Accessibility links

Софроний әкей Ресейге кетті


Софроний әкей. Түймебаев ауылы, Алматы облысы, 3 қыркүйек 2013 жыл.
Софроний әкей. Түймебаев ауылы, Алматы облысы, 3 қыркүйек 2013 жыл.

Жұртқа «Софроний әкей» деген есіммен белгілі Петр Евтихеев сенбіге қараған түні Қазақстан жерінен кетті. Қазақстандағы орыс православ шіркеуі «ол Ресейге ауыстырылды» деп мәлімдеді.

Сенбі күні таңертең Софронийдің адвокаты Владислав Мадзигон Азаттық тілшісіне «Софроний (азаматтық аты-жөні – Петр Евтихеев) желтоқсанның 14-іне қараған түні Қазақстаннан Ресейге кетті» деп хабарлады.

Ал 13 желтоқсанда Қазақстандағы орыс православ шіркеуі (ОПШ) басшысы митрополит Александр Софронийді қызметінен босату және Ресейдегі епархиялардың біріне ауыстыру туралы жарлық шығарған.

Қазақстан ОПШ басшысының жарлығында «Менің жарлығым бойынша Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылы Ақмола Новомученик және Исповедниктер ғибадатханасы клиригі игумен Софроний (Евтихеев) өз өтініші бойынша 2013 жылдың желтоқсанынан бастап қызметінен босатылып, Астана және Алматы епархиясы штатынан шығарылды және оған Иркутск епархиясына ауысу еркі берілді» деп жазылған.

Қазақстандағы ОПШ баспасөз қызметі бұған дейін «2013 жылдың 20 мамырында игумен Софроний балаларды паналату орны директоры қызметінен, ал 2013 жылдың 1 маусымынан бастап Свято-Сергиевский ғибадатханасы басшысы қызметінен де босатылды. Ал желтоқсанның 1-інен Астанаға қызметке ауыстырылды» деп хабарлаған еді.

Бірақ Софроний әкей желтоқсанның 11-іне дейін Свято-Сергиевский ғибадатханасын, жұрт оның есімімен атап кеткен балаларды паналату мекемесі мен қарттар үйін де іс жүзінде басқарып келді. Софроний жаңа қызмет орны - Ақмола облысындағы Ақмол ауылында бір күн де болған жоқ.

Софронийдің өзін де, ол басқарған паналау мекемесін де сотпен қудалаудан кейін оның Қазақстандағы діни қызметі мен қамқоршылық міндеті аяқталды.

Свято-Вознесенский шіркеуінің кілтшісі Александр Суворов Zonakz.net сайтына берген сұхбатында: «Билік Қазақстандағы ОПШ алдына паналау орны Софронийсіз жұмыс істесін немесе мүлде жұмыс істемейді деген үзілді-кесілді талап қойған» дейді. Қазақстандағы ОПШ басшылығы Софронийді Свято-Сергиевский ғибадатханасы, балалар мекемесі және қарттар үйінен шеттеткеннен кейін паналау орнын сотпен қудалау тоқтаған.

Қазақстандағы орыс православ шіркеуінің басшысы митрополит Александр. Алматы, 12 желтоқсан 2013 жыл.
Қазақстандағы орыс православ шіркеуінің басшысы митрополит Александр. Алматы, 12 желтоқсан 2013 жыл.
Билік Софроний мен паналау орнына қатысты оқиғаларға ресми түсініктеме беруден бас тартты.

12 желтоқсан күні Алматы облыстық сотында «паналау мекемесінің тәрбиеленушісі – қыз баланы ұрып-соқты» деген айыппен жуырда ірі көлемде айыппұл салған шешімге қарсы Софронийдің шағымы қаралуы тиіс болған. Бірақ адвокаты Владислав Мадзигонның айтуынша, сол күні Софроний жүрегі қысылып, сотқа келе алмаған. Ал апелляциялық сот отырысы шағым иесінсіз өтіп, Софронийдің арызын қанағаттандырудан бас тартқан әрі алғашқы соттың айыппұл өндіру туралы шешімін күшінде қалдырған.

Софроний желтоқсанның 13-і күні Қазақстан баспасөз клубында ақпарат құралдары өкілдеріне арналған жиын өткізеді деп жоспарланған еді. Бірақ клуб «техникалық себептерге байланысты» жиынның болмайтынын хабарлады. Ақыры Софроний Алматыдағы жеке меншік студиялардың бірінде «қоштасуға» мәжбүр болды. Ол Владислав Мадзигонды Қазақстанда заңмен шешілетін істер жөніндегі сенімді өкілі деп жариялады.

Ресей азаматы Софроний көп балалы отбасында дүниеге келген, совет армиясы қатарында қызмет еткен. Ол Алматы облысы Іле ауданы Түймебаев атындағы ауылдағы 120 бала тәрбиеленіп жатқан паналау орны мен 120 қарт және мүгедек жандар тұратын қарттар үйін ашқан. Балалар мен қарттар паналайтын баспананың жақсы жабдықталған жатаханалары, жеке инфрақұрылымы, үлкен қосалқы шаруашылығы, ауыл шаруашылық жері бар. Софроний Қазақстанда 1991 жылдан бері тұрған. 1993 жылы Алматы діни училищесін, ал 1999 жылы Тобыл семинариясын сырттай бітірген.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG