Accessibility links

Рубльдің құлауы Қазақстанға қалай әсер етпек?


Ақша айырбастау пунктінің алдындағы мәскеулік. 3 желтоқсан 2014 жыл. Көрнекі сурет
Ақша айырбастау пунктінің алдындағы мәскеулік. 3 желтоқсан 2014 жыл. Көрнекі сурет

Мұнай бағасының арзандауы мен Ресей рублінің күрт құлдырауы Қазақстанда пессимистік көңіл-күй тудырды. Экономистердің бірі қатер бар десе, екіншісі алаңдауға әзірше негіз жоғын айтады.

Осы аптада бір АҚШ долларына шаққандағы ресми бағамы 52-ге дейін түсіп кеткен Ресей рублі биыл 50 пайызға құнсызданды. Рубль тап болған проблеманы көбінесе мұнай бағасының арзандаунан көреді. Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің құны қазір 70 доллардан сәл асады.

Мұнай – Қазақстан үшін негізгі экспорт тауарларының бірі. Қазақстанның ұлттық валютасы соңғы рет биыл ақпанда 19 пайызға құнсызданып, ал Ұлттық банк сол кезден бері әлі күнге дейін «мұнай бағасының арзандауы мен Ресей рублінің құлдырауы сияқты бүкіл қатерлі жайттарды ескергенбіз» деп мәлімдеп келе жатқанымен, соңғы кезде елде теңге девальвациясына қатысты қорқыныш күшейді.

Мәскеу - Астананың сыртқы саудадағы негізгі әріптесі әрі екі ел де өз экономикасын Еуразия экономикалық одағы аясында интеграциялауға келіскендіктен, «Ресей экономикасының тоқырауы Қазақстандағы ахуалға да жайсыз әсер етеді» деген пікір ұлттық банк мәлімдемелеріне қарамастан тарап барады.

Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаевтың болжамынша, Ресейдегі дағдарыс теңге девальвациясына ұласпайды. Бірақ ол бұдан ертеректе Ресей рублінің құнсыздануы теңге бағамын қолдау үшін Қазақстанның алтын-валюта қорына қысымды күшейтуі мүмкін деп мәлімдеген.

Теңге девальвациясына қарсы акция өткізгендерді полиция ұстап әкетіп барады. Алматы, 15 ақпен 2014 жыл
Теңге девальвациясына қарсы акция өткізгендерді полиция ұстап әкетіп барады. Алматы, 15 ақпен 2014 жыл

Экономист әрі ұлттық банк кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтың пікірінше, елдегі жағдайға қысымды Ресейден тұтыну тауарларын әкелудің өсімі күшейтуі мүмкін. Бірақ нарықтағы сұраныс азайған тұста оның өсуі неғайбіл. «Панорама» газетінде жарияланған «Тұрақсыздық ауыртпалығы» («Бремя нестабильности») деген мақаласында экономист «Ал өнеркәсіп тауарларына келсек, таңдау жоқ – көлемі алдын ала белгіленіп қойған импорттың доллармен бағасы арзандауы мүмкін» деп жазады.

Экономист Ресейден әкелінетін өнеркәсіп тауарлары бағасының біраз арзандағанын ескертеді. Сондықтан ол Ресей экономикасы 2015 жылы ұшырайды деп болжанған рецессия стагнацияға ұласып, Ресейден Қазақстанға импортталатын тауар көлемі одан әрі азая түседі деп болжайды.

Сарапшы Ресей экономикасы 2015 жылы ұшырайды деп болжанған рецессия стагнацияға ұласып, Ресейден Қазақстанға импортталатын тауар көлемі одан әрі азая түседі деп болжайды.

Экономистің есебінше, егер бұл ахуал сақталса, 2014 жылы Қазақстанның Ресеймен арадағы саудадағы теріс сальдосы 9 миллиард 700 миллион долларға дейін кеміп кетуі мүмкін (2013 жылы - 12 миллиард 700 миллион доллар болған).

Ресеймен өзара саудадағы теңгерімсіздікті ескере отырып Олжас Құдайбергеновтің пікірімен көптеген экономистер келіседі. Экономист Мағбат Спанов Азаттыққа берген комментарийінде «Қазақстан үкіметі қазір көрші ел мұқтаждық көріп отырған ауыл шаруашылығы өнімдерін Ресейге экспорттауды ұлғайту мүмкіндігін пайдалана алады» дейді.

Кейбір сарапшылардың болжамынша, елдің негізгі кіріс көзі болып саналатын мұнай бағасының арзандауына байланысты оны экспорттаудан түсетін ақша азайып бара жатқандықтан, Қазақстан халқына бәрібір қиын тиеді. Экономист Мағбат Спанов түсім тапшылығы мен инвестицияның азаюы байқалып, әлеуметтік төлемдердің қысқаруы мүмкін деп болжайды.

Ақша айырбастау пунктінде тұрған шымкенттіктер. 1 тамыз 2014 жыл. Көрнекі сурет
Ақша айырбастау пунктінде тұрған шымкенттіктер. 1 тамыз 2014 жыл. Көрнекі сурет

Бірақ экономист Олжас Құдайбергенов мұнай өндірудің тек 28 пайызын ғана бақылауында ұстап отырған мемлекет бүкіл кірісті емес, өзіндік құнын, салықтарды және оның үстінен аз-маз ғана табыс көретінін ескертеді. Ол мақаласында «егер мұнай бағасы арзандаса, көбінесе шетелде қалатын бөлігі қысқарады» деп жазады. Оның пікірінше, егер мұнайдың бір баррелі 60 доллардан төмен арзандаса және осы деңгейде кемі 2-3 ай тұрса экономика өсімі тоқтайды.

Жуырда Қазақстан үкіметі келесі үш жылдың бюджетін қайта есептеп, келесі жылдың бюджетін мұнайдың бір баррелі 80 доллар есебінен, пессимистік болжам бойынша бір баррелі – 70 доллар болады деп алынғанын жариялады.

Үкімет сияқты кейбір сарапшылар да қиын заманға деп жиналған ұлттық қордағы ақшаға сүйенеді. Қазір оның қоры 100 миллиард доллардан асады. Үкімет қордан бюджетке үш миллиард доллар аударатынын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG