Осыдан 5 жыл бұрын Шымкентте ВИЧ вирусын жұқтырған жүздеген баланың бірі Айжан (есімін өзгертіп жаздық) қазір 19 жаста. Ол Шымкенттегі оқу орындарының бірінде екінші курста оқиды.
Алғашында ауруханаға неврологиялық диагнозбен түскен Айжан дәрігерлердің салғырттығынан қауіпті дерттің вирусын жұқтырып алғанын кейін біліпті.
СПИД ПЕН ВИЧ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
– 2006 жылы 1 қаңтар күні сіңірім қатты тартылып, бірден реанимацияға түстім. Сол кезде маған катетер қойған. Дәрігерлер сол арқылы жұққан деп айтады. Ол кезде бұл ауруды жұқтырғанымды өзім де білген жоқпын. Мамам мен папам біліпті. Бірақ олар маған бұл ауру жайында айтқан жоқ. 2008 жылы 16 жасқа толғанымда «осы ауру жайлы білуге қақы бар» деп есептеп, статусымды ашты, – дейді Айжан.
«Статус ашу» деген – ВИЧ дертіне шалдыққан бала ержеткен кезде оған ауруы туралы айтып, түсіндіру. Мамандардың айтуынша, бұл – үлкен психологиялық дайындықты қажет ететін қадам.
Айжан осы психологиялық көмектің арқасында статус ашу кезеңінен сәтті өткенін айтады.
Айжанның пікірінше, Қазақстанда ВИЧ туралы мәліметтер аз болғандықтан, ондай дертке ұшыраған адамды қоғамнан орынсыз шеттетеді.
– ВИЧ пен СПИД арасында үлкен айырмашылық бар ғой. Біздікі СПИД емес, ВИЧ. Ал бәрі бізде СПИД бар деп түсінеді де, қорқады. Аурудың жұғу жолдары туралы мәліметтері аз. «Тез жұғады» деп ойлайды. ВИЧ – вирус, ал СПИД – оның асқынып кеткен түрі, – дейді Айжан.
«ДӘРІГЕРЛЕР ІСІ»
Оңтүстік Қазақстандағы ауруханадан 2006 жылы ВИЧ инфекциясын жұқтырып алған 220 баланың 11-і көз жұмды. Екі бала басқа облысқа көшіп кетті, біреуін шетелдік азаматтар асырап алды. Екі сәбиді балалар үйіне тапсырған.
Мамандардың айтуынша, «дәрігерлер ісі» бойынша 21 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Медицина саласының 16 қызметкері 2-8 жыл аралығында бас бостандықтарынан айырылды, 5 адам шартты түрде жазаланды.
Сол кезде жәбірленуші жақ бұл үкімнің тым жұмсақ екенін айтып шағымданған.
Оңтүстік Қазақстан облыстық балаларды СПИД-тен қорғау қорының президенті Жаннета Жазықбаеваның айтуынша, кейіннен бұл іс қоғам назарынан мүлде тыс қалды.
– Бостандыққа ертерек шығып, фамилияларын өзгерткен дәрігерлер де бар. Енді олар да нан табуы керек қой. Бірақ осы мәселе бақылаудан тыс қалды, – дейді Жаннета Жазықбаева.
Шымкенттегі ВИЧ жұқтыру оқиғасының анық себебі де жұртшылыққа әлі күнге дейін белгісіз. Мамандардың айтуынша, түпкілікті қорытынды жасалған жоқ.
– Ресми түрде вирустың қоздырғыш көзі табылған жоқ. Жалпы болжам бойынша, оған аурухана ішіндегі тәртіптердің сақталмауы түрткі болған, – дейді республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының бөлім бастығы Батырбек Әсембеков.
Азаттық тілшісі «дәрігерлер ісіне» байланысты сотталған, қазір бұрынғы қызметін істеп жүрген азаматтардың біріне хабарласқан еді. Бірақ ол 5 жыл бұрынғы оқиғаның егжей-тегжейін еске алудан, қазіргі кәсібін сөз етуден бас тартты.
– Мен заңды түрде жұмыс істеп жатырмын. Бұл – менің жеке шаруам, – деп, телефон тұтқасын қоя салды.
«АТА-АНАЛАРДЫҢ КЕДЕРГІСІ»
Шымкентте 2006 жылы ВИЧ дертін жұқтырған балаларға арнап ана мен бала орталығы ашылған еді. Мамандардың дерегінше, қазір орталықта 207 бала емделіп жатыр. Олардың 150-ге жуығы мектеп жасындағы балалар, 30-дайы балабалабақшаға барады.
Қараша айында осы орталықтың 13 дәрігері қызметтерінен өз еріктерімен кету туралы арыз жазып, журналистерге шағымданған болатын. Дәрігерлер орталықтың қызметіне көңілі толмайтын ата-аналардың түрлі ресми органдарға шағымданып, «жұмыстарына кедергі жасап жатқанын» айтып еді. Олардың айтуынша, ата-аналар шағымынан кейін орталық «тексеруден көз ашпай келеді».
Осы орталықтың бас дәрігері Еркін Құлмамбетов Азаттық тілшісімен әңгімеде ешкімнің қызметтен кетпегенін, орталықтың қалыпты жұмыс жасап жатқанын айтты. Алайда ол ата-аналардың не себепті наразы болғанын айтудан бас тартты.
– Бұл телефон арқылы айтылатын әңгіме емес, – деді Еркін Құлмамбетов.
