарбаевтың сыртынан айтылатын сыпсың өсектер бар.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның әйелі Сара. 1992 жыл.
Ел есептен жаңылды. Президенттің сүйіктілері қанша, ал шын жұбайлары қанша? Ол кіммен некеде тұр, ал кіммен некесіз байланыста? Бүгінде нақсүйерлерінің қайсысы заңды, қайсысы шынайы бірінші ханым. Бір сөзбен айтқанда, бұл тақырып Астана сарайының құпиясына айналған.

Оқта-текте Ақорданың ермектері интернет арқылы жария боп жатады. Адамға тән қасиеттің барлығы онда да бар деген сияқты. Телефон арқылы сыбырласу, бір ауыз сөзбен түсінісу. Өйткені, бәрі де қорқады. Мүмкін әлдебіреу тыңшылық жасап, құпия жиындарды дискілерге жазып жатқан болар. Дәл осы құпия, сарапшының қолынан өтпеген таспалар да күдік тудырады.

Бірінші ханымның белгісі жаңа сипатқа ие болуда. Жоғары технологиялар дәуіріндегі партизандық. Жо-жоқ, бұл жерде әңгіме Мехрибан Әлиева туралы емес. Бакуде мүлдем басқа жағдай.

Ұлы орыс жазушысының белгілі сөзін сәл өзгертіңкіреп айтсақ: адамның барлық дүниесі тамаша болуы керек. Заңды түрде де, шынайы түрде де.

(Мақалада журналист Александр Народецкийдің жеке көзқарасы білдірілген, ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).
XS
SM
MD
LG