Accessibility links

Ресей санкциялар қысымын сезіне бастады


Ақша айырбастау орнында доллар мен еуро бағамы көрсетілген жазу жанында тұрған әйел. Мәскеу, 16 қыркүйек 2014 жыл.
Ақша айырбастау орнында доллар мен еуро бағамы көрсетілген жазу жанында тұрған әйел. Мәскеу, 16 қыркүйек 2014 жыл.

Батыс елдері санкцияларының Ресей экономикасына әсері айқын байқалып отыр. Рубль құнсызданып, үкімет мемлекеттік компанияларды қолдау үшін жан-жақтан қаражат іздей бастады.

Кремльдегі билік Батыс санкцияларынан мұртымыз да қисайған жоқ дегенімен, санкцияның мемлекеттік бюджетке зор шығын келтіріп жатқаны анық байқалады.

Мәскеуді Украинаға қатысты озбыр саясаттан бас тартқызуға мәжбүрлеу үшін АҚШ пен Еуропа Одағы қолға алған санкциялар 12 қыркүйекте тіпті күшейе түсті. Ресейдің мемлекеттік компаниялары Батыстың қаржы нарығынан шеттетілді, ал мемлекеттік энергетикалық компаниялар батыстың технологиясынан қағылды.

Қылбұраудың қыса түскенінің бір белгісі – соңғы апталарда Ресей валютасы бұрын-соңды болмаған деңгейге құлдырады. 15 қыркүйектегі мәлімет бойынша, 1 АҚШ доллары 38,24 рубльге бағаланған.

Жағдайдың нашарлағанының тағы бір нышаны – үкімет Батыстағы кредиторлардан қарыз ала алмай қалған мемлекеттік банктер мен мұнай компанияларына қол ұшын созу мақсатында зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін «дағдарысқа қарсы резервке» жөнелтетінін хабарлады.

15 қыркүйекте Ресей қаржы министрі Антон Силуанов 2015 жылы зейнетақы қорына жіберіледі делінген 8,2 миллиард доллардың кем дегенде 2,6 миллиарды «резервке» жөнелтіледі деп мәлімдеді. Ол «қажетті қор» жинау мақсатында келер жылдың мемлекеттік бюджетінен де біраз қаражат бөлінетінін айтты.

«РОСНЕФТЬ» КӨМЕК СҰРАДЫ

Қаражаттан қиындық көріп отырғандар арасында Ресейдің мұнай алпауыты – «Роснефть» компаниясы да бар. Олар жақында үкіметтен көмек сұрады.

Ұлыбританияның Telegraph басылымының жазуына қарағанда, «Роснефть» үкіметтен инвестициялық қажеттіліктерді өтеу үшін 40 миллиард доллар қарыз сұраған әрі 29 миллиард доллар қарызын келер жылдың соңына дейін қайта қаржыландыруды өтінген.

Табиғи газ өндіретін Новый Уренгой қаласына кіреберістегі белгі.
Табиғи газ өндіретін Новый Уренгой қаласына кіреберістегі белгі.

Қаржы тапшылығына ұшыраған мемлекеттік компанияларға жылу жинау науқаны тек зейнетақы жүйесімен шектеліп қалмайтын тәрізді.

Ресей экономикалық даму министрі Алексей Улюкаев 12 қыркүйекте «санкциядан зардап шеккен компанияларды кез келген әдіспен қолдаймыз» деп мәлімдеді. Үкімет оларға бюджеттен тікелей қаржы аударуы мүмкін немесе зейнетақы қорының не Ұлттық әл-ауқат қорының қаражатына қол салуы да ықтимал.

Ұлттық әл-ауқат қоры – экономикалық қиындықтар туындай қалғанда қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында энергетикалық шикізатты сатудан түскен табысты жинақтау үшін құрылған екі қордың бірі.

МҰНАЙ БАҒАСЫ

Мәскеу басы артық ақшаны қайдан болса да іздеп табуға дайынбыз деп күпінгенімен, санкцияның салқыны тиген компанияларға көмектесуге үкіметтің қолы қысқа екені білініп қалды.

– Барлығы мұнай бағасына байланысты. Бюджет пен екі ұлттық қорға қосымша қаражаттың жиналуы әлемдегі мұнай бағасына тікелей тәуелді болмақ, әзірге баға Ресейдің артық табыс табуына мүмкіндік беретіндей жоғары болып тұрған жоқ, - дейді Лондондағы Еуропалық реформа орталығының сыртқы саясат жөніндегі директоры Ян Бонд.

Ямал-Ненец автономиялық округі. Ресей. 23 қазан 2012 жыл.
Ямал-Ненец автономиялық округі. Ресей. 23 қазан 2012 жыл.

