Accessibility links

Әкімдігі «қымыз цехына» айналған ауыл


Семей-Қайнар күрежолы бойындағы Саржал ауылына кіреберістегі белгі. Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз, 2015 жыл.
Семей-Қайнар күрежолы бойындағы Саржал ауылына кіреберістегі белгі. Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз, 2015 жыл.

Семей полигоны жанындағы Саржал ауылы тұрғындары полигон тоқтағаннан кейін жылқы өсіріп, қымыз өндіруді кәсіпке айналдырған.

Cаржал тұрғыны оралман Қапар Бөден 1992 жылы Моңғолиядан көшіп келген. Биыл 18 мың теңге зейнетақымен еңбек демалысына шыққан ол бие сауып, сүтін сатады.

- Саржалда қазір жылқыдан түсім бар. Кезінде сиырдан түсім көп болатын. Қазір олай болмай қалды,- деген Қапар жазда сауатын жылқысын қыста табынға қосатынын айтады.

САУМАЛ САУДАСЫ

Қапар Бөден жазда үш ай бие сауады. Ол Қаражыра көмір кенінде вахталық тәсілмен істейтін ұлы үйде болған уақытта ғана қымыз ашытады екен. Қалған уақытта биенің сүтін саумал күйінде сатады.

Гүлбаршын Смағұл биені құлынын емізбей сауады. Саржал ауылы, Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз, 2015 жыл.
Гүлбаршын Смағұл биені құлынын емізбей сауады. Саржал ауылы, Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз, 2015 жыл.

Қапардың жұбайы Гүлбаршын Смағұл қолындағы биелерден күніне 25 литрге дейін сүт алады екен. Ол саумалды көршісі Салтанат Балтабекке сатады. Салтанат Балтабек Азаттық тілшісіне саумалды сатып алып, өздері қымыз дайындайтынын айтты.

- Өзімізде жылқы болса да, денсаулығыма байланысты оны сауа алмаймыз. Бізге саумал сатып алған тиімдірек. Оны қымызға айналдырып, ашытқан соң бір бөлігін өзіміз ішеміз де бір бөлігін сату үшін Семей қаласында тұратын балаларымызға жібереміз,- дейді Салтанат. Айтуынша, саумалды ашытып қымызға айналдыру «керемет табыс» әкеле қоймаса да, күнкөріске сеп.

Салтанат бертінге дейін дәрігерге қаралып жүргенін, соңғы жылдары оны доғарғанын жеткізді. Өйткені емдеу мекемелерінің қабылдау шарттары ауыл тұрғындарына ауыр тие бастаған. Салтанаттың күйеуі Болатбек Балтабектің айтуынша, арнайы орталықтарға қаралу үшін 20 күндей бұрын кезек алу керек. «Сонда да кіре алсаң жақсы» дейді ол.

ҚЫМЫЗ-БИЗНЕС

Саржал ауылының тағы бір тұрғыны Меруерт Төлеуғазықызы жылқы сүтін саумал күйінде сатпайды. Ол биені де өзі сауып, қымызды да өзі ашытады. Меруерт өзінің күніне 13 биеден шамамен 40 литр қымыз өндіретінін айтады.

- 13 бие жаздың басында күніне шамамен 50-60 литр сүт беретін. Қазір күн салқындап келеді ғой, сондықтан 30-40 литрдей қымыз береді. Қымыздың бір бөлігін сатып, бір бөлігін өзіміз ішеміз. Күніне алты рет сауамыз, - дейді Меруерт Төлеуғазықызы.

Саржал ауылының тұрғыны Жәнібек Оралғазы (оң жақта) құлынын емізіп, бие сауғалы тұр. Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз 2015 жыл.
Саржал ауылының тұрғыны Жәнібек Оралғазы (оң жақта) құлынын емізіп, бие сауғалы тұр. Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз 2015 жыл.

Саржал ауылында бие сауып, қымыз ашыту отбасылық бизнеске айналған. Ауылда ата-аналары дайындаған қымызды балалары қалалы жерге апарып сатады және тапсырыс қабылдайды. Ауылда қымыз ашытатындар негізінен орта жастағы отбасылар екені байқалады.

Жас отбасылардың ішінде жылқы ұстап, бие саумаса да, тек саумалды сатып алып қымызға айналдыруды кәсіп еткендер бар. Сонымен бірге ауылдағы бие байлау, сауу шаруасынан бастап сатуға дейін қолғабыс ететін жастар да кездеседі.

21 жастағы Жәнібек Оралғазыұлы – сондай жастардың бірі.

