«Балаларды СПИД-тен қорғайық» қоғамдық қоры төрайымы Жанетта Жазықбаеваның айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысындағы ВИЧ жұқтырған 260-тан аса баланың «тоғызының ата-анасы балаларына арнайы емді жасатпай отыр». Маманның сөзіне қарағанда, әлгі ата-аналардың үшеуі (жиыны 4 бала) балаларына емді