Еуропадағы қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) 18 қыркүйекте жариялаған есебінде 2015 жылы Ресей экономикасының дамуы баяулайды деп болжам жасаған. Батыстың Ресейге салған санкциялары мен Мәскеудің жауап ретінде оларға қарсы салған санкцияларының кесірінен экономиканың өсімі 0,2 пайызға төмендейді дейді ЕҚДБ сарапшылары.

Экономикалық ахуалдың нашарлап бара жатқанын айтып, дабыл қағуға батылы баратындар аз. Сондай санаулы мамандардың бірі – Ресейдің бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудрин.

16 қыркүйекте Мәскеуде өткен бизнес конференциясында ол «әлеуметтік саладағы шығынның көптігінен және экономикалық дамудың баяулауынан үкімет Батыс санкцияларынан жапа шеккен компаниялардың барлығына бірдей көмектесе алмайды» деп мәлімдеді.

Кудриннің болжамы бойынша, биыл Ресей экономикасы стагнацияға ұшырайды не аздап нашарлайды, ал 2015 жылы кері кетеді. Ресей үкіметі болса керісінше, биыл экономика 0,5 пайызға, ал келер жылы 1 пайызға өседі деп болжап отыр.

ШЫҒЫСТА АШЫЛҒАН МҮМКІНДІК

Кремль экономикалық дағдарыс Ресейдің даму мүмкіншіліктерін арттырады дегенді тынбай қайталап келеді.

Дәл сол конференцияда сөз сөйлеген Аркадий Дворкович «Шығысқа бетбұрыс Ресейдің алдынан даңғыл жол ашты, әсіресе Қиыр Шығыс аймағына» деген пікір айтты.

Қыс мезгілінде Сібірдегі жолда келе жатқан көлік. Новый Уренгой, 18 желтоқсан 2007 жыл.
Қыс мезгілінде Сібірдегі жолда келе жатқан көлік. Новый Уренгой, 18 желтоқсан 2007 жыл.

Мәскеу өкілдері мысал ретінде биыл мамырда Шанхайда Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай төрағасы Си Цзинпинь қол қойған 400 миллиард доллардың газ келісімін мысалға келтіреді. Осы келісімнің негізінде Сібір арқылы құбыр тартылып, Ресей газы Азияның дамыған нарығына тікелей жеткізілмек.

Ал сарапшылардың айтуынша, бұл жоба Ресейге табыс келтіруі үшін әлі біраз жыл керек.

– Бұл келісім бойынша Ресей екі жаңа кенішті игеріп, жаңа құбыр инфрақұрылымын жасауы керек, себебі қазір Еуропаны қамтамасыз етіп отырған батыс Сібірдегі кеніштерден шығысқа – Қытайға қарай ешқандай құбыр инфрақұрылымы жоқ. Ал мұны бір түнде жасау мүмкін емес, - дейді Ян Бонд.

«БАСКЕСЕРЛЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ»

Мемлекеттік компанияларға көмек қаржы жинау үшін үкімет тағы қандай шараларға баруы мүмкін деген сұрақ толғандырады.

Осы аптада Ресей полициясы елдегі ең бай бизнесмендердің бірі – «Башнефть» мұнай фирмасына қожалық ететін «АФК Система» тобының жетекшісі әрі елдегі ірі ұялы байланыс операторларының бірі – «МТС» компаниясының иесі Владимир Евтушенковтың үстінен қылмыстық іс қозғады.

Ресейлік миллиардер Владимир Евтушенков.
Ресейлік миллиардер Владимир Евтушенков.

Кейбір сарапшылар Евтушенковты «ақша жымқырды» деп айыптау арқылы оның активтерін тартып алуға ниеттеніп жатқандар болуы мүмкін дейді.

Ресейдегі бұрынғы телекоммуникация магнаты, Кремльдің қырына ілінген соң Лондонға көшіп кеткен Евгений Чичваркин Путиннің әскери айлалары мен және сол айлаға байланысты салынған санкциялардың кесірінен Ресей қаржы тапшылығына ұшырады деп білді. Оның ойынша, Евтушенковке қарсы іс «Башнефтті» тартып алып, «Роснефтьке» қосу немесе оны мемлекеттік фирмаға айналдыру мақсатымен жасалып жатыр.

– Мұның саясатқа еш қатысы жоқ, бұл – кәдімгі баскесерлердің әңгімесі. Қырым қолтыққа келе қалып еді, оны тартып алды. Енді «Башнефть» ыңғайға келіп тұр, олар оны да тартып алады, - деді Чичваркин Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында.

Чарльз Рекнагельдің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG