Accessibility links

Өзін өртеген әйелдің балалары үйден шығаруды күтіп отыр


Өзін өртеген Светлана Тұрғымбаеваның қызы Айнұр Қоржынбаева (оң жақта),. Алматы, 10 сәуір 2016 жыл.
Өзін өртеген Светлана Тұрғымбаеваның қызы Айнұр Қоржынбаева (оң жақта),. Алматы, 10 сәуір 2016 жыл.

Жуырда адам құқығы жөніндегі уәкіл Алматыдағы Қоржынбаевтар отбасын үйінен шығару әрекетін айыптады. Бұрынғы иесінің мұрагерлері даулап жүрген бұл үйде 19 адам тұрады.

Қоржынбаевтар отбасының баспана тауқыметі кезінде қоғамдық пікір тудырған еді. 2012 жылы көпбалалы ана Светлана Тұрғымбаева баспанасынан шығаруға наразылық білдіріп, өзін өртеп жіберген. Тұрғымбаеваны меншік құқығынан айырған қаулыны шығарған судья жұмыстан қуылып, ал жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу келісім-шартын ресімдеген нотариус алаяқтық бабымен сегіз жылға сотталған.

2014 жылы Алматының Алатау аудандық соты Қоржынбаевтар отбасы сатып алған даулы үйге қатысты шешімді қайта қараған, бірақ сот істі алданған жандардың пайдасына шешпеді. Үй сот шешімімен марқұм болған қожайынның ағасы Мелітхан Масақовтың меншігінде қалды.

Жуырда қазақстандық омбудсмен биліктің көпбалалы бірнеше отбасын баспаналарынан шығаруға қатысты әрекеттерін айыптап, Қоржынбаевтар отбасы құқығы бұзылғанын мәлімдеді. Оның дерегінше, бұл отбасы тұрғын үйді белгіленген тәртіппен сатып алған әрі меншік құқығын мемлекеттік тиісті органдарда заңға сай тіркеген. Адам құқығы жөніндегі уәкілдің жазуынша, бұл жағдай кейбір мемлекеттік лауазымды тұлғалардың әрекеті кесірінен болғандықтан, олар «бұзылған құқықты қалпына келтіру жауапкершілігінен босатылмайды».

Азаттық тілшісі қаза тапқан әйелдің отбасына барып, марқұмның 36 жастағы қызы Айнұр Қоржынбаевамен жолықты. Отбасында бес бала бар, әке-шешесінің қазасынан кейін ол шаңырақтың үлкені болып қалған.

СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛҒАН ҮЙ

Алматының Ұлжан ықшам ауданындағы жер үйді Қоржынбаевтар 2010 жылы сатып алған. Үйді сатқан адамның мұраны заңсыз иемденгені анықталып, сатып алу-сату келісім-шарты сол жылы жарамсыз деп танылған.

- Үйді сатып алған бетте ешқандай өтемақысыз үйді босатыңдар деп бізді қорқыта бастады. Үйдің қожайынын жаяу жүргіншілер өткелінде көлік қағып, қайтыс болған. Бізге үйді оның азаматтық некедегі әйелі сатқан, бірақ мұрагер марқұмның ағасы болып шығып, ол кісі бізді сотқа берді, - дейді Айнұр Қоржынбаева Азаттыққа.

Айнұрдың анасы сот шешімін орындаушылар полицейлер мен өрт сөндірушілерді ертіп келген күні өзін өртеп жіберген. Айнұр Қоржынбаева «келген өрт сөндірушілерде отқа оранған анамның үстіндегі жалынды өшіретін су болмады» дейді.

Светлана Тұрғымбаеваның қазасынан кейін бір жыл бойы бұл отбасын ешкім мазаламаған. Бірақ тура бір жыл өткенде сот шешімін орындаушылар үйден шығуды талап етіп тағы келген. Қоржынбаевтар құзырлы орындардың бәріне шағымданған, бірақ Айнұрдың айтуынша, олар қағаздарды бір-біріне жолдаумен шектеліп, нәтиже шығармаған.

Оқи отырыңыз: «Кәсіби жарамсыз» судьяның шешімі күшінде қалды

- Бұл іске қатысы бар кей адамдардың үстінен қылмыстық істер қозғалды, бірақ алаяқтық фактілерін анықтай алмады да, әлгі істер жабылып қалды, - дейді Айнұр Қоржынбаева.

Айнұрдың айтуынша, оның отбасы үйді 51 мың 500 долларға сатып алған. Қазір даулы үй қамауда тұрғандықтан, сатуға болмайды, ал бұл отбасының енді басқа үй алуға қаржысы жоқ. Аумағы 93 шаршы метр болатын үйде 13 ересек жан мен алты кішкентай бала тұрады. Олардың ешқайсысы тіркелмеген.

ОМБУДСМЕННІҢ ПІКІРІ

Айнұр Қоржынбаева проблемаға назар аудартуға тырысып, талай мәрте жалғыз кісілік наразылық акциясына шыққан. Алатау ауданы әкімдігі жанындағы сондай акциялардың бірінен кейін оны Алматы қаласы тұрғын үй департаменті бастығы Қайрат Нұрқаділов шақырып, көмектесуге уәде еткен. Бірақ Айнұр «уәде етілген көмектен әлі хабар жоқ» дейді.

Айнұр Қоржынбаева Алматы қаласындағы №54 коррекциялық балабақшасында күтуші болып жұмыс істейді. Айнұр «ақша жетпейді, айына электр қуаты үшін ғана 50 мыңға жуық теңге төлейміз» дейді.

- Ешкім бұлай болады деп ойлаған жоқ. Әкем жүрек дертінен қайтыс болды, бәріміздің жүйкеміз жұқарып, күйгелек болып кеттік. Бұл үйден кете алмаймыз. Ақшаны қайтарып беріңдер деп сұрадық, олар (үйдің қожайындары - Азаттық) қайтармай отыр. Ешкімнен қайыр жоқ, мемлекет бізді елемей қойды. Үйді өз ақшамызға сатып алдық, шенеуніктер бәрін білсе де, қарайласқысы келмейді, - дейді Айнұр Қоржынбаева.

Адам құқығы жөніндегі уәкіл көп балалы отбасының құқығы бұзылмауы үшін Қоржынбаевтардың жағдайы жергілікті билік орындарының жіті назарында болуы тиіс деп санайды. Бірақ омбудсмен аппараты жариялаған баспасөз хабарламасында бұл проблеманы шешу жолдары көрсетілмеген.

Қоржынбаевтар отбасы тұрып жатқан даулы үйге қатысты жағдайды реттеу үшін биліктің қандай амалдар қарастырып жатқанын білуге тырысқан әрекеттен ештеңе шықпады. Алматы қаласы тұрғын үй басқармасына хабарласу мүмкін болмады, ал Алатау ауданы әкімдігі сауалды аудан әкімі атына жолдауды өтінді.

Сот шешімін орындаушылар Қоржынбаевтар отбасын әлі мазалай қоймаған, оларды әзірше сотқа да шақырмаған. Бірақ Айнұр Қоржынбаева «көп балалы отбасы мұндай беймәлім жағдайда ұзақ тұра алмайды» дейді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG