Accessibility links

Полиция Ералиев округіндегі бірнеше ауылды күзетіп тұр


Жолдасбай Ералиев ауылдық округі аумағында тәртіп сақтауға жұмылдырылған полиция және төтенше жағдай қызметкерлері. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 2 тамыз 2016 жыл.
Жолдасбай Ералиев ауылдық округі аумағында тәртіп сақтауға жұмылдырылған полиция және төтенше жағдай қызметкерлері. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 2 тамыз 2016 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Ералиев ауылдық округіндегі қоғамдық тәртіпті бақылауға барған ішкі әскер саны мың жарым сарбазға жетті. Ауылдық округтегі этникалық тәжіктер шоғырланған елді мекендерді күзетке алынған. Азаттық тілшісі жеті жастағы қыз балаға қарсы «жыныстық әрекеттер жасады» деген күдікті жасөспірімнің үйіне барды және кішкентай қыздың әке-шешесімен тілдесті.

Азаттық тілшісі Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Ералиев ауылдық округінің Сейфуллин ауылына тамыздың 2-сі барғанда мұндағы ішкі істер сарбаздарының шамадан тыс көп екенін, әр 200 метр сайын топтасып тұрған солдаттарды көрді. Күннің ыстығына шыдамаған кейбір солдаттар ауыл үйлерінің аулаларына кіріп, сәкілерде демалып отырды.

Ералиев ауылдық округі аумағында тәртіп сақтауға жұмылдырылған полиция қызметкерлері. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 2 тамыз 2016 жыл.
Ералиев ауылдық округі аумағында тәртіп сақтауға жұмылдырылған полиция қызметкерлері. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы, 2 тамыз 2016 жыл.

Полиция мен арнайы жасақ жұмысын үйлестіретін штаб мектепке орналасқан. Мектепке кірген Азаттық тілшісі үш штаб құрылғанын, олардың есіктерінен аудан әкімдігі, ұлттық қауіпсіздік қызметі, прокуратура өкілдері екенін байқаған. Қауіпсіздік және полиция қызметкерлері журналиске ақпарат беруге құлықсыз.

Азаттық тілшісінің айтуынша, БТР, БМП сияқты ауыр әскери техника көрінбейді, тек әскер әкелген КаМАЗ көліктері жиі ұшырасады. Сарбаздар қолында қару жоқ. Автомат асынып, каска, беренді желет киіп, қалқан ұстаған арнайы жасақ көзге ілінгенімен, олардың саны қарусыз сарбаздар жанында әлдеқайда аз. Көшелерден бірнеше арнайы телекоммуникациялық байланыс көліктері көзге шалынады. Ауыл адамдарын қатты шектеу байқалмайды, олар сарбаздар арасымен күнделікті тірлік қамымен еркін қозғалып жүр. Бұл ауылда өртенген үйлер жоқ.

Сейфуллин ауылындағы орта мектеп. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Ералиев ауылдық округі, 2 тамыз 2016 жыл.
Сейфуллин ауылындағы орта мектеп. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Ералиев ауылдық округі, 2 тамыз 2016 жыл.

Азаттық тілшісі әуелі жәбірленуші ретінде арыз түсірген кішкентай қыздың туыстарына жолықты. Олар қыздың әкесі Махамбет Ізтілеуовтің «экспертиза қорытындысын әкелуге ауданға кеткенін» айтып, сол кісімен сөйлескен дұрыс болатынын ескертті.

«ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫС ЕМЕС»

Полиция өкілдерінен ешқандай ақпарат ала алмаған Азаттық тілшісі ауылға келген Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі орынбасары Ұласбек Сәдібековпен жолықты. Ол кішкентай қызға жасалған экспертиза туралы бұрынғы айтқанын қайталап, ауылдық округте болған оқиғаны «бұзақылық» деп бағалайтынын мәлімдеді:

- Экспертиза келді, одан анық көрінді - ешқандай зорлау фактісі болмаған. Күдікті жігіттің туыстары мен қыздың әкесі өзара келісімге келіп, қол алысты. Күдікті қазір қамауға алынды. Бұл жерде ұлтаралық қақтығыс жоқ. Бұған қазақ-тәжік арасындағы оқиға емес, бұзақылық деп қана қарау керек,- деді Ұласбек Сәдібеков.

Әкім орынбасарының мәліметтеріне қарағанда, жеті жасар қызға қарсы жыныстық сипаттағы әрекеттер деп аталған оқиға «шілденің 28-і күні кешке қарай болған». Сол күні ауыл тыныш болған, бұзақылық жасаған топ (тұрғындар олардың санын 50-60, кейбірі 100-150 адам дейді – авт.) шілденің 30-ы күні түнде келген. Олар ауыл көшелерінде жүрген бес-алты этникалық тәжікті ұрып кеткен. Жәбірленушілер ауруханаға түскен.

