Мектептен бірге қайтқан сыныптастар бәріміз ә дегеннен тани кеттік. “Мәдениет және тұрмыс”, “Қазақстан әйелдері” сияқты журналдар мұқабасында талай рет жарық көрген таныс бейне...
Үйге жетісімен, ауылға 2 күннен кейін концерттің келетіндігін айтып үлгердім. Нағашы әжем бірден қызығушылық танытып жатты.
Менің нағашы әжем Тұрайым Таубалдықызы өнер адамдары десе ішкен асын жерге қоятын кісі еді. “Ауылға әртіс кепті” дегенді естіді бітті бірден ауыл кеңсесіне қарай құстай ұшып, үйге солардың бірін қонақ етпекке ертіп келетін.
“Ән айтса да жанын жеп айтады ғой, байғұстар” дей жүріп, қолынан келгенінше әлгі қонақтарының бабын жасаушы еді. Бұл жолы да көп бөгелместен совхоз кеңсесіне жүгірген әжем:“Әртістердің бірін біздің үйге түсіретін болды” деп артынша мәз боп келді. Дәл кім екенін айтпапты.
Әртістердің бірін біздің үйге түсіретін болды” деп артынша мәз боп келді...
Содан арада екі күн өткенде, есігіміздің алдына әртістер мінген дәу аутобус тоқтап, ішінен басына шәлі салған бір апай түсіп жатты.
Ол кездері ауылдық жерлерде 5-6 бөлмелі шатырлы үйлердің әлі көбейе қоймаған кезі еді. Үш бөлмелі шағын үйдің төргі үлкен бөлмесі кішкентай қос құлыншағымен бірге аға-жеңгеме тиесілі болатын. Содан кейінгі үлкен бөлме әрі қонақ күтетін, әрі ата-әжеммен бірге демалатын, менің сабақ әзірлейтін ортақ мекеніміз еді. Тағы бір шағын бөлме ас әзірлейтін, тамақ ішетін, қажет кезде ұйықтайтын орынға айнала салатын әмбебап тұрақ болатын. Дереу аға-жеңгем қос сәбиімен сол әмбебап бөлмеге көшіп, төргі ең құрметті бөлмені әлгі шәлі жамылған апайға босатып берісті.
Қысқа сәлемдескеніміз болмаса, келген кісінің кім екенін әзірге біле алмай далмыз. Лезде ортаңғы қонақ бөлмеге дастарқан әзірлеу ісіне кірісіп кеттік. Бір кезде Ырысты жеңгем сәл аңырып тұрып қалып:
-Айтпақшы, бұл кісі де бізбен бірге дастарқанға отырғысы келмейтін шығар?-деп нағашы әжеме қайрылды. Көздерінен: “Қонақты шақырған сіз ғой, жай-жапсарын да сіз сұрасаңызшы” деген нағашы әжеме қаратыла айтылған сауал-өтініші байқалып тұрды. Бұлайша аңыруымыздың өзіндік себебі бар еді...
БАБЫ ҚИЫН ӘРТІСТЕР ДЕ КЕЛЕТІН
Осыдан біраз уақыт бұрын аулымызға Алматыдан әнші-домбырашы бір әйел жеке концертімен келген-ді. Ол жолы да Тұрайым әжемнің екі өкпесін қолына алып, ауыл кеңсесіне жетіп, ең басты қонақты біздің үйге алып келгені есімде. Қалған шашпауын көтерушілер мен көркемсөз оқушылары басқа үйлерге түскен екен.
Қазаққа тән қонақжай әдетімізбен дастарқан қамына кірісіп кеткен едік. Үлкен табақта қазы-қартасы меймілдеген қазақша ет дайын болған кезде, қонақ бөлмедегі жасаулы дастарқанымызға, яғни өз ортамызға әлгі әнші апамызды шақырмақшы боп, Ырысты жеңгем түкпіргі бөлмеге кіріп кеткен еді. Сәлден кейін өз-өзінен ыңғайсызданғандай күйде, жүзі алабұртып ол кісі қайта шықты.
