Мамырдың 26-сы күні Алматыда өткен «I-Mix» интернет-конференциясында мамандар Қазнеттің өзекті деген проблемаларын талқылады.
Кейбір мамандардың пікірінше, «Қазнет дүрілдеп дамып келе жатқанмен» онда назардан тыс қалдыруға болмайтын ірі проблемалар бар. Әлеуметтік желі, блогтар саны көбейгенмен олар қоғамдық-саяси маңыздылығын дәлелдей алмай отыр.
Блогшы Әділ Нұрмақовтың пікірінше, бұл тұрғыда Қазақстан көрші Ресейдің ізімен жүріп келе жатыр.
- Интернет іс жүзінде телеарна-радиолардың бағытымен жүріп келеді. Әрине, ғаламтор өз-өзін реттейді. Дегенмен ондағы ресурстарға қарап соны байқауға болады.
«В контакте», «Мой мирді» қараңыз, барлығы ойын-сауық бағытында. Адамдар қоғамдық-саяси, маңызды проблемаларды жазбайынша, интернетті жай ғана көңіл көтеру мақсатында пайдалана берсе, онда ешқандай проблема да шешілмейді, - дейді блогшы Әділ Нұрмақов.
«ОЙЫН ЕРЕЖЕСІ»
Қазақстанда интернетте цензураның жоғарылағанын бірқатар саясаттанушылар да айтады. Олардың пікірінше, қазіргі таңда тек «ойын ережесін» білетін ресурстар ғана өмір сүре алады. Бұл мейлі, сайт, блог, әлеуметтік желі болсын, бәріне қатысты.
- Қазір ойын ережесін білетін сайттар ғана жұмыс істеп отыр. Үкіметті, министрлікті сынауға болады. Бірақ Назарбаев пен оның отбасын сынауға табу қойылған. Тек сол кезде ғана олар жұмыс істей алады, - дейді Досым Сәтпаев.
Досым Сәтпаев (Тәуекелді бағалау тобының жетекшісі) және Айдос Сарым (А.Сәрсенбайұлы қорының басшысы). Алматы, 9 наурыз 2011 жыл
Оның айтуынша, қазақтілді, орыстілді сегменттерде саясат туралы жазатындар өте аз. Саясаттанушының пікірінше, бұл қайталана беретін болса, онда ресурстар әлеуметтік маңыздылығынан айрылуы мүмкін.
- Қазір интернет тұтынушылардың басым бөлігі интернетке ән, фильм жүктеу үшін немесе біреумен сөйлесу үшін кіреді. Олардың саясат туралы көзқарастары өте қарабайыр. Бұл, әрине, проблема. Себебі сен «саясатпен араласпасаң, саясат сенімен араласады». Егер сіз дайын болмасаңыз, онда біреудің қолжаулығы болып кетуіңіз оп-оңай, - дейді Досым Сәтпаев.
ҚАЗАҚ БЛОГОСФЕРАСЫ ЖӘНЕ САЯСАТ
Әнуар есімді блогшы қазақ блогосферасында қоғамдық-саяси тақырыптарға арналған блогтардың аз екенін айтады. Оның пікірінше, блогшылар саяси тақырыптарды қозғаудан қашқақтайды.
- Саяси тақырыптарға қатысты қазақтілді блогшылар арасында өзіндік цензура бар. Мұндай құбылыс жақсы ма, жаман ба, уақыт көрсетеді. Дегенмен саясаттан тыс қалмау керек деп есептеймін, - дейді Әнуар есімді блогшы.
Саяси тақырыптарға қатысты қазақтілді блогшылар арасында өзіндік цензура бар.
Бірақ, саясаттанушы Айдос Сарымның пікірінше, блогтардың бейсаяси сипат алу себептерінің бірі – «қорқыныш» емес, қазақ жастарының саяси белсенділігінің аздығы болуы мүмкін. Оның пікірінше, Қазақстанда «бүгінгі күні өз пікіріңді еркін жеткізетін ашық алаң болса, бұл – сөзсіз интернет».
- Өткен жолы Медведевтің өзі елдегі басты үш телеарнаның басшыларымен кездескенде «неге теларна жаңалықтары мен интернеттегі ақпараттар арасында мен жер мен көктей айырмашалық бар?» деп сұрақ қойып, кәдімдігідей ойға қалдырған болатын. Менің ойымша, бізде де дәл сондай жағдай, - дейді Айдос Сарым.