Қыркүйектің 22-сі күні Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара қаласының төрт тұрғыны президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдады. Астаналық құқық қорғаушы Талас Сағымбаев әлеуметтен әйелдерді қолдауды, әрі хатты Назарбаевқа жолдауға көмектесуді сұрады. Ол проблеманы «заң аясында» шешуді ұсынғанын әрі әйелдерді наразылық акциясынан бас тартуға шақырғанын айтады. Бірақ «өзімізді өртейміз немесе митингіге шығамыз» деп мәлімдеген төрт әйелдің алған бетінен қайтар райлары жоқ.
- Әділдік орнап, күйеулерімізді түрмеден шығарғанын қалаймыз. Күйеуімді тергеу абақтысында заңсыз ұстап отыр, - дейді Шардара тұрғыны Гүлнәз Ахметова.
Ол – жеті тұтқынның бірі, 63 миллион теңгені «ұрлауды ұйымдастырған» деп айыпталған Халық банкі бөлімшесінің бұрынғы бастығы Мұхтар Ахметовтің әйелі.
Былтыр желтоқсан айында болған ұрлық соңы көп шуға ұласқан еді. Тергеу болжамынша, ұрылар 14 минут ішінде терезенің темір торын кесіп, видеобақылауды ажыратып, сейфті ашып, ірі соманы ұрлап үлгерген.
«Ұрлық жасады» деп айыпталған балаларының тергеу кезінде миы шайқалған, бірінің сол құлағы естімей қалған, екіншісінің қолының саусақтары бүгілмей қалған.
Гүлнәз Ахметованың Азаттық тілшісіне айтуынша, ұрлық болған желтоқсанның 13-інен 14-іне қараған түні үйінде болған күйеуіне ақша ұрланғаны туралы банктен хабарлаған. Әлгі оқиғадан кейін қызметінен шеттетілген Мұхтар Ахметов кейін «өз еркімен» жұмыстан шығу туралы өтініш берген. Ал қамауға наурыздың 8-і күні алынған.
- Күйеуімді бір ай өткен соң ғана көрдім. Абақтыда соққыға жығылғанын, «Бұл ұрлыққа қатысың болмаса да, бәрібір жауап бересің, өйткені саған қарсы куәлік етіп отырған бес адам бар. Отбасыңа қиын болады» деп психологиялық қысым көрсеткенін ол бірден айтты. Оларды қылқындырып, ұрып-соққан, кейбіріне әлдебір уколдар салыпты. Талай ай өтсе де, кісен іздері әлі бар, білектеріндегі тыртықтарды өзіміз көрдік, - дейді Гүлнәз Ахметова.
Әйелдің айтуынша, ұрлыққа дейін күйеуі бұл банкте 10 жыл жұмыс істеген.
Тағы бір айыпталушы Асан Жарбаевтың әйелі Жарқынай Жасыбаеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, банкте күзетші болып істеген күйеуі бірінші болып тұтқындалған.
- Қамауға алу туралы санкция бітуге бірер күн қалғанда ҰҚК қызметкерлері келіп, оны тергеу абақтысынан алып кетті. Тістерін ұрып түсіріп, басына целлофан пакет кигізіп, тұншықтырғаннан кейін ол «қылмысымды мойындаймын» деген түсінік берген. Олар мұны видеоға жазып алып, «мына жігіт саған қарсы куәлік етті» деп көрсетіп, қалғандарын да қамауға алды, - дейді Жарқынай Жасыбаева.
Абақтыда отырған екі жігіттің аналарының айтуынша, «ұрлық жасады» деп айыпталған балаларының полициядағы тергеу кезінде миы шайқалған, бірінің сол құлағы естімей қалған, екіншісінің қолының саусақтары бүгілмей қалған.
Комиссия ұйғарымында «күдіктілерді азаптап, зорлық-зомбылық көрсеткен, оларға бірнеше күн бойы ас-су бермеген» деп жазылған.
Әйелдердің бұл болжамын тергеу абақтысына барып, туыстарынан шағым түскен айыпталушылармен сөйлескен Оңтүстік Қазақстан облысы бақылау комиссиясы мүшелері де растайды. Комиссия ұйғарымында «күдіктілерді азаптап, зорлық-зомбылық көрсеткен, оларға бірнеше күн бойы ас-су бермеген» деп жазылған.
Биыл сәуір айында полицейлердің үстінен «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірақ туыстарының айтуынша, «іс орнынан әлі жылжымаған». Әйелдер полицейлердің қолында туысымыздың кінәсін дәлелдейтін айғақ жоқ болғандықтан, туысымыз заңсыз тұтқындалды деп санайды.
- Ақша сол күйі табылмады, күшпен мойындатқан түсініктен басқа, балаларымызға қарсы айғақ-дәлелдері жоқ, - дейді күдіктілердің бірінің анасы Ұлболсын Сейдаева.
Астанаға келген төрт әйел күйеулері мен балаларына бұрын да араша түсуге тырысқан. Олардың айтуынша, күдіктілерді қолдаған 941 адамның қолын жинаған, ал тамыз айында туыстарын босатуды талап етіп, Шардараға баратын жолды жауып тастаған. Бірақ олар «уәжімізді ешкім тыңдамады» дейді.
Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД-нің болжамынша, Халық банкі бөлімшесінен «сауатты түрде жоспарланған инсценировка» бойынша ұрланған 63 миллион теңгені «банк қызметкерлерінің өздері» ұрлаған.
Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД қызметкерлері «Полицейлер күдіктілердің бірі ретінде ұстаған банк күзетшісі, 1987 жылы туған жергілікті тұрғын «үлесіңді береміз» деп уәде еткен соң ұрлықты банк қызметкерлерімен бірлесіп жасағанын тергеушілерге мойындады» дейді.
Полицейлер кейінірек тұтқындаған алты адамның ішінде күзетшілер мен бөлімше бастығынан бөлек, штаттан тыс жұмыс істейтін көлік жүргізушісі мен программист бар.