- Сегіз биені сауып, сүтін қымызға айналдырамыз. Биелерді таңертең ерте өрістен алып келіп байлаймыз да кешке ағытамыз. Жаз бойы осылай жасаймыз. Күзде құлыны еркін ему үшін биелерді ағытып жібереміз,-дейді ол биені саууға кірісіп жатып.

ЭЛЕКТР-ПІСПЕК

Азаттық тілшісі Саржал тұрғыны Төлеуғазы Төлеахметұлы қарттың үйіне барғанда, қымыз пісетін қолдан жасалған құрылғы жұмыс істеп тұрды. Бұл электр-піспекті Төлеуғазы Төлахметұлы кір жуатын машинаның моторын пайдаланып, 1985 жылы жасапты. Электр-піспек күніне бір жарым сағат жұмыс істейді екен. Таңертең бір сағат, кешке жарты сағат қымыз осы электр-піспекпен пісіледі.

Төлеуғазының айтуынша, қымызды шайқағаннан гөрі піскен дұрыс болады. Ол электр-піспектің әр минутта 50 мәрте айналатынын айтты.

Электр-піспек видеосы:

Қолдан жасалған электр-піспек
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:11 0:00

​Электр-піспектің бұл ауылға таңсық емес екені байқалды. Ауылдағы қымыз цехында да үлкен бөшкелердегі қымызды пісу үшін электр-піспектер пайдаланылады. Төлеуғазы Төлахметұлының айтуынша, мұндай электр-піспекті бұл күндері Семей қаласындағы шеберлер де жасайтын болған.

ӘКІМДІК ҒИМАРАТЫНДАҒЫ «ҚЫМЫЗ ЦЕХЫ»

«Қымыз цехы» Саржалдағы ауылдық округ әкімдігі ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Онда күніне 300 литр қымыз дайындалады. Бөшкелерді ыстаудан басқа жұмыстың бәрі техниканың көмегімен жүзеге асады. Цехтың жұмысын бір-ақ адам басқарып, жүргізіп отыр.

"Қымыз цехы" әкімдік ғимаратының төменгі қабатына орналасқан. Оған ғимараттың арт жағынан кіреді. Саржал ауылы, Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз, 2015 жыл.
"Қымыз цехы" әкімдік ғимаратының төменгі қабатына орналасқан. Оған ғимараттың арт жағынан кіреді. Саржал ауылы, Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз, 2015 жыл.

Саржал ауылдық округінің әкімі Ұлан Ақылбековтің айтуынша, Саржалда 2100 халық тұрады. 385 үй бар. Ауылдық округ құрамында 74 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың барлығы дерлік мал шаруашылығымен айналысады.

- Совет уақытында Саржалдағы жылқы саны үш мың болған. Қазіргі жылқының саны жеті мыңды шамалайды,-дейді әкімдік маманы Секен Ыбырай.

Қазір Саржалға жақын бұрынғы сынақ алаңы маңында мал өсіріліп жатыр. Қысқа қажетті мал азығы осы төңіректе дайындалады.

Жылқы сүтін зерттеумен айналысатын алматылық ғалым Андия Серікбаева 1996 жылы Семей полигоны аймағындағы жылқы сүті мен етіндегі ауыр металдарды зерттеуді бастағанын, алайда жұмысы тоқтап қалғанын айтады.

"Қымыз цехындағы" қымыз құйылатын орын. Саржал ауылы, Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз, 2015 жыл.
"Қымыз цехындағы" қымыз құйылатын орын. Саржал ауылы, Шығыс Қазақстан облысы. 13 тамыз, 2015 жыл.

- Біз сол кезде жылқының сүтін алып зерттегенде құрылғымыз ескірген еді. Жаңа құрылғымен жұмыс істеу керек болды. Жаңа құрылғы қолымызда болмады. Сондықтан зерттеуді ары қарай жалғастыра алмадық,-дейді ғалым. Андия Серікбаеваның айтуынша, ол кейін де жылқы еті мен сүтінің экологиялық тазалығын зерттемек болып, үш рет жоба ұсынса да өтпей қалған.

Семей ядролық сынақ полигоны 1949 жылдың 29-тамызынан 1991 жылдың 29-тамызы аралығында жұмыс істеп, жабылды. Полигонда 400-ден астам жарылыс болды. Оның 116-сы әуеде жасалды. Саржал ауылына ең жақын ядролық сынақ 20 километрдей жерде болған.

Видео: Семей полигоны құрбандарына арналған "Саржал" күйі.

"Саржал" күйі
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:12 0:00

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG