Accessibility links

Жезөкшеліктен қашқандардың кейбірі қайтадан құлдыққа түседі


Құлдық құрбандарының бірі. Көрнекі сурет.
Құлдық құрбандарының бірі. Көрнекі сурет.

Қылмыскерлер жас қыздарды жезөкшелікпен айналысуға күштеп көндірген. Ретін тауып, қашып құтылған олар қазір халықаралық көш-қон бағдарламасы бойынша реабилитациядан өтіп жүр. Кейбіріне жеке күзет те жалданды.


КАТЯ

Ол мұндай жағдайға биыл тап болды. Өз сөзіне қарағанда, жақын құрбысы оны бір жігітпен таныстырған. Әлгі жігіт оған Көкшетау қаласындағы бір кафеде даяшы бол деп ұсыныс айтты. Катя ауылда анасымен бірге тұратын, ақшаға мұқтаж болатын. Катя келісті.

Кейін белгілі болғандай, әлгі жігіт сутенер екен. Көкшетауға келген соң Катяны осы өңірге қатігездігімен аты шыққан Жанна деген сутенерге 20 мың теңгеге сатып жібереді. Жәбірленушінің айтуынша, әйелдер 20-30 мың теңгеге сатылады.

– Катя Жаннаның қол астында бірнеше ай болады. Бірде Катяны өзі танитын бір жігіт ұрлап әкетіп, Қарағандыдағы басқа сутенерге сатып жібереді. Бұл, сірә, күні бұрын келісіліп жасалған іс болса керек. Катя Қарағандыдағы сауналарда өткізілген рейд кезінде табылды. Ол сол жерде полицияға шағым жазған соң бір айдай реабилитация орталығында емделеді. Осы орталықта тура осындай жағдайды басынан кешкен өзі қатарлас қызбен танысады. Әлгі қыз "бұл жерден қашып кет, өз бетіңше жұмыс тауып ал" деп, Катяны үгіттеп көндіреді. Бірақ мұның бәрі алдын-ала жоспарланғанын білмей, әлгі қызға сеніп қалған Катя өзі қашқан торға қайта түседі. Жаңа сутенер қызға «ең жақсы еңбек шартын» айтып, түскен пайданы теңдей етіп бөліп алуға ұсыныс жасаған. Бірақ қыз бұл шарттан да, жыныстық қызмет көрсетуден де бас тартқан, - дейді халықаралық жоба негізінде мұндай жандарға психологиялық әрі заңды көмек көрсететін «Қайсар» қоғамдық қорының басшысы Оксана Тарабукина.
Көшедегі жезөкшелер. Көрнекі сурет.
Көшедегі жезөкшелер. Көрнекі сурет.

Катя үйіне оралғанда оны вокзалда жанында еңгезердей екі жігіт бар Жанна күтіп тұр екен. «Мені вокзалда ұстап алып, бірден күштеп машинаға мінгізді. Сөйтіп, қайтадан Жаннаның пәтеріне алып келіп, мені «жөнге сала» бастады. Олар мені соққыға жықты, денемді үтікпен күйдірді. Шамам жоқ екеніне қарамастан, сұраныс болса, жарақатым таңылған күйде еркектерге өткізді» дейді Катя.

Бірде оны тапсырыс бойынша бір ер адамның үйіне әкеп тастайды. Әлгі адам бұған жаны ашығансып, үйінде алып қалады. Бірақ бұл «жанашырлық» бар-жоғы бір аптаға ғана созылған.

Бірде кешке қарай әлгі адамның үйіне оның бірнеше досы жиналып, көңіл көтереді. Есірткі шегіп алған соң олар Катяның мазасын ала бастайды.. Қыздың қатты қарсылық танытып, бар даусымен айғайлап көмекке шақырғанын естіген көршілер полиция шақырады.

Полиция Екатерина Қазақстанның әртүрлі қаласында әр кезде қозғалған түрлі қылмыстық істерде жәбірленуші ғана емес, куәгер екенін де анықтайды.

– Оны сөзге тарту өте қиын болды. Денесінде соққының іздері қалған, қолының күйігі жазылмаған, түрі адам көргісіз еді. Әбден қорқып-үріккен ол алғашында мүлде тіл қатпай қойды. Тергеу барысында біз оны толық өз қарамағымызға алдық. Тамақтандырып, бас-аяғын бүтіндедік, психологтар есін жинауға көмектесті. Оның анасы бүгінге дейін қызының жағдайынан хабарсыз. Катяның өзін құтқардық, бірақ құжаты табылмай жатыр, себебі оны алғашқы күні-ақ тартып алған, – дейді «Қайсар» қоғамдық қорының жетекшісі Ольга Тарабукина.

Катя екінші қайтара реабилитациядан өтіп жүр. Полиция оның ісі туралы «тергеу құпиясы» дегенді сылтау етіп, ешнәрсе айтпай отыр. Катяның қауіпсіздігі үшін оған күзет қойылды. Өйткені оны біреулердің сырттан бақылап жүргені байқалған.

