Шахандағы жеке тұрғын үй қорына жататын 700-ден көп жеке тұрғын үй пешпен жылынады. Тұрғындар оларды «жекежай» деп атап кеткен. Қала типтес Шахан кентінде тұрғындар пәтерлерін шамасы жеткеніне қарай жылытатын көпқабатты 117 үй бар. Біреулер пәтерінің ішіне «буржуй» пеш салып алған, енді біреулері электр қуатын көп жағатын шағын электр қазандығын тапсырыс беріп орнатқан, көпқабатты үйлердің кейбірі үйдің жанына орнатылған модульды қазандықтан жылынады, ал бірнеше үй су жылытатын үлкен қазандықтарды тұрғындардың сөзінше, шарасыздықтан әрі өмірлерін қатерге тігіп көпқабатты үйлердің жертөлесіне қойдырған. Сондай қазандықтардың біреуі жарылғаннан кейін кей үйлердегі автономды жылу қазандықтары мен қазандық жабдықтарын демеушілердің қаржысы есебінен далаға шығарып орнатқан. Әлгі жарылыстан кейін шошып қалған тұрғындар талап ете бергеннен кейін билік Шаханда орталықтандырылған жылу қазандығын орнатуға тағы уәде еткен болатын.
ТҰРҒЫНДАР ТАЛАЙ ЖЫЛДАН БЕРІ АРПАЛЫСЫП КЕЛЕДІ
Шахан кентіндегі көпқабатты үйде тұратын 81 жастағы Нина Рекалоның пәтерін қолдан жасалған "буржуй" пешпен жылытып келе жатқанына 10 жылдан асқан. Орталықтандырылған жылу қазандығы құрылысының жобасын дайындап жатыр деген жаңалықты естігенде ол қуанып қалды. Енді зейнеткер пәтері орталықтандырылған қазандықтан жылынуы мүмкін болатын күнді аман-есен көруге жазатын шығар деп үміттенеді.
- Биыл қыста көзіме операция жасатқаннан кейін көмірді өзім таси алмай қалдым. Сондықтан адам жалдадым. Әлгі қазандықты қашан орнатады екен деп бәріміз күтіп жүрміз. Әрине, қуандық. Бірақ онша сеніңкіремейміз, өйткені ондай уәдені талай берген. Жұрт шулап, наразы бола бастаса уәде етеді,ал халық тыныштала қалса болды, үндемей қалады. Пәтер ішіне электр қазандық орнату қымбатқа түседі. Бірақ маған буржуй пеш жағып, көмір тасу да қиын. Бұған қоса, екінші көзіме де операция жасатуым керек, ол кезде ауыр тасып, еңкеюге мүлде болмайды. Қазандық мәселесін тезірек шешу керек, - дейді Нина Рекало Азаттыққа.
Тағы бір зейнеткер Полина Зерко буржуй пеш жағудан шаршап бірнеше жыл бұрын пәтеріне электр қазандық орнатқан. Бірақ зейнеткердің айтуынша, оны пайдалану тым қымбатқа түседі екен.
- Үйді жылытатын электр қазандықты пайдаланамын деп айына 14-16 мың теңгенің электр қуатын "жағып тастаймын". Қазандықты тек түнде ғана қосып үнемдегеннің өзінде осынша шығады. Егер орталық қазандық болса, әлдеқайда жақсы болар еді. Кенттегі халықтың көбі сияқты мұнша көп ақша төлеуіме тура келмес еді әрі әлдеқайда қауіпсіздеу болар еді, - дейді Полина Зерко.
Кенттегі қоғамдық кеңес мүшесі Светлана Ержұманова Азаттыққа "кентте орталық қазандық орнату қажет деген мәселені жиналыс сайын немесе шенеуніктермен әр кездесуде айтып жүрмін. Орталық қазандық салынса, жылу мен ыстық су мәселесі шешілер еді" дейді.
- Бізге үнемі оған ақша жоқ дейтін. Енді бұл жолы қалай болатынын,мына шаруаны аяғына дейін жеткізе ме, жоқ па - оны көреміз? – дейді Светлана Ержұманова.
Ертеректе кентте болған, бірақ 1990 жылдары жұмысы тоқтап қалған орталық қазандықтың құрылысы тез басталғанын қазандықтан жылынатын көпқабатты үйлердің тұрғындары да күтіп жүр.