«АМБРОБЕНЕНІ» ЖАЗЫП, «АМБРОКСОЛДЫ» БЕРДІ
Ал ата-аналар бұл мекемеге қатысты әртүрлі пікір айтады. Кейбір ата-аналар ана мен бала орталығындағы емдеу сапасының нашарлығына, дәрігерлердің біліктілігіне наразы.
Аты-жөнін айтудан бас тартқан ата-аналардың бірінің айтуынша, осыдан бір ай бұрын дәрігерлер баласын «стационарлық жағдайда емдеу қажет» деген соң осы орталықтың реанимация бөліміне әкелген. Ол баласы «емделуге келіп, ауру жұқтырып алғанын» айтады.
– Бүкіл бөлім тұмаумен ауырып жатыр. Бәрінің температурасы бар. Балам, әрине, бала болған соң бір орында тұрмайды. Ары-бері жүгіріп жүрді. Сөйтіп біз де тұмаурата бастадық. Үш күн бойы температурасы көтерілді. Дәрігерлер қарап: «Ой, оның тамағы қызарып қалыпты. Біраз күте тұрайық» деді. Ақырында күтіп-күтіп, үш күннен кейін реанимациядан бір-ақ шықтық. Балам тамағы сырылдап, тіпті жұтына алмайтын жағдайға жетті. Мен дәрігерлерге: «Тамағы қызарып тұрғанда бір шара жасауға болмас па еді?» дедім. Олар маған «Амбробене» деген антибиотик жазып берді де, бірақ оның орнына «Амброксолды» берді. «Неге?» десем, «Екеуі де бір ауруды емдейді ғой» дейді. «Амбробене» – Германияның дәрісі, «Амброксол» – Шымкенттің дәрісі. Шымкенттік дәріні ешкім алмайды, - дейді ана.
Ол кісі баласының денсаулығына алаңдап, үйіне алып кеткенін айтады.
Осыған дейін бұл орталықта «Зефикс», «Стокрин» сияқты дәрілер де жетпей қалған. Сондықтан дәрігерлер 12 жасқа толмаған балаларға ересектердің дәрісін берген. Оның пайда-зияны туралы да ата-аналар мен дәрігерлер арасында дау шыққан. Орталық мамандарының айтуынша, қазіргі кезде бұл мәселе шешілген.
Оңтүстік Қазақстан облыстық балаларды СПИД-тен қорғау қорының президенті Жаннета Жазықбаеваның айтуынша, ата-аналарды қазіргі кезде тағы бір мәселе мазалап отыр.
– 14-15 жасқа толған балаларды облыстық СПИД орталығы тіркеуге алып жатыр. Ата-аналар бұған қарсы. Олар балаларының осы орталықта қалып, осы жерде емделуін қалайды. Өйткені СПИД орталығында, жұрттың түсінігі бойынша, тек қана жезөкшелер мен нашақорлар ғана жүреді. Бұған жасөспірім балалар да қарсы. Сондықтан біз ана мен бала орталығында жасөспірімдерге арналған дәрігер маман болса деп отырмыз. Әрі қарай балалар есейе келе, жайлап тіркеуге алынады, – дейді Жаннета Жазықбаева.
«ДӘРІГЕРЛЕРДІ ҰРУҒА БОЛМАЙДЫ»
Науқас балалардың бірінің әкесі Қанат Әлсейіттің ойынша, ана мен бала орталығындағы дау-дамайға «тырнақ астынан кір іздейтін ата-аналардың өздері кінәлі». Оның айтуынша, кейбір ата-аналар, тіпті, жұдықтасуға дейін барады. «Дәрігерлерді ұруға болмайды. Олар емдеуі қажет. Ал біз оларға сол үшін рахмет айтуымыз керек» дейді ол.
Қанат Әлсейіттің айтуынша, орталықтың жұмысы барған сайын жақсарып келеді. Мұны орталыққа жасалған зерттеу де дәлелдеген.
Себебі үйдегі, отбасындағы, т.б. мәселелерге байланысты туындаған ыза-кектерінің барлығын олар осында келіп «шығарады»
– Бұл ата-аналар әлі күнге дейін депрессиялық жағдайда. «Бәрі кінәлі. Жұрттың бәрі кінәлі» деп есептейтін ата-аналармен психологтар жұмыс істеуі керек. Екіншіден, ол орталықта әлеуметтік қызмет жұмыс жасауы керек. Себебі үйдегі, отбасындағы, т.б. мәселелерге байланысты туындаған ыза-кектерінің барлығын олар осында келіп «шығарады». Мәселелерге зерттеу жасаған кезде, медициналық бөлігі – тек 10 пайыз ғана, ал қалған 90 пайызы –әлеуметтік мәселелер екені анықталды, – деді Қанат Әлсейіт қарашаның 30-ы күні Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша, ВИЧ дертіне шалдыққан балалардың ата-аналарына мемлекет тұрақты түрде жәрдемақы төлеп тұрады.
– Ауылдан келген азаматтар 67 мың теңге алады. Қала тұрғындары шамамен 55 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады. Оған қоса дәрі-дәрмектер мен медициналық қызмет те тегін – дейді Қанат Әлсейіт.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда ВИЧ вирусын жұқтырған 17 мың 457 адам, СПИД-ке шалдыққан 1 мың 446 адам тіркелген.
Аурудың таралу аумағы бойынша, бірінші орында Алматы қаласы (3493 адам), екінші орында Павлодар облысы, үшінші орында Қарағанды облысы тұр. Бұл тізімде төртінші болып тұрған Оңтүстік Қазақстан облысында 2003 адам тіркелген.