Мақтарал аудандық ауруханасының бас дəрігерінің орынбасары Бекмұхан Амангелдиев. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Киров кенті, 3 тамыз 2016 жыл.
Мақтарал аудандық ауруханасының бас дəрігерінің орынбасары Бекмұхан Амангелдиев. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Киров кенті, 3 тамыз 2016 жыл.

Бірнеше адамның ауруханаға түскенін Азаттық тілшісіне өзі де соққыға жығылып, Киров кентіндегі сол ауруханаға жатып шыққан Ералиев ауылдық округі тұрғыны Урозбай Данияров растады. Ал аурухананың бас дəрігерінің орынбасары Бекмұхан Амангелдиев "үш этникалық тəжіктің ауруханаға түскенін, екеуіне амбулаториялық ем тағайындалғанын, қазір ауруханада олардың біреуі жатқанын" айтады. Оның сөзіне қарағанда, "ауруханада жатқан адамның жағдайы қалыпты".

Ұласбек Сәдібековтің сөзіне қарағанда, мұнан соң аудан мен облыс полициясына хабар түсіп, ауылға полиция қызметкерлері келген. Облыс әкімдігі өкілдері ауылда жиын өткізіп, жұртты тыныштандыруға тырысқан. Алайда шілденің 31-і тағы бір топ жігіт ауылға кірмекші болған. Оларды тоқтатқан полиция өкілдеріне жастар «Қылмыскерді қолымызға беріңдер. Өзіміз жазаға тартамыз» деген. Полиция өкілдері оларға бұл сөздерінің заңсыз екенін түсіндіріп, тарамаса, шара қолданатындарын ескерткен. Тамыздың 1-і түнде жастар тағы жиналған, оларды полиция қайтарған. Тамыздың 2-сіне ауған түні жастардың көршілес Дихан ауылында екі үй мен бірнеше көлікті өртеп кеткенін Азаттық бұған дейін жазған еді.

Оқи отырыңыз: Этникалық тәжіктер үкіметтен өздерін қорғауды сұрайды

Ұласбек Сәдібеков Азаттық тілшісіне апта басынан бері 35 адамның ұсталғанын, бірақ олардың көбінің ескерту беріліп, босатылғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, тәртіпсіздіктерге себепкер болды деген бірнеше күдіктіні полиция қамауда алып қалған. Бірақ қамауда қалғандар санын шенеунік айтпады. Әзірге оларға қандай айыптар тағылып жатқаны, аты-жөндері белгісіз.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков. Сурет облыс әкімдігінің ресми сайтынан алынды.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков. Сурет облыс әкімдігінің ресми сайтынан алынды.

Тамыздың 2-сі күні ауыл мектебінде жиын өткізген Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Бейбіт Атамқұлов та, оның орынбасары Ұласбек Сәдібеков те бұл оқиғаны «бұзақылық» деп бағалайтындарын, бұл жерде ұлтаралық қақтығыс жоқ екенін мәлімдеген. Облыс басшылары жұртқа «бұған қазақ-тәжік арасындағы оқиға емес, тек бұзақылық деп қана қарау керек» деп түсіндірген.

ҚЫЗДЫҢ ТУЫСТАРЫНЫҢ СӨЗІ

Азаттық тілшісі түстен кейін, сағат төрт-бестер шамасында кішкентай қызы зорланғаны туралы күдігін білдіріп, аудан полициясына шағым түсірген Махамбет Ізтілеуовтің үйіне келгенін байқады.

Ол өзінің экспертиза қорытындысын алуға Жетісайға барғанын, бірақ оның нәтижесі жазылған құжатты ашып оқымағанын айтты.

- Экспертиза қорытындысын көргенім жоқ, ол мөр басылып тұрған құжат, оны әлі ашқан жоқ, - дейді ол.

Мектепте орналасқан штаб техникалары. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Ералиев ауылдық округі Сейфуллин ауылы, 2 тамыз 2016 жыл.
Мектепте орналасқан штаб техникалары. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Ералиев ауылдық округі Сейфуллин ауылы, 2 тамыз 2016 жыл.

Бірақ әкімдік қызметкерлерінің бірі экспертиза қорытындысының облыс әкімі орынбасары Ұласбек Сәдібеков айтқан мәліметтің мөр басылған, қағазқа түскен нұсқасы ғана екенін айтады. Ал қыздың шешесі (аты-жөнін айтпады – ред.) қызына аудан орталығы Жетісай қаласында жасалған анатомиялық тескеруге қатысқанын, онда зорлық-зомбылық іздері анықталмағанын мәлімдеді.