Тамақты бөлек ішемін, осы түкпір бөлмеге әкеп беріңдер...
“Тамақты бөлек ішемін, осы түкпір бөлмеге әкеп беріңдер” деп жатыр,- деді жеңгем.
Сондағы таңқалысымызда шек болмағаны-ай... Былай қарағанда қазақтың қара домбырасын қолына ұстап, ән айтқан кісі халыққа жақын болса керек-ті. Алайда, ол кісі ауыл адамдарын менсіне бермейтінін біздің үйге тоқтаған сол 2-3 күн ішінде әбден-ақ аңғартты. Кешкілік концертіне барған едік. Үні де бір түрлі нәзіктіктен гөрі шіңкілдектікке жақындау болды ма, әйтеуір ауылдастарымыз аса қол соғып, құрмет көрсете қоймаған-ды. Енді міне “аузы күйген үрлеп ішеді” дегендей, бұл жолғы қонағымыз да сондай оқыс мінез көрсетпес пе екен? деп ыңғайсыз халде тұр едік...
Әжем жарықтық табиғатынан ақкөңіл, кейбір аңғал қылықтарымен елді күлкіге қарық етіп жүретін, сәл-пәл әпенді шалыстау кісі еді. Көп іркіліп жатпастан дереу төргі бөлменің есігін тықылдатты. Ар жақтан қонақ апайдың байсалды да майда қоңыр үні келді құлағыма:
-Тамақты бөлек ішкені несі? Әрине, сіздермен бірге бір дастарқаннан дәм татамын. Қазір, қазір... мына бір заттарымды жайғастырып алайын...
БОЙЫНА ҚАЗАҚЫ КЕҢ КӨЙЛЕК ЖАРАСА ҚАЛҒАН ШАРА АПАЙ
Дастарқан дайын болғанда түкпіргі бөлмеден жылы жымиыспен қонағымыз да шығып келе жатты. Таңқалыстан аузымды ашып қалыппын... Себебі, мана үлкен шәлі астынан жүзін байқамаған екенмін. Біздің қонақ бөлмемізге жаймен басып, еніп келе жатқан кісі- атақты биші Шара Жиенқұлова-Жандарбекова еді. Әдемі бір үйлесіммен дөңгелете түйіп қойған қос бұрымы да, үстіне киген бүрме бел, жағалы, ұзын жеңді қазақы көйлегі де өзіне айрықша қонымды екен.
Біздің қонақ бөлмемізге жаймен басып, еніп келе жатқан кісі- атақты биші Шара Жиенқұлова-Жандарбекова еді...
Басына орамал салмағанын есептемегенде, кәдімгі ауылдағы өз апаларымыз киіп жүретін қазақы, кең көйлекпен келіп ортамызға жайғасқанда, арамыздағы алғашқы жатырқау сезімі әп сәтте-ақ еріп жүре бергендей еді. Қонағының көңілінен шығуға тырысып жасаған әрбір дәмі үшін жеңгеме ол кісі, зор ықыласпен, ризалығын білдіріп отырды.
Ал, нағашы әжем жапқан бөлке нан керемет дәмді болушы еді. Алыс-жақыннан келген кісілердің барлығы дерлік Тұрайым апама (яғни әжеме) нанының дәмділігін айтып, мақтауларын тауыса алмайтын. “Құр өзін жесең де, сарымай жағып жегендей дәмді екен” десетін.
Шара апай да бұл тақырыпты аттап өте алмады. Әжем болса, нанның ашытқысын, дәмін айнытпай, ұнға тығып сақтаудан бастап, көтерілген қамырды қанша рет қайта илеу керектігін, нанның қалыбына жағылатын майдың құрамын, содан кейін ең бастысы нанды пешке салар кезде жағылған сексеуіл жалынының қандай жылылықта болуы керек екендігін тәптіштей баяндап жатты. Шара апай болса, осы түсіндірулердің барлығы да бейне бір өзінің күнделікті тұрмыс-тіршілігіне аса қажетті кеңестердей-ақ үлкен ыждаһатпен тыңдаумен болды.
