Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданының тұрғыны Зәуре Сағындықова тергеушілер 1937 жылы Қарағандыдағы үйінен алып кеткен атасы Мұстафа Сағындықовтың дерегін 55 жылдан соң – 1992 жылы мұрағаттағы құжаттарды көрген соң ғана білген.
– Мұрағаттан атам Мұстафаны тергеу кезінде толтырылған хаттамасымен бірге соңғы хатын таптық. Хатта кінәсіз екенін, тек отан үшін еңбек еткенін айтып, үкіметтен өзін ақтауды сұрапты. Меніңше, атам құрбан болатынын білсе де, соңғы демі қалғанша сеніммен өмір сүрді. Ол кісі Шымкентте атылыпты, – дейді ол.
Зәуре Сағындықованың айтуынша, атасынан қалған тілдей қағазды әкесі барлық әулетін жинап алып оқып берген.
– Жыладық. Әсіресе әкем еңкілдеп жылады. Сол сәт көз алдымда мәңгілік қалып қойды. Көп өтпей әкем де қайтыс болды, – дейді ол.
Атасының жерленген жерін іздеп тапқан Зәуре Сағындықова жыл сайын 31 мамырда – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Шымкенттегі «Қасірет» мемориалы кешеніне келіп Құран бағыштайтынын, саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіндегі атасының есімі жазылған қабырғаға келіп жылайтынын айтады.
КӨРІҢІЗ: Шымкентте қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
«КӨБІНІҢ ҰРПАҒЫ ДА ҚАЛҒАН ЖОҚ»
Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры Ханбибі Есенғараеваның дерегінше, совет өкіметі кезінде Оңтүстік Қазақстан облысында 7 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған.
– Екі жарым мың адам Қайтпас шағын ауданындағы «Қасірет» мемориалдық кешенінде мәңгілік мекенін тапты. Ал республика бойынша 25 мың адам атылған, олардың көбісінің артында қалған ұрпағы жоқ. Оларды біз еске алып, Құран бағыштауға міндеттіміз, – дейді ол.
Тарихшы, «Әділет» тарихи-қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбаевтың сөзінше, Қазақстандағы 1928-1929 және 1937-1938 жылдары болған саяси репрессия кезінде қанша адам мерт болғаны әлі анық емес.
– Бүгінгі күндері айтылып жүрген сандарды нақты дерек деп айту қиын. 120 мыңдай адам репрессияға ұшырап, 25 мыңдай адам атылды деп жүр. Бұл цифрлар бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін, – дейді тарихшы.
Репрессияға байланысты негізгі деректер ұлттық қауіпсіздік комитетінен ішкі істер министрлігіне берілгенін айтқан тарихшы «бұл материалдармен танысу әлі мүмкін болмай отыр» деп қынжылады.
– Қуғын-сүргінге іліккен адамның туыстары мен ұрпақтары тағылған айып пен шығарылған үкім туралы мәліметті ғана ала алады. Ал тексеру материалдары берілмейді. Көптеген жасырын материалдарды ашу үшін жаңа заң керек. Ондай ұсыныс парламентте әлі жатыр, – дейді ол.
Ал атасы Мұстафа Сағындықовтың басына келіп Құран оқып қайтқан шымкенттік Зәуре Сағындықова «саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың барлығы отаны үшін оққа ұшқанын қазіргі ұрпақ ұмытпауы керек» деп біледі.
Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ел президентінің 1997 жылғы бұйрығы бойынша жыл сайын 31 мамыр күні еске алады.