«Ешкімге артық арызым жоқ. Қылмыскер заңға сәйкес жазасын алуы тиіс» деген Махамбет Ізтілеуов:

- Мұндай оқиға болады деп ойлаған жоқпыз. Қайдан шыққанын, кім ұйымдастырғанын да білмеймін. Дәл осындай оқиға болсын деп тілейтін де адам емеспін. Заңмен шешсе болғаны, маған басқа ештеме керек емес, - деді.

Мұндай оқиға болады деп ойлаған жоқпыз. Қайдан шыққанын, кім ұйымдастырғанын да білмеймін. Дәл осындай оқиға болсын деп тілейтін де адам емеспін. Заңмен шешсе болғаны, маған басқа ештеме керек емес.

Ал Махамбет Ізтілеуовтің туысы (немере ағайыны) Түймебай Жүсіпбеков жеті жасар қыздың қазір үйінде екенін айтты.

- Шошынып қалғаны немесе денесіне зақым келгені байқалмайды. Жағдайы бұрын қалай болса, қазір де сондай, - деді.

«​ҮЙДЕ ЕШКІМ ЖОҚ»​

Азаттық тілшісі үш-төрт үйден кейін ғана тұрған күдікке ілінген жасөспірімнің үйіне барды. Үйдің жанында полиция сарбаздары шоғырланып тұрды. Бірақ олар Азаттық тілшісіне үйге кіруге кедергі жасамады. Алайда тілші аулаға кіргенде алдынан әйел адам шығып, «ешкім жоқ екенін, бұл үйде тұратын адамдардың бәрі кетіп қалғанын» айтты.

Азаттық тілшісі ауыл тұрғындарынан сұрастырған кезде олардың дені «баланың әке-шешесінің де, туыстарының да басқа жаққа кетіп қалғанын» растады. Тілші тілдескен кейбір тұрғындар ауылда қылмыстық оқиғалар болып тұратынын айтып, бірақ көбінің ың-шыңсыз жабылып қалатынына, кінәлілердің тиісті жазасын алмайтынына шағымданды. Тұрғындардың кейбірі «наразылық оянып кетуінің бір себебін осыдан көретіндерін» айтты. Тұрғындардың бұл шағымын жеті жасар қыздың туысы Түймебай Жүсіпбеков қостайды.

Сейфуллин ауылындағы төтенше жағдайлар қызметкерлері көлігінің арасымен өтіп бара жатқан тұрғындар. 2 тамыз 2016 жыл.
Сейфуллин ауылындағы төтенше жағдайлар қызметкерлері көлігінің арасымен өтіп бара жатқан тұрғындар. 2 тамыз 2016 жыл.

Ал аты-жөнін атамаған этникалық тәжік азаматы «Күтпеген жағдай болды. Бұрыннан тату-тәтті тұрамыз. «Тәжік», «қазақ» деп ешкім бөлмейтін. Мұның тезірек басылғанын қалаймыз. Біздің кінәміз қанша, қылмыс жасаған біз емес, жазығы жоқ адамдарды неге ұрады, неге олардың үйлерін өртейді? Қылмыс жасаған адамды қалай жазаласа да мейлі, тек қылмысқа қатысы жоқ жазықсыз адамдарға тиіспесе болғаны» деген пікір білдірді. Ол ауыл тұрғындарының көбі апта басынан бері «бала-шағаларын егістікке, басқа жақтағы туыстарының үйіне жасырғандарын» айтты.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Тәжік мәдениеті орталығы төрағасы Акабай Худайкулов «Сейфуллин ауылындағы жағдай екі отбасының арасындағы дау-дамай» дейді.

- Оқиғаны (Сейфуллин ауылындағы жағдайды айтады – ред.) бұлай өршітуге мүдделі адамдар болуы мүмкін. Ел тыныштығын бұзуға бұл оқиға сылтау болды. Мақтаралдағы тәжік азаматтары тыныштық тілеп отыр. Мемлекет құзыры бар, барлығы заң шеңберінде шешілуі керек. Қазір тыныштық орнай бастады. Бірақ уайым бар, - деді Худайкулов.

Ералиев ауылдық округінде 14 елді мекен бар, онда 14 мың 73 адам тұрады. Сейфуллин ауылының 1900 тұрғыны бар. Ауыл халқының 70 пайыздайы - этникалық тәжіктер. Мұндағы жұрт негізінен көкөніс өсірумен шұғылданады.

Мақаланы әзірлеуге Дилара Иса қатысты.

XS
SM
MD
LG