Accessibility links

Бюджетті «әдемі» нөмірлерден түскен ақшамен толтырмақ


Алматы тұрғыны Ілімжан Көлбеков. 16 қаңтар 2014 жыл.
Алматы тұрғыны Ілімжан Көлбеков. 16 қаңтар 2014 жыл.

Жуырда автокөліктердің «әдемі» нөмірлерінің ресми бағасы жарияланды. Билік «әдемі нөмірлерді сату арқылы жемқорлықты тыямыз» дейді. Ал автокөлік иелерінің пікірі басқа.

Қазақстанда жаңа үлгідегі автокөлік нөмірлерін 2012 жылдан бастап беріле бастады. Бірақ сұранысқа ие нөмірлерді әлі іркіп отырған билік оларды қымбатқа сатпақ. Қазір сенат тиісті заң жобасын талқылап жатыр.

«МАҚТАН» ҮШІН ПАРА БЕРУ

Қазақстанда өмірдің мәні мен сәнін түрлі «мақтаннан» іздеп, лайықты көліктің лайықты нөмірі болуы тиіс дейтін жандар бұрыннан бар. Автокөліктің әдемі мемлекеттік нөмір белгілерін астыртын саудалау - көлеңкелі нарықтың бір бөлігі. Алматының 66 жастағы тұрғыны, Hyundai маркалы автокөлік иесі Ілімжан Көлбековтің айтуынша, ол «KZ 848 FZA 02» деген «айналы» нөмірді кездейсоқ әрі тегін алған.

– Осы нөмірді алам деп жүгірген жоқпын. Алматыдағы МАИ қай нөмірді берді, соны алдым, – дейді жеке көлігімен жолаушы тасымалдайтын зейнеткер Азаттық тілшісіне.

Ілімжан Көлбеков шеткі екі цифры бірдей болғандықтан, көлігінің нөмірі «айналы» деп аталатын «әдемі» нөмір екенін талай адамнан естігенін айтады. Бірақ зейнеткердің өзі автокөлік нөмірлеріне мән бермейді. «Мен үшін ең бастысы – өзімнің денсаулығым мен көлігімнің «денсаулығы» сыр бермей, үйге тиын-тебен, немерелеріме кейде сыйлық апаруға жараса болғаны» дейді ол.

​Ал «Мерседес» маркалы көліктің 32 жастағы иесі, әлі үйленбеген Әділ Рахимов басқаша ойлайды. Оның автокөлігінде «181» деген ескі нөмір жүр. Ол көлігінің нөміріндегі соңғы екі цифрды туған жылына (1981) сәйкестендіріп, «қолға 200 доллар ұстатып алдым» дейді.

Алматыдағы "әдемі" нөмірдің бірі. 16 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы "әдемі" нөмірдің бірі. 16 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
​Әділ Рахимов ескі нөмірді жаңасына ауыстырған кезде де осы «181» нөмірін сақтап қалмақ. Реті келсе, 200 доллар беріп, аты-жөніндегі ARA әріптерінен тұратын «айналы» нөмір алғысы келеді.

– «Айналы» цифрлар мен «айналы» әріптер әдемі көрінеді, – дейді көлік иесі.

Бірақ Әділ Рахимов «әдемі» нөмірді жақсы көргенімен, оны қыруар ақшаға сатып алатын ойы жоқ.

Нөмірі ескі әрі қарапайым тағы бір «Мерседестің» иесі, 29 жастағы Мерхан Азаттық тілшісіне «Әдемі нөмір сатып алғым келеді, бірақ оған әзірше шамам келмейді» дейді.

Қазір оны «әдемі» нөмірден бұрын, айыппұл проблемасы қинап жүр екен. Көлігі 40 мың теңге (240 доллар шамасында) айыппұл «қарыз» екенін Мерхан оны сатып алған соң бір-ақ білген. Енді «Мерседесті» сатқан жігітті таба алмай жүр. Кейін өзі де 80 мың теңге (540 долларға жуық) айыппұлға ұрынып қалған.