АЛМА

Алма Теміртау қаласы маңындағы бір ауылда туып-өсті. Ол еркінен тыс жыныстық мәжбүрлеуге 15 жасында ұшыраған. Алғаш оны да құрбы қыздары жас жігітпен таныстырды. Ол жігіт Алманы мейрамханаға апарып, гүл сыйлап, ерекше ілтипат көрсетіп жүрді. Анасы өзінің жеке басының қамын ғана күйттеп кеткендіктен, жас қыздың өз еркі өзінде болды.

Арада аз уақыт өткенде әлгі жігіт Алманы Қарағандыға алып келіп, жеке пәтерге жеткізген соң оның немен айналысатынын дөрекі түрде түсіндіреді. Оның жылап-еңірегеніне қарамастан, сол пәтерде тұрып жатқан үш қыздың жанына қосады. Алма ол қыздардың жезөкшелікпен ақша табу жолын өз еріктерімен қалағанын, текі біреуі ғана өзі сияқты еріксіз қамауда екенін біледі.

Арада біраз уақыт өткенде Алма анасына барып келуге рұқсат сұрайды, түпкі ойы бұл жерден қашып кету болады. Бірақ арада екі-үш күн өткенде оны тауып алып, пәтерге қайтарады. Сутенер жігіт Алманы аяусыз соққыға жығады, «тірідей көміп тастаймын» деп қатты қорқытады. Мұнан кейін қызға қатаң бақылау қойылады.

Осындай еріксіз құлдықта жүріп екі жыл өтеді. Алма да, Катя сияқты, Қарағанды қаласындағы сауналарда өткізілген рейд кезінде табылды. Алғаш ол өміріне қауіп төнетінін айтып, полицияға арыз жазудан бас тартады. Бірақ ақыры арыз жазды. Алманы әу баста Қарағандыға алып келген жігіт сутенер болғаны үшін және адамдарды құлдыққа сатқаны үшін сотталып, жазаға тартылады.

МАРИНА

Марина Солтүстік Қазақстан облысында туып-өскен. Ол 34 жаста, есірткіге құмар, бұрын сотталған. Жезөкше болғанға дейін Қарағанды колонияларының бірінен шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығады. Колониядан шыққанымен барар жері болмайды. Онымен бір камерада отырған әйел Теміртауға баруға кеңес беріп, мекен-жайын айтады. Әлгі мекен-жайды іздеп келген Маринаны екі әйел қарсы алады. Келген бетте олар Маринаны киіндіріп, ескі ұялы телефон да береді. Техникалық қызмет көрсететін жерге жұмысқа да орналастырады. Бірақ күн сайын тапқан 500 теңгесі ешнәрсеге жетпейді. Оның үстіне жанындағы екі әйел де қарыздар екенін есіне сала берген.

Әйелдер Маринаға жұмыс іздесіп, жергілікті газеттердің біріндегі хабарландыруды көрсетеді, мұның интимдік қызмет екенін де жасырмайды. Марина уақытша болса да, жезөкше болуға келіседі. Себебі жаңағы екі әйел бұл жұмыстан түскен табысқа Маринаның өзі ие болатынын айтып сендіреді. Бірақ Қарағандыға келгенде өзінен басқа төрт әйел тұрып жатқан пәтерде бәрі керісінше болып шыққан.

Олар аптасына бір рет пәтер ауыстырып, көшіп-қонып күн кешеді. Негізінен түнде жұмыс істеп, күндіз ұйықтайды.
Полиция жезөкше деген адамды ұстап тұр. Көрнекі сурет.
Полиция жезөкше деген адамды ұстап тұр. Көрнекі сурет.

– Бізді кез-келген нәрсе үшін қатаң жазалайтын. Болмашы нәрсе үшін айып салатын. Кейде бар тапқанымыз тек айыппұлды төлеуге кететін, - дейді Марина.– Әу баста тапқан табысымның тең жарымы өзімдікі болады деп ойладым. Бірақ біздің табысымыз пәтерақы мен киім-кешектен, шаштаразға барудан, күнделікті тамақ пен жеке басыңа керек ұсақ-түйек алудан артылмайтын еді. Біз белгіленген уақыттан артық қызмет көрсетсек те, арақ иісі сезілсе, тіпті, рұқсатсыз дүкенге барсақ та айыпты болатынбыз. Арақ исі шыққаны үшін 10 мың теңге айып салса, рұқсатсыз сыртқа шыққанымыз үшін екі күн тегін қызмет көрсететінбіз. Күзетшімен көңіл қоссақ та, қарым-қатынас жасауға болмайтын етеккір келген күндер үшін де айыппұл төлететін.

Арада екі ай өткенде Марина аяғы ауыр екенін біледі. Ол мұны сутенерге айтып, дәрігерлік көмек қажет екенін айтқанда, соққыға жығылады. Оны біржола қамауда ұстап, жұмыс істете берген.

– Мұндай кезде әйелге ешқандай да дәрігерлік көмек көрсетілмейді. Тіпті, аяғы ауыр әйелді сату - сутенер үшін тиімді, өйткені бағасы артады, - дейді Марина.

