Accessibility links

Міндетінен тыс жұмыста қаза тапқан мұғалімнің отбасы көмекке мұқтаж


Шымкенттегі Халел Досмұхамедов атындағы №4 жалпы орта мектептің қаза тапқан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сейітжан Ізбасаровтың жесірі Әмина Тұрғанбаева мен балалары. Шымкент, 22 наурыз 2017 жыл.
Шымкенттегі Халел Досмұхамедов атындағы №4 жалпы орта мектептің қаза тапқан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сейітжан Ізбасаровтың жесірі Әмина Тұрғанбаева мен балалары. Шымкент, 22 наурыз 2017 жыл.

Шымкентте асыраушысынан айырылған қаралы отбасы мектептегі жөндеу жұмысына жегіліп қаза тапқан отағасы - Халел Досмұхамедов атындағы №4 жалпы орта мектебінің мұғалімі Сейітжан Ізбасаровтың қырқын өткізуге әзірленіп жатыр. Ізбасаровтың үш баласы мен жесірі тұрмыстан тарыға бастаған. «Мұғалімді оқу-тәрбие ісінен бөлек жұмысқа салуға болмайтынын» айтқан тиісті мекемелер тергеу әлі жүріп жатқанын хабарлайды.

Шымкенттегі Халел Досмұхамедов атындағы №4 жалпы орта мектептің 35 жастағы дене шынықтыру мұғалімі Сейітжан Ізбасаров міндеттерінен тыс жұмысқа жегіліп, ақпанның 26-сы күні мерт болған еді. Оңтүстік Қазақстан облыстық (ОҚО) еңбек инспекциясы ақпаратына қарағанда, мектеп дәретханасы құбырларын жөндеу кезінде автоген баллоны жарылып, Сейітжан Ізбасаров ауыр жарақаттан ауруханада қаза тапқан. Марқұм ОҚО-ның Бәйдібек ауданында жерленді.

Қаза тапқан мұғалімнің отбасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:46 0:00
Жүктеп алу

«Асар-2» шағын ауданында әлі құрылысы толық аяқталмаған шағын үйді жалға алып тұрып жатқан қаралы отбасыға Азаттық тілшісі барып-қайтты.

Оқи отырыңыз: Дәнекерлеуге тартылған мұғалім қаза тапты

«БАЛАЛАРЫМ ШУЛАЙДЫ, СОНЫМЕН АЛДАНЫП ОТЫРМЫН»

Сейітжан Ізбасаров пен 24 жастағы Әмина Тұрғанбаеваның отасқанына жеті жыл болған. Марқұмның жесірі «Сейітжан соңғы кездері балаларын қатты жақсы көріп, еркелетіп жүргенін» айтты.

Халел Досмұхамедов атындағы №4 жалпы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сейітжан Ізбасаровтың фотосы. Шымкент, 22 наурыз 2017 жыл.
Халел Досмұхамедов атындағы №4 жалпы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сейітжан Ізбасаровтың фотосы. Шымкент, 22 наурыз 2017 жыл.

- Сенбі кешке «ертең мектептегі жұмысқа көмектесемін» деді, жексенбі (ақпанның 26-сы) үйден ерте кетті. Түскі сағат бірлерде мектептен ағайлар келді. Құбыр жарылып, күйіп қалған екен деп ойладым. Ауруханаға бала-шағаммен бірге бардым. Дәрігерлер күйеуімнің қайтыс болғанын айтты. Сенгенім жоқ, - дейді.

Сейітжан Ізбасаровтың артында бір қыз, екі ұл қалды. Үлкені - бесте, кенжесі - бір жарым жасар.

- Қайтыс болғанын естіген соң мең-зең күйде жүрдім. 10 күндей өткенде туыстарым «үш балаға кім қарайды, есіңді жи» деген соң есімді жинағандай болдым. Қазір балаларым ойнайды, шулайды сонымен алданып отырмын, - дейді ол.

ВИДЕО: Мектептегі жарылыс (2017 жылы 28 ақпанда түсірілген)

Мектептегі жарылыс
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:08 0:00

Асыраушысынан айырылған отбасының бүгінгі жағдайы қиын. Отағасын жерлеу және жетісін өткізу шығынын мектеп ұжымы көтерген. Қалалық білім бөлімі де «көмектесетіндерін» айтқан.

- Үйіміз жоқ. Жұмыссызбын. Пәтер кезегіне тұрғанымызға үш жыл болды. Несиеге пәтер аламыз деп едік, ол да қалды. Мамандығым – математика пәні мұғалімі. Жоғарғы оқуда сырттай оқимын. Білім бөлімі жұмысқа орналастырамыз деген. Қазірге бәрі ауызша айтылып жатыр, - дейді ол.

Марқұм Сейітжан Ізбасаровтың жесірі Әмина Тұрғанбаева. Шымкент, 22 наурыз 2017 жыл.
Марқұм Сейітжан Ізбасаровтың жесірі Әмина Тұрғанбаева. Шымкент, 22 наурыз 2017 жыл.

«Сейітжанның әріптестерімен тату болғанын, жақын араласқанын» айтқан Әмина Тұрғанбаева:

- Қайтып келмейтініне көзім жеткен соң, күдіктілерге кешірім бердім. Дәнекерлеушінің де жағдайы мен сияқты екен. Балалары әкесіз қалмасын дедім, - дейді.

«АҚШАЛАЙ КӨМЕК БЕРІЛДІ, ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАЙМЫЗ»

Шымкент қалалық білім бөлімі Азаттық тілшісіне Сейітжан Ізбасаровтың артында қалған «үш баласы балабақшаға орналастыру үшін комиссиядан өткенін, жесірі сол мектепке жұмысқа қабылданатынын» хабарлады. Білім бөлімінің аты-жөнін жариялағысы келмеген қызметкері «Сейітжан Ізбасаров пәтер кезегіне тұрғанын» айтады.