Алматыда Азаттық тілшісі «әдемі» нөмірі бар бірнеше автокөлікті бірер сағат ішінде тауып алды. Оның ішінде «777» деген «бақытты» нөмір мен «001» деген «дөкей» нөмір де бар. Бірақ олар – ескі үлгідегі нөмірлер. Ал жаңа үлгідегі нөмірлер 2012 жылы енгізіле бастағанымен, жұрттың сұранысына ие нөмірлер әлі сатуға түскен жоқ.

Бірақ жаңа үлгідегі автокөліктер арасынан нөмірі «080 және 13» деген цифрлары бар нөмірі бар «Ауди» көзге шалынды. Рульде жас жігіт отыр.

– Әдемі нөмір екен. Цифрлары да, әріптері де «айналы» екен. Оның үстіне, 13 – Шымкенттің коды әрі «чертова дюжина» деген магиялық сан. Керемет! – деп тамсанды Әділ Рахимов.

НӨМІРДІҢ БАҒАСЫ

Енді мемлекет сұранысқа сай бағасын да аспандатып, автонөмірлерді сатып, пайдасын көруді ұйғарды. Оларды заңды жолмен қымбатқа сатудың әдісі де әзірленіп жатыр. Ішкі істер министрлігі (ІІМ) әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеханың сөзіне сілтеме жасаған Tengrinews агенттігінің хабарлауынша, енді 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444 деген мемлекеттік тіркеу нөмірлері 253 мың 724 теңге (шамамен 1 мың 640 доллар) болмақ. 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999 нөмірлерінің бағасы да осы шамада белгіленген. Ал сұранысқа ие 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 нөмірлерінің бағасы 422 мың 256 теңге (2 мың 720 долларға жуық) болады.

ІІМ «мұндай нөмірлерді қымбатқа сатсақ, жемқорлықты жойып, ел бюджетін толтыруға көмектеседі» дейді.

Алматыдағы көліктер. 4 желтоқсан 2013 жыл.
Алматыдағы көліктер. 4 желтоқсан 2013 жыл.
Сұранысқа ие нөмірлер 2014 жылдың қаңтарынан бастап сатыла бастауы мүмкін деген хабардың тарағанына біраз болды. Бірақ нөмір сатуға қатысты түзетулер қарастырылған «Қазақстанның кейбір заң актілеріне жол қозғалысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын парламент әлі қабылдаған жоқ. Ол қазір сенат талқылауында.

«Айналы» нөмір алғысы келетін Әділ Рахимовтың айтуынша, әдемі нөмірді әркім өзінше түсінеді. Кейбір жүргізушілер көліктің нөмірі қозғалтқыштың көлеміне сай болуы тиіс деп есептейді. Мысалы, көлемі үш литрден жоғары қозғалтқышы бар көлік иесі «300» немесе «333» нөмірін алғысы келуі мүмкін. Ал өзін мүлде «дөкей» санайтын жан «001» нөміріне ұмтылады.

Жаңа үлгідегі нөмірлер енгізілгенімен, мемлекеттік жоғарғы лауазым иелері көліктерінің нөмірлері өзгермейді. Қазақстан президенті автомобилінің нөмірі бұрынғыша – «01 KZ», ал премьер-министр, мәжіліс спикері, сенат спикері және мемлекеттік хатшы автомобильдерінің нөмірлері «02 KZ», «03 KZ», «04 KZ» болып қалады.

Жүргізуші Әділ Рахимовтың пайымдауынша, «дөкей» нөмірлерді заңды жолмен сату астыртын нарықтағы жемқорлықты тыймайды. Ол ойындағы «айналы» нөмірді сатып алу үшін 200 долларын әзірлеп те қойыпты. Бірақ ол кезде «баға» бұдан да қымбаттап кетуі мүмкін.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG