Accessibility links

«Заңсыз сатылған» жердің болашағы белгісіз


Шымкенттің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы салынып жатқан аумақтағы "заңсыз" үйлер. 7 сәуір 2014 жыл.
Шымкенттің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы салынып жатқан аумақтағы "заңсыз" үйлер. 7 сәуір 2014 жыл.

Бас прокуратура Шымкент әкімдігі жер телімдерін заңсыз сатып, енді «мемлекеттік мұқтаждық» үшін қайта сатып алып жатыр деп айыптайды. Әкімдік оны мойындамайды, ал жер иелері сергелдеңге түскенін айтады.

Шымкенттің «Нұрсәт» шағын ауданынан жер телімін сатып алып, үй салып үлгерген жүздеген адам биылғы наурызда өздеріне жердің заңсыз сатылғанын құзырлы органнан ресми түрде естіді. Қазақстанның бас прокуратурасы бұл аумақтың 2004 жылы әлеуметтік тұрғын үй салу үшін әкімдікке берілгенін, кейін жердің пайдалану мақсаты заңсыз түрде өзгеріп, учаскелердің қайтара сатылғанын мәлімдеді.

ҮЙДЕН АЙЫРЫЛУ ҚАУПІ

Шымкенттің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағының тұрғыны Уәлихан Тәжібаев. Шымкент, 7 сәуір 2014 жыл.
Шымкенттің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағының тұрғыны Уәлихан Тәжібаев. Шымкент, 7 сәуір 2014 жыл.
Өзбекстаннан көшіп келген оралман Уәлихан Тәжібаев – «заңсыз түрде жер алғанын» енді білгендердің бірі. Ол 2010 жылы осы аумақтан әрқайсысына 12 мың доллар төлеп төрт жер телімін сатып алыпты. Оның сөзінше, құжаттарды рәсімдеу кезінде нотариус те, архитектура бөлімі де, жылжымайтын мүлікті тіркейтін органдар да бар құжаттардың заңды екенін растап, жер телімін сатып алушылардың атына рәсімдеген. Үй құрылысын бастағанда қалалық архитектура бөлімі рұқсат қағазын берген. Алайда 2012 жылы әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысы басталған кезде жер телімдерін мемлекет меншігіне өткізу туралы сөз қозғалыпты.

Уәлихан Тәжібаевтың Азаттыққа айтуынша, 2010 жылы учаскені өзіне сатушымен бірге рәсімдеу үшін нотариуске барғанда бұл жер телімін сатып алу заңға қайшы келмейтінін, құзырлы органдар тыйым салмағанын, өкіметтің сенімді өкілі ретінде кепіл болатыны құжатпен расталған. 2012 жылдың жазында орталықтың құрылысы басталып, күз мезгілінде тұрғындардың қолына әкімдіктің құрылыс салуға тыйым салу туралы қаулысы тигенде ғана үй-жайынан айырылу қаупі төнгенін сезіне бастаған.

Содан бері әкімдікке арызданып келе жатқан тұрғындардың үміті биылғы наурыз айының соңында бас прокуратура «Нұрсәттегі» жер телімдері туралы арнайы мәлімдеме жасағанда біржола үзілгендей болды. Бас прокуратураның наурыздың соңында келтірген мәліметі бойынша, «2004 жылы мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша жаңа «Нұрсәт» шағын ауданын салу үшін Шымкент қаласынан 283 гектар жер бөлінеді. Бірақ оншақты жыл ішінде бұл аумақтың жартысына жуығын әкімдік тұрғындарға заңсыз түрде сатып жібереді. Сатылған учаскелердің әуелгі құжаттары, жер-кадастр істері электрондық базадан жойылады. Содан соң әкімдік аталған аумаққа әкімшілік-іскерлік орталық салу туралы жоспар құрып, сатылған жер телімдерін Алматы мен Астанадан да қымбат бағалап қайта сатып ала бастайды».

ҚҰРЫЛЫС АУМАҒЫНДАҒЫ ЖҰПЫНЫ ТІРШІЛІК

Қазір әкімшілік-іскерлік орталықтың аумағында қызу құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс аймағының әр тұсынан жұпыны тұрғын үйлер қылтияды. Кейбірінде адамдар тұрып жатқаны байқалады. Бір үйлердің қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылса да, құрылысы аяқталмаған. Енді бірінің іргетасы құйылған. Орталықтың бас жоспарында көрсетілген аумақ болса да, жер телімдерінің бәріне бірдей газ, су тартылмаған. Қара жол, батпақ, жердің миы шығып жатыр. Бала-шағасымен пәтер жалдаудан шаршаған Уәлиханның 11 жаннан тұратын отбасы жарықсыз, сусыз осында күнелтіп, өмір сүруге мәжбүр.

