Accessibility links

Құрылыс компаниялары басшыларының алды сотталды, ендігісі депутаттық мандатпен қош айтысуы мүмкін


Полиция үлескерлерді әкімдік ішіне түгел жібермей, жолдарын бөгеп тұр. Алматы, 17 наурыз, 2009 жыл
Полиция үлескерлерді әкімдік ішіне түгел жібермей, жолдарын бөгеп тұр. Алматы, 17 наурыз, 2009 жыл

Наурыздың 17-сінде үлескерлердің «KUAT» корпорациясының президенті Олег Намды депутаттық мандатынан айыру акциясы тағы жалғасты, олар екінші талпыныста ғана талап қағаздарын тапсыра алды. Ал «Верный.KZ»-тің бұрынғы басшыларына қатысты Медеу аудандық сотының шешімі өзгеріссіз қалды.

Олег Намның депутаттық мандаттан бас тартуын талап етуші «KUAT» корпорациясының үлескерлері «Азат» партиясы, «Талмас» қоғамдық қорының өкілдерімен бірге талап қағаздарын қалалық мәслихатқа бүгін екінші рет алып келді.

Алматы қалалық мәслихатының алдына жиналған белсенді топтың арасында «KUAT» компаниясының 29/2 кварталының үлескері Гүлжан Әбілбакиева да бар. Ол осыдан 5 жыл бұрын аталмыш корпорацияға жаңа үй алу ниетімен 80 мың АҚШ долларын берген. Енді міне ақша да жоқ, үйім де, күйім де жоқ, қызымның үйінде тұрып жатырмын дейді Гүлжан Әбілбакиева.

Қалалық мәслихатқа жиналған белсенді топ мәслихат хатшысы Төлеубек Мұқашевты көре алмады. Дегенмен бұл жолы олардың алдына Алматы қалалық мәслихаты тексеру комиссиясының төрағасы Виктор Бөлекбаев шығып, барлығы 21 мың адамның қолы қойылған екі папка мен белсенді топтың арызын қабылдады. Бөлекбаев мырза қағаздарды тапсырған «Азат» партиясы Алматы бөлімшесінің жетекшісі Қадыржан Асқаровқа орын алған үлескерлер мәселесі Олег Намды депутаттық мандаттан айыруға негіз бола алмайды дегенді айтты.
Тексеру комиссиясының төрағасы Виктор Бөлекбаев (сол жақта), Азат партиясы қалалық филиалының жетекшісі Қадыржан Асқаров. Алматы, 17 наурыз, 2009 жыл.

- Әрине, біз бұл қағаздарды қабылдаймыз, алайда Сіз заңды жақсы білмейтін боларсыз. Мәселен «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» заңның 20-бабына сәйкес, «депутат басқа бір мемлекеттік қызметке кетсе, азаматтығын ауыстырса немесе сот оны «айыпты» деп тапса, әлде өз міндетін дұрыс орындамай, мәслихат сессияларын үш мәрте жіберіп алса ғана мандаттан айрылады». Ал үлескерлерге қатысты сіздердің мына арыздарыңыз депутаттың өкілеттілігін тоқтата алмайды - деді Виктор Бөлекбаев.

Ал «Талмас» қоғамдық қорының төрағасы Айнұр Құрманов: «20 мың адамның обалына қалып, өзін депутат деп жүрген Олег Нам жалпы «депутат» деген атқа кір келтіреді» дегенді айтты.

- Біріншіден, 20 мың аз адам емес. Ал екіншіден, өз тұрғындары мен үлескерлерін алдайтын, жұмыскерлеріне бірнеше айлап жалақы төлемейтін, оған қоса, қаржы полициясы үстінен қылмыстық іс қозғаған азамат - өзін қалайша депутатпын дей алады, - дейді Айнұр Құрманов.

Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылдың ақпанында Алматы қалалық сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы күрес департаменті «KUAT» басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғағандығы белгілі. Содан бері бір айдай уақыт өтсе де, бұл істің әрі қарай не болатыны белгісіз.

Ал ақпанның 17-сінде өткен арнайы баспасөз мәслихатында «KUAT» корпорациясының басшысы үлескерлер алдында кінәсі жоқтығын мәлімдеген болатын. Олег Намның сөзіне қарағанда, үлескерлер арызы бойынша жүргізіліп жатқан қылмыстық іске оның еш қатысы жоқ.
Қуат" компаниясының үлескерлері мен "Талмас" ұйымының, "Азат" партиясының өкілдері Алматы қалалық әкімдігі алдында. 17 наурыз, 2009 жыл


«Үлескерлер ақшасы мақсатқа сай жұмсалды деп нақты айта аламын. Сондықтан бұл іс, бір–екі айдың ішінде жабылады деп ойлаймын» - деген еді Олег Нам.

Өткен жылы корпорация жұмысын Алматы қаласының прокуратурасы тексергенін, ешқандай құқық бұзушылықтар анықталмағанын алға тартқан Олег Нам қазіргі таңда жоспарланған үйлердің құрылысын аяқтау мақсатында жұмыс жасап жатқандығын жеткізді. Оның берген ақпаратына сәйкес, қазір "KUAT" компаниясында Алматыда 7 нысан салып беру туралы келісімшарт жасасқан 3337 үлескер бар көрінеді.

Дәл осы, 17 наурыз күні Алматы қалалық сотының алқасы «Верный.KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы басшылары берген апелляциялық шағымын қарады. Қалалық сот алқасы Медеу аудандық сотының 26 қаңтарда шығарған үкімін өзгеріссіз, өз күшінде қалдырды.

Биыл қаңтардың 26-ында Алматының Медеу аудандық сотының үкімімен «Верный.KZ» құрылыс компаниясының бұрынғы басшылары Майя Әбішева мен Ләззат Есенованың әрқайсысы 9 жылға бас бостандықтарынан айырылған еді. Ал, компанияның құрылтайшысы Жанат Ақбиев халықаралық іздеуде жүр.

Сот ісіне төрелік еткен Медеу аудандық сотының судьясы Өмірзақ Серімов шығарған үкімде «Верный.KZ» құрылыс компаниясының басшылары 2004 жылдан бері 235 үлескерден жиналған 1 млрд. 763 млн 435 мың 911 теңге көлеміндегі қаржыны жалған компаниялар ашу арқылы өз істеріне және жеке бастарына пайдаланып кеткендігі айтылған.

Алқа отырысына баспасөз өкілдері жіберілмейді делінгенмен, «Талмас» қоғамдық қоры заңгерлерінің талабынан кейін алқа отырысына БАҚ өкілдері қатыстырылды.

Үлескерлер құқын қорғаған «Талмас» қоғамдық қорының заңгері Ермек Қойшынов бұл іс - басқа да заңды белшесінен басатын құрылыс компанияларының басшыларына сабақ болар деген пікірде.

- Үлескерлер «Верный.KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшыларының әрқайсысын 10 жылдан бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Дей тұрғанмен бұл шешімге де қанағаттанып отыр, – дейді заңгер.

Алайда сотқа тартылған жақтың заңгерлері бұл істі Жоғарғы сотқа дейін жеткізетіндіктерін мәлімдеп отыр.
XS
SM
MD
LG