Бірде Марина жанындағы қыз екеуі пәтерге қайтар жолда күзетшіні соққыға жығып, қашып кетеді. Марина Теміртауға келіп, өзімен бірге колонияда отырып шыққан әйелдің үйіне жасырынады. Ол қаладағы «Шапағат» қоғамдық қайырымдылық қорына хабарласып, көмек сұрайды. Қор Маринға дәрігерлік көмек көрсетілуіне көмектеседі. Соңынан Маринаның «Қайсар» қоғамдық қорымен байланысуына мүмкіндік жасайды. Әйелдің құжаты рейд кезінде табылады.

Сөйтіп, төрт ай бойы жезөкше болған Марина қазір емделіп жүр. Ол жай ғана жәбірленуші емес, есірткі тұтынушы ретінде де есепке алынып, тиісті емін жалғастырмақшы.

ҚОРЛЫҚ КӨРГЕНДЕРГЕ КӨМЕК

Қарағанды және Теміртау қалаларында жұмыс істейтін қоғамдық қор белсенділері "қоғам адамдардың түрлі құлдыққа сатылатынын білуі тиіс" деген пікірде. Жақында Қарағанды қаласында өткен дөңгелек үстел басында қоғамдық қорлар жергілікті полициямен бірлесіп жұмыс істеу керек дегенді баса айтты.

– Мемлекет көмектесе алмаса да, қоғамдық қор құлдыққа, зорлық пен зомбылыққа ұшыраған адамдарға көмектесе алады. Халықаралық ұйымдар адамды сату мен өзге де құқық бұзудың алдын алып, жұмыс жүргізу үшін арнайы қаржы бөліп отырады. Халықаралық ұйым қазір Алматы мен Астана, Көкшетау қалаларында реабилитация орталықтарын ашты. Сондықтан қорқып-үркудің еш қажеті жоқ. Біз адам саудасы мен құлдыққа душар болған адамға қатысты кез-келген мәселені қолға алып, шешімін табуға дайынбыз, – дейді «Қайсар» қоғамдық қорының жетекшісі психолог Ольга Тарабукина Азаттық радиосына берген сұхбатында.

«Қайсар» қоғамдық қоры Қарағанды облысы бойынша халықаралық көші-қон ұйымының жобасы аясында тағдыры саудаға түсіп, еріксіз құлдыққа ұшырағандарға психологиялық, құқықтық, материалдық көмек көрсету үшін жұмыс істеп жатыр. Қарағанды, Теміртау қалаларында әскерилер мен спортшылардың қатысуымен бірнеше тренинг те өткізілді.
Оксана Тарабукина, «Қайсар» қоғамдық қорының басшысы. Теміртау.
Оксана Тарабукина, «Қайсар» қоғамдық қорының басшысы. Теміртау.


– Тренинг кезінде шетелде жүргенде сақ болудың әдістері, интимдік қызмет көрсетудің жағымсыз жақтары, адамды алдып торға түсірудің ашық немесе жасырын әдістері туралы, өзге де мәселелер бойынша сөз қозғалды. Мұндай талдау, әсіресе, жастар үшін керек. Олар қызмет көрсету нарығындағы жағдайды жан-жақты салыстырып қарастыруды, адамды сатып, құлға айналдыру қандай әдіс-айламен жүргізілетінін білетін болады, - дейді Оксана Тарабукина.

Біреудің құлдыққа сату оқиғасын білген бойда немесе соған ұшыраған жағдайда, қалалық телефоннан 8-800-080-00-15 номеріне, ал ұялы телефоннан 11616 номеріне хабарласуға болады. Телефон шалу - тегін әрі құпия.

Психологпен сөйлесіп, заңгерлік кеңес алғысы келген адам «Қайсар» қоғамдық қорының +7-705-449-6191 сенім телефонына хабарласуы керек.

ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Биыл Қарағанды облысы бойынша интимдік қызмет көрсетуді ұйымдастырып, жезөкшелер үйін ашты деген күдікпен 30 жастағы жігіт, 17-30 жас аралығындағы қыз-келіншектер ұсталды. Полиция берген ақпарат бойынша, бұл топ бір жылға жуық уақыттан бері Қарағанды қаласы бойынша интимдік қызмет көрсетіп келген.

30 жастағы жігіттің үстінен жезөкшелер үйін ұйымдастырғаны үшін және сутенерлігі мен пара бергені үшін қылмыстық іс қозғалды. Оның полицияға пара бермек болғаны полиция бөлімінде әшкереленіп, ұсталған.

Жуықта Қарағанды қаласында өзінің жасөспірім қызын жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Прокуратураның мәлімдеуінше, ол әйелдің өзі де жезөкшелікпен айналысқан. Әйел қызымен бірге Қарағанды қаласындағы қонақ үйлердің бірінде ұсталған. Қазір әйелді аналық құқынан айыру туралы мәселе қаралып жатыр. Қазақстан республикасы қылмыстық кодексі бойынша ол әйелді 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.
XS
SM
MD
LG