Accessibility links

Өзін-өзі өртеген кәсіпкер үш жыл шартты жаза алғанына наразы


Өзін-өзі өртеген кәсіпкер Нұркен Айнабеков. Шымкент, 28 мамыр 2017 жыл.
Өзін-өзі өртеген кәсіпкер Нұркен Айнабеков. Шымкент, 28 мамыр 2017 жыл.

Былтыр желтоқсанда Шымкенттегі облыстық прокуратура алдында өзін-өзі өртеген, биыл мамырда үш жылға шартты түрде сотталған кәсіпкер Нұркен Айнабеков үйінде әлі емделіп жатыр.

Шымкенттік кәсіпкер Нұркен Айнабековтің оқиғасы 2016 жылы желтоқсанның 22-сі күні болған. Ол Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі пен ішкі істер департаментіне наразылық танытып, Шымкенттегі облыстық прокуратура алдында денесіне бензин құйып, өзін-өзі өртеген. Кәсіпкер сол оқиғадан бір күн бұрын арнайы брифинг өткізіп, «жеке құрылыс фирмасы қаладағы әлеуметтік нысанның бірін салғанын, ол үшін жергілікті биліктен тиісті қаражатын ала алмағанын» мәлімдеген.

Өзін-өзі өртеген кезде денесінің 55 пайызын күйік шалған 47 жастағы Нұркен Айнабеков ауруханада төрт айдай жатып шыққан.

- Күн ысыған сайын күйген терім жиналып, ашытады. Күнге шыға алмаймын. Оң қолым мен аяғыма операция жасау керек. Қазір тергеудің аяқталуын күтіп жатырмын, – дейді өртенген соң екінші топ мүгедегі болып қалған кәсіпкер.

«ДАУ АМБУЛАТОРИЯ САЛУДАН ШЫҚТЫ»

Нұркен Айнабековтің сөзінше, өзін өртеуге себеп болған іс 2010 жылы басталған. Құрылыс жұмыстарымен айналысатын фирмасы бар кәсіпкер сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің шаруашылық басқармасынан тапсырыс алып, «Қайтпас» шағын ауданына 3 мың тұрғынға қызмет көрсететін отбасылық амбулаторияны 34 миллион теңгеге салып беруге келісім жасасқан.

- Құрылыс алаңында жұмыс істеп тұрған ғимарат болды. Сметаға снос (ғимаратты құлату – ред.) кірмегенін айттық. «Өз қаражатыңа жасай тұр» деген соң жұмысты бастадық. Ғимараттың шатырын жабуға жақындаған кезде нысанды қабылдап алатын «Шымкент күрделі құрылыс» мекемесі жоба өзгеретінін, объектіні бұзу керегін айтты. Бұздық. Жаңа жобамен құрылысты бастап, жартысына келгенде қайта бұздырды. Үшінші рет қайта салу керек дегенде біз қарсы шықтық, – дейді Нұркен Айнабеков.

Өзін-өзі өртеген кәсіпкер Нұркен Айнабеков. Шымкент, 28 мамыр 2017 жыл.
Өзін-өзі өртеген кәсіпкер Нұркен Айнабеков. Шымкент, 28 мамыр 2017 жыл.

Оның сөзінше, құрылысты үшінші рет салатын кезде ғимараттың іргетасын әкімдіктің шаруашылық басқармасы құятын болған, қалған жұмысты Нұркен Айнабековтің фирмасы істеуге келіскен.

- Фундаментке қоқыс пен ескі құрылыс материалдарын қосып жіберді. Сол үшін тиісті орындарға шағым түсірдім. Өйткені құрылыс сапасына кепілдікті біз береміз, құласа біз жауаптымыз. Осы арызым бойынша әл-Фараби аудандық соты шаруашылық басқармасының сол кездегі басшысын алаяқтық бабымен соттап, бес жылға бас бостандығынан айырды, – дейді Нұркен Айнабеков.

Фундаментке қоқыс пен ескі құрылыс материалдарын қосып жіберді. Сол үшін тиісті орындарға шағым түсірдім. Өйткені құрылыс сапасына кепілдікті біз береміз, құласа біз жауаптымыз.

Кәсіпкердің сөзінше, ол бұл дау кезінде құрылысты жүргізе беріп, жиыны 67 миллион теңге жұмсап, отбасылық амбулаторияны ақыры 2016 жылы салып бітірген, бірақ «өз қалтасынан шыққан 33 миллион теңгені әлі күнге дейін өндіріп ала алмаған».

Нұркен Айнабеков «облыстағы бірнеше шенеунік мемлекеттің қаражатын біз арқылы алаяқтық жолмен тонап жатыр» деп күдіктеніп, шығынын өндіртіп алу үшін олардың үстінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына арызданған.

- Бірақ ол іс қысқарып кетті. Іс қысқара бергеннен соң арызды облыстық ішкі істер департаментіне аудардық, – дейді ол.