Сол кездері 8 жастағы үрпек бас, қара қыз едім. Мені де мақтауының арасына қосып, құр алақан қалдырмады. Қазір ойлап отырсам, Шара апайдың ол қылықтары аузын ашса, жүрегі көрінген, ауылдың бала мінез азаматтарының өз алдында орынсыз қысылмай, қайта бірден бауыр басып, өзімен емін-еркін аралассын деп жағдай жасағаны екен ғой.
БИШІ АПАЙДЫҢ ПАРАСАТЫ МЕН КІСІЛІГІ-КІШІЛІГІНЕ ТӘНТІ БОЛДЫҚ
Ендігі бір сәтте әңгімеге нағашы атам араласты. Атам Сарыбай Жылқыбаев табиғатынан момақан мінезді, көп шешіліп сөйлей бермейтін кісі еді. Сөз кезегі тимесе, тіпті үндемей отыра беруге пейіл болатын. Өзі қатарлы құрдас ақсақалдармен бірге үйде талай рет әңгіме-дүкен құрған кездерінде атам көбіне тыңдаушының рөлін атқарушы еді. Ал, Шара апай болса әңгімені тыңдай білуі арқылы томаға-тұйық атамды да сөйлете алды. Расында мағыналы әңгіменің байыбына бойлап, оны тыңдай білудің өзі адамгершілікке, ақылдылыққа байланысты-ау, тегінде!
Шара апаның әрбір іс-әрекеттеріне, қыл аяғы кірпік қағысы мен бет құбылыстарына аңтарыла қараған күйі мен де атамның әңгімелеріне құлақ түрудемін. Көбінесе ел ішіндегі шежіре таратудан біраз әңгіме басын қайырысты. Ара-арасында негізінен ауыл ақсақалдарынан естіген хикая-әңгімелеріне де кезек беріп қояды.
Жылдар өте келе Ислам жөніндегі әдебиеттермен жете таныса бастаған кезімізде, Сарыбай атамның сол жолы айтқан әңгімелерінің басым бөлігі Ислам тарихына қатысты хикаяттар екендігін білдім. Себебі, ол кісінің біраз құрдастары Совет дәуіріне дейін медреселерде азды-көпті білім алған жандар еді ғой. Сонымен Шара апамыз терең зейінмен нағашы атамның әңгімесін тыңдай түсіп, арасында өзі де әңгімеге араласып отырды. Отырыстың ауанына қарай әңгімені келісті айтатын кісі екен.
Шара апамыз терең зейінмен нағашы атамның әңгімесін тыңдай түсіп, арасында өзі де әңгімеге араласып отырды....
Кешке ауыл клубында Шара Жандарбекова-Жиенқұлованың би концерті болды. Ауыл клубы деген аты болмаса, ол ғимараттың еңсесі сол заман үшін едәуір биік еді. Себебі, біздің Бірлік ауылы, яғни Көктерек совхозы кезінде аудан орталығы болған-ды. “Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді” демекші, аудан орталығы баяғыда-ақ құм ішіне көшіп кеткеніне қарамастан, біздің ауылда сол кезден қалған еңселі ғимараттар баршылық болатын.
ӘР БИ САЙЫН "ТОТЫДАЙЫН ТАРАНЫП" ШЫҚҚАНЫ ЕСІМДЕ
Сонымен концерт басталды да кетті. Клуб ішінде ине шаншар жер жоқ. Көмекшісіне айтып, Шара апай бізді алдыңғы қатарлардың біріне жайғастырған еді. Сондықтан қанша кішкентай болсам да, мойнымды созып, әуре болмай-ақ, ол кісінің өнерін еркін тамашалауға мүмкіндік алған едім.
Міне, өнер деп осыны айтыңыз! Әуелі сахнаға ол кісі қазақ биін билеп шықты. Ұлттық биіміздің осыншалық көркем нақыштарға толы екендігін алғаш көріп, айран-асыр күйде отырдым. Көркем сөз оқушысы қысқа бір сөздерін айтып болғанша, Шара апай әп - сәтте киімін өзгертіп, біресе өзбек биін, келесіде үнді, орыс, ауған билерін билеп шыға келеді сахнаға. “Қалай үлгереді екен?” деп таңқалудамын.