ҚАЗАНДЫҚ ЖОБАСЫН ҚАЙТА ЖАСАП ЖАТЫР
Жергілікті билік Шахан кентінде орталық жылу қазандығын салу туралы қайта айта бастады. Кент әкімі Азаттыққа берген комментариінде қазандық құрылысының жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары биыл желтоқсанда бітуі тиіс екенін айтты.
Ал негізі, түзетулер ұсыныс, ескертулерді, ескеріп енгізіліп жатыр, нақты жобалау-сметалық құжаттары желтоқсанда дайын болып қалуы тиіс. Ал тендерде кім жеңгені, құрылысты кім жүргізетіні келер жылы жарияланады.
- Шахтинск қалалық құрылыс бөлімі қазандық құрылысының қазіргі жобалау-сметалық құжаттарына түзету енгізу үшін конкурс жариялады. Түзету енгізілсе бітті, құрылыс жүргізуге конкурс жариялайды. Ал ертеректе жасалған алдыңғы жоба аздап дұрыс емес екен, екі Шаханды жылытуға болатындай етіп жасалған. Ал негізі, түзетулер ұсыныс, ескертулерді, ескеріп енгізіліп жатыр, нақты жобалау-сметалық құжаттары желтоқсанда дайын болып қалуы тиіс. Ал тендерде кім жеңгені, құрылысты кім жүргізетіні келер жылы жарияланады, - дейді Шахан кенті әкімі Ғалым Өмірбеков Азаттық тілшісіне.
Ертеректе билік қазандық салуға үш миллиард теңгеге жуық ақша қажет деген болатын. Ақша бюджеттен бөлінетін болады. Әзірше әлгі жобаны әзірлеп, нақтырақ айтқанда, қайта жасап біткенше «қауіпсіздеу болады» деген уәжбен қазандықтар мен қазандық жабдықтарын үйлердің жертөлелерінен далаға шығаруды ұйғарған. Кент әкімінің сөзінше, қазір Шаханда 10 автономдық жылу жүйесін далаға шығарып орнатқан. Әлгі 10 қазандық 14 үйді жылытатын болады, яғни кей тұстарда бір қазандық екі үйді жылытуы тиіс.
- Мұның бәрі апаттан зардап шеккендерге көмек қорына түскен демеушілер ақшасына жасалды. Енді бес үйді жылытып тұрған тағы төрт қазандықты далаға шығару қалды. Мұндай автономдық қазандықтардың құны әр түрлі, егер бір үйге есептелген болса бес миллион теңгедей болады, ал бір қазандық екі үйге есептелсешамамен тоғыз миллион теңге болады, - дейді Шахан әкімі Ғалым Өмірбеков.
Ал Шахандағы төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге арналған көмек қоры демеушілер бөлген ақшаның қайда жұмсалғаны жайлы Азаттыққа есеп берді. Қыркүйектің 1-індегі есеп бойынша, қордың есеп-шотына 203 миллион 851 мың теңге түскен. Қазір одан жеті миллион сегіз мың 214 теңге қалған. Түскен ақшаның көп бөлігі зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төлеуге және өзге мұқтаждықтарын өтеуге жұмсалған. Бір подъезі құлаған 4-үйді жылытатын модульды қазандық та зардап шеккендерге арналған көмек қоры есебінен орнатылған.
Шахандағы қайғылы апаттан кейін билік алты адамды қылмыстық жауапқа тартқан болатын. Қылмыстық істердің бірі бойынша "ауыр зардаптарға соқтырған қызметтегі салақтығы" үшін биыл тамызда Шахан әкімдігінің бес шенеунігінің әрқайсысына екі жарым жылдан шартты жаза кесілген. Тағы бір іс бойынша сотқа тартылған "үй басқарушысы" рөлін атқарған және жарылған әлгі қазандықты ауыстыруға көмектескен жергілікті тұрғын, 59 жастағы шахтер төрт жыл шартты жазаға кесілді. Сот оны " тұтынушылардың өмірі мен қауіпсіздігі талаптарын ескермей атқарып, қызмет көрсеткен, соның салдарынан адам денсаулығына зиян келтіруге және ажалға себепкер болған" деп таныды.
Буржуй пешінің қаупі (2017 жылы қаңтардың 21-і жарияланған орыс тіліндегі видео):
Ертеректе Қарағанды облысы билігі аймақтағы автономдық қазандық орнатылған көпқабатты үйлердің бәрін тексеріп шықты деп хабарланған. Тексеру автономдық жылу жүйесі арқылы жылынатын 680-нен астам тұрғын үй мен мемлекеттік мекеме барын анықтаған.