Кәсіпкер шенеуніктердің үстінен облыстық ішкі істер департаментіне шағымданғанынан да нәтиже болмағанын айтады. Ол бұдан соң «шағымымды дұрыс қарамай жатыр» деп тергеушілердің үстінен арыз жазған. Оның сөзінше, осыдан кейін өзінің үстінен «полицейдің ар-намысын таптады», «құжаттарды қолдан жасады», «алаяқтық жасады» деген айыппен іс қозғалып, департаментте бірнеше күн қамалған, зорлық-зомбылыққа ұшыраған».

- Үш күн ұстап, соттың санкциясымен екі айға қамады. 10 күннен кейін кепілмен шықтым, – дейді Нұркен Айнабеков.

Оның айтуынша, 2016 жылы желтоқсанның 22-сі күні тергеушілердің өзіне қарсы шағымы бойынша сот өтуі керек болған.

Біреуді қорқытып-үркіту үшін емес, аяққа таптап жібергені үшін күйіп кеттім. Өмірден түңіліп кеттім.

- Сотқа істің қаралуға жатпайтынын алдын-ала ескерттім. Кімнің не дегенін ішкі істер департаментіне жаздым да, бензин сатып алып, облыстық прокуратураның алдына барып өзімді өзім өртеп жібердім. Біреуді қорқытып-үркіту үшін емес, аяққа таптап жібергені үшін күйіп кеттім. Өмірден түңіліп кеттім, – дейді Нұркен Айнабеков.

2017 жылы мамырдың 11-і күні Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық соты Нұркен Айнабековті қылмыстық кодекстің 190 («Алаяқтық»), 411 («Судьяға, алқабиге, прокурорға, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, сарапшыға, сот приставына, сот орындаушысына қатысты жала жабу») және 385-баптары («Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу») бойынша айыпты деп тауып, оған үш жыл шартты жаза кесті.

Нұркен Айнабеков бұл үкіммен келіспейді, бірақ оған қатысты шағым да бермеген.

- Үш жылға шартты жазаға кесуі – мені облыстан шығармаудың амалы, – дейді бұл дауға байланысты Астанаға барар жоспары болғанын айтқан кәсіпкер.

«ТЕРГЕП-ТЕКСЕРІП ЖАТЫР»

Азаттық тілшісі кәсіпкер Нұркен Айнабеков айтқан жайттардың егжей-тегжейін Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасынан сұрап көрді.

Прокуратураның басқарма бастығы Бауыржан Бердібеков пен басқарма прокуроры Әмір Қабдірахманов Азаттықтың кәсіпкер Нұркен Айнабековке қатысты сұрағына жазбаша жауап берді.

«Нұркен Айнабеков ұлттық бюроның облыстық департаментіне облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері қылмыстық істі тергеу барысында күш қолданып, азаптап, заңсыз әрекеттер жасағаны туралы арызданған. Осы арыз негізінде қылмыстық кодекстің 146-бабының 1-бөлігімен (азаптау) тергеп-тексеру басталып, жүргізілуде» делінген Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасынан келген хатта.

Өзін-өзі өртеген адам. КТК телеарнасының видеосынан алынған скриншот. (Көрнекі сурет)
Өзін-өзі өртеген адам. КТК телеарнасының видеосынан алынған скриншот. (Көрнекі сурет)

Прокуратура Нұркен Айнабековтің 2016 жылдың 22 желтоқсанында облыстық прокуратура ғимараты алдында «өзінің облыстық ішкі істер департаментімен негізсіз қудалауға түскенін айтып, денесіне сұйықтық құйып өртегенін» де айтады. «Бұл оқиға бойынша Шымкент қаласы Еңбекші аудандық полиция бөлімінде қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысын басталған».

Нұркен Айнабековтің уәждерінің жан-жақты, толық және объективті тергелуін қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық істің тергелуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаментіне жүктелген.

«Орын алған оқиғаның және Нұркен Айнабековтің уәждерінің жан-жақты, толық және объективті тергелуін қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық істің тергелуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаментіне жүктелген. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде» деп хабарлайды прокуратура.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің тергеу тобының басшысы Айдар Аташев «бұл қылмыстық іс бойынша қандай да бір ақпарат бере алмайтынын» айтты.

Ал облыстық ішкі істер департаменті Нұркен Айнабековтің өзін-өзі өртеу фактісі «өзін-өзі өлтіруге жеткізу» бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тексеру басталғанын ғана хабарлаған.

КӨРІҢІЗ: Өзін-өзі өртеуге не себеп

Азаттыққа белгілі ақпарат бойынша, соңғы сегіз жылда өзін-өзі өртеу оқиғасы 18 рет қайталанған.

Өртенушілердің кейбірі тергеу орындары тарапынан қозғалған қылмыстық іске келіспеген, енді бірі сот орындаушылары үйлерінен шығаруға келген кезінде өздеріне от қойған. Сондай-ақ банктен алған несиесін төлей алмай өзін-өзі өртеген оқиға да кездескен. Тағы бірнеше оқиғаға отбасындағы ерлі-зайыптылардың өзара келіспеушілігі себеп болған.

Өзін-өзі өртеушілердің кейбірі сол оқиға кезінде алған жарақатынан қайтыс болған.

XS
SM
MD
LG