Қос білегін бірдей ирелеңдеткенде, құдды бір жылан жорғалай жөнелгендей әсерде қалады екенсің. Тағы бірде бүркітші, аңшы, шабандоз билерін билеп шыға келгенінде өз көзіме өзім сенбей қаламын. Бағана ғана біздің үйде түскі асты бізбен бірге ішкен кісіге мүлдем ұқсамайтын сияқты. Біртүрлі концерт жалғасқан сайын құлпырып, сұлуланып кеткендей. Әр жолы тотыдайын таранып шыға келгенінде, сол кісі ме, жоқ па, деп сәл абдырап отырғаным да есімде.
.Тағы бірде бүркітші, аңшы, шабандоз билерін билеп шыға келгенінде өз көзіме өзім сенбей қаламын..
Өкінішке қарай, ол кезде теледидар Қазақ жеріне кең таралмағандықтан, ол кісінің өнерін тек осылайша, бір-екі кеште ғана, алғаш және соңғы рет тамашалау бақытына ие болған едік. Сондықтан болар, Шара Жиенқұлованың әр биі біз үшін жаңа әлем, күтпеген сыйлықтай еді.
Концерт аяқталып, үйге оралғаннан кейін, мен ол кісіге бұрынғыдан да үлкен құрметпен әрі ұрлана қарағыштаумен болдым. Үйдегі үлкендердің де жағдайы- сол шамалас. Шынайы өнеріне куә болғаннан кейін ол кісілер де биші апамызбен еркін сөйлесуге бата алмай қалған сияқты. Алайда, Шара апай біздің ұялысқа толы кібіртіктеуімізді тезірек сейілтуге тырысып-ақ бақты. Расында, біраздан кейін дастарқан басындағы емен-жарқын әңгіме қайта жалғасып кеткен болатын.
Үшінші күн де келіп жетті. Ол кісімен қоштасар сәтте, бейне бір туған бауырымызды алыс сапарға шығарып сап тұрғандай-ақ, үй-ішімізбен қиналыс күй кешіскеніміз есімде. Тірі күйіндегі қарапайым ұлылықпен өмірімдегі алғашқы кездесуім, менің кішкентай ғана жүрегімде осылайша ұзақ уақыт, сағыныш аралас күйде, тербеліп жүрді.
ҚЫЗДАРДЫҢ СЫРТЫ ҒАНА ЕМЕС ІШКІ ЖАН ДҮНИЕСІНІҢ ДЕ СҰЛУЛЫҒЫН ҚАЛАЙТЫН
Кейін мектеп бітіріп, Алматыға оқуға түстім. Теледидардан бір жолы Шара апайдың сұхбатын тыңдағаным бар еді. Онда ол кісі:
Енді сол қыздарымның сырты ғана жылтырап тұрмай, ішкі жан дүниесінің де сұлу болғанын қалар едім...
-Мен қазақ қыздарының ішкі, сыртқы сұлулықтарының бірдей болғанын қалар едім. Олай дейтін себебім, өзбекстандық биші әріптесім Тамара ханум маған әзілдей отырып: “Қазақ қыздарының ішінде сұлулары аз” дейтін еді. Мен намысқа тырысып: “Қазақтың сұлу қыздары аз емес, тек олар көп байқала бермейді” дейтін едім. Қазір небір әдемі қазақ қыздарын көріп, жаным сүйсінеді. Енді сол қыздарымның сырты ғана жылтырап тұрмай, ішкі жан дүниесінің де сұлу болғанын қалар едім, - деген еді.
“Шара апайды іздеп барып, сәлем берсем бе екен?”- деген де ойға қалған едім. Алайда үлкен талантқа деген мендегі құрмет сезімі, ондай батыл қадамға жібере қоймады. Менің түсінігімде Шара апайдың өзі де сыртқы әдемілігіне ішкі жан-дүние жауқарлары сай, сондай бір бекзат қалпында мәңгі сақталып қалды.