- Енді Әмина Тұрғанбаева құжаттарды қайта рәсімдеу керек. Оған қоса ақшалай көмек берілді. Мөлшері қанша екенін айта алмаймыз, - деді ол.

Халел Досмұхамедов атындағы №4 жалпы орта мектеп директоры міндетін атқарушы Қасым Бұралхиевтің сөзінше, «Әмина Тұрғанбаеваны дене шынықтыру пәні мұғалімі етіп жұмысқа алу үшін құжаттары қабылданған. Енді тек сырттай оқып жатқаны туралы анықтама алып келуі керек».

Марқұм Сейітжан Ізбасаровтың артында қалған балалары. Шымкент, 22 наурыз 2017 жыл.
Марқұм Сейітжан Ізбасаровтың артында қалған балалары. Шымкент, 22 наурыз 2017 жыл.

- Оның (Сейітжан Ізбасаровты айтады – ред.) біздің мектепке келгеніне 13 жыл болған. Дене шынықтыру пәні мұғалімдері бірлестігінің жетекшісі еді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары да болып жұмыс істеді. Арамыздан ерте кетті. Қолымыздан келгенше отбасына моральдық, материалдық көмек беріп жатырмыз. Қырқына дейін басына тас қоямыз. Қолымыздан келгенін істеп жатырмыз, - дейді Қасым Бұралхиев.

«ТЕРГЕУ ЖҮРІП ЖАТЫР»

Азаттық тілшісі Қылмыстық кодекстің 156-бабы 3-тармағы (еңбектi қорғау қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет) бойынша қозғалған істің де қазіргі мән-жайын білмек болған еді. ОҚО ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова «тергеу жүріп жатқанын, кісі өлімі тіркелгендіктен, әйелі кешірім берсе де, тергеудің тоқтамайтынын» айтады. Ол тергеу бітпегенін ескертіп, басқа ақпарат беруден бас тартты. Ал ОҚО еңбек инспекциясының бөлім басшысы Ғабит Ақбердиев «бұл жерде жұмыс беруші кінәлі деп тапқандарын» айтады.

- Мектеп әжетханасы бұзылған. Директор міндетін атқарушы Бұралхиев ақпанның 26-сы шаруашылық жөніндегі орынбасары Әмірбековті, шаруашылық меңгерушісі Божаевты және дене шынықтыру мұғалімі Ізбасаровты шақырып алады. Темір құбырларды жалғау керек болады. Бұралхиев өз бетінше көлік жөндеп нәпақа тауып жүрген Көпенов деген кісіге өтініш жасайды. Ол автоген алып келген, - дейді ол.

Қаза тапқан мұғалім Сейітжан Ізбасаров отбасымен бірге жалға алған үй. Шымкент, 22 наурыз 2017 жыл.
Қаза тапқан мұғалім Сейітжан Ізбасаров отбасымен бірге жалға алған үй. Шымкент, 22 наурыз 2017 жыл.

Ақбердиевтің айтынша, автогеннің ацетилен баллоны - «жоғарғы қысыммен жұмыс істейтін өте қауіпті құрал. Кейіннен оны Көпеновтің өз бетінше қолдан жасап алғаны анықталған».

- Онымен жұмыс істейтін адам дайындықтан өтуі керек. Көпенов ешқандай дайындықтан өтпеген. Ол баллонды мектеп фойесіне қойып, сыртқа шығып кеткен. Баллон қысымнан жарылған. Ізбасаровтың арқасына темір қиығы тиген. Мұғалімді оқу-тәрбие ісінен бөлек жұмысқа тартуға болмайды. Ондай жұмысты жөндеу ұйымдарымен келісімге отырып атқару керек, - дейді ол.

Ғабит Ақбердиев инспекция қорытындысын тергеушілерге жолдағандарын айтады. Ал мектеп директорының міндетін атқарушы Қасым Буралхиев «дәнекерлеушіні маман деп шақырғанын» айтады.

- Бәрін өзі істеді. Бітіп, кетіп жатқанымызда осы жағдай болды. Бізде келісім-шартқа отырып, жұмыс істететін қаражат қаралмаған. Бар ойымыз өз күшімізбен дайындап қою болды. Балалар баратын басқа әжатхана жоқ. Амал жоқтан істелген әрекет еді. Енді дәнекерлеуші мен менің үстімнен қылмыстық іс қозғалды, - дейді ол.

Марқұм Сейітжан Ізбасаров отбасымен жалға алған үйдің кіреберіс бөлмесі. Шымкент, 22 наурыз 2017 жыл.
Марқұм Сейітжан Ізбасаров отбасымен жалға алған үйдің кіреберіс бөлмесі. Шымкент, 22 наурыз 2017 жыл.

Әкімдік өкілдері берген ақпараттарға қарағанда, Ізбасаровтың артында қалған үш баласына кәмелет жасқа толғанға дейін жәрдемақы төленетін болады. Оның мөлшері заң бойынша айқындалады.

Ресми ақпаратқа сәйкес 2016 жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында еңбек қауіпсіздігін сақтамау салдарынан 93 жазатайым жағдай тіркелген. 107 адам зардап шеккен. Олардың 22-сі – әйелдер. Қайтыс болған адам саны – 12. Ал қатты жарақаттанғандар саны – 42. Тек 2017 жылдың қаңтар айында еңбек қауіпсіздігін сақтамау кесірінен ОҚО-да 12 жағдай тіркеліп, 13 адам зардап шеккен. Олардың біреуі қайтыс болған.

XS
SM
MD
LG