Жаңа әкімшілік-іскерлік орталық аумағының кішкентай тұрғындары. Шымкент, 7 сәуір 2014 жыл.
Жаңа әкімшілік-іскерлік орталық аумағының кішкентай тұрғындары. Шымкент, 7 сәуір 2014 жыл.
«Өзбекстаннан көшіп келгеннен соң үш жыл пәтерде жүрдік. Жиған-тергеніміздің бәрін осы үйдің құрылысына салдым. Үйді салған ұсталардың еңбекақысын әлі күнге бере алмай жүрмін. Үкімет үй салуға да, сатуға да тыйым салып тастады. Не алмайды, не қоймайды» деп налиды Уәлихан.

Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қасымбек Сайлауовтың Азаттыққа айтуынша, 2004 жылы «Нұрсәт» шағын ауданынан жаңа әкімшілік-іскерлік орталығын салу үшін 364 гектар жер бөлінген (бас прокуратура 283 га деп көрсетеді – ред.). Жер қатынастары бөлімі қазіргі таңда осы бөлінген жердің 279 гектарымен жұмыс істеп жатыр. Дәл осы 279 гектар жердің бүгінге дейін 220 гектары мемлекетке қайтарылған. Қалған 59 гектар жердің 390 меншік иесіне Жер кодексінің 84-бабына сәйкес ерекше жағдайларда, оның бірі қаланың бас жоспарын орындау үшін жер учаскелерін мемлекет қажеттілігіне өткізу керектігі айтылып, түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Оның сөзінше, бас прокуратура «заңсыз рәсімделген» деп сипаттаған «Нұрсәттегі» бірқатар жер телімдері қала аумағына Сайрам ауданынан кейін қосылған.

«2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданынан 4 мың 640 жер телімі қала аумағына өтті. 2004 жылы жоспарланған жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың бір бөлігінде Сайрам ауданынан өткен осы жер телімдері кірген болатын. Прокуратура қызметкерлері түгендеу жұмыстарын жүргізген кезде Сайрам ауданынан өткен жер телімдерінің құжаттары жасанды екенін анықтады. Алайда бұл жер телімдері бірнеше рет сатылымға түсіп, жер иесі өзгерген» дейді Қасымбек Сайлауов.

ӨТЕМАҚЫ ДАУЫ

Қасымбек Сайлауов прокуратура қызметкерлері 100-ден астам жер телімі жалған құжат негізінде берілгенін анықтап жатқанын, егер бұл құжаттар жарамсыз деп табылса, меншік иелеріне өтемақы берілмейтінін айтты. Ал жер телімі Мүлік туралы заңның 67-бабына сәйкес бағаланатынын жеткізді. Бұл бапқа сәйкес жер телімінің бағасы сатып алған кезде жасалған келісім-шарттарда көрсетілген бағамен белгіленеді. Бұл баға нарық құнынан аспауы керек. Ал нарық құнын жекеменшік бағалаушы мекемелер өз ережелеріне сәйкес анықтайды.

Шымкенттің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығының "заңсыз" үйлер салынған аумағы. Шымкент, 7 сәуір 2014 жыл.
Шымкенттің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығының "заңсыз" үйлер салынған аумағы. Шымкент, 7 сәуір 2014 жыл.
«Бүгін «Нұрсәттегі» тұрғын үйге берілген жер телімдері 1 – 3 миллион теңге (5,5 – 17 мың АҚШ доллары) көлемінде бағаланып жатыр. Егер меншік иесі жер теліміне үй соғып қойған болса, жер телімі тұрғын үймен бірге қосып бағаланады» дейді Сайлауов.

Шымкенттегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың аумағындағы жер телімдерінің иелері бұл бағамен келіспейтіндерін айтады. Тұрғындар өз беттерінше бүгінгі нарықта «Нұрсәттегі» жер телімдерінің бағасы қанша екенін білу үшін жергілікті газеттерге жарнама берген. Олардың сөзінше, сатып алушылар әкімдік белгілеген бағадан екі-үш есе артық сома ұсынған. Тек жер телімдеріне қатысты тыйымды жойып, құжаттарын заңдастырып беруді сұраған.

«Міне, әкімдік осы бағаға үйді салуға кеткен шығынды қосып, бағалауы керек. Соның өзінде біз ұтпаймыз, ұтыламыз. Еткен еңбегіміз, тозған жүйкеміз үшін ақы сұрап отырған жоқпыз, бар мүлігімізді әділ бағаласын» дейді Уәлихан Тәжібаев.

Уәлихан сияқты болашақ әкімшілік-іскерлік орталықтың аумағынан жер телімін алған тұрғындар қалалық жер қатынастары бөлімі жер телімі мен салынған үйдің бағасын әділ шығармаса, жерді мемлекет қажеттілігіне өткізуден бас тартамыз дейді.
XS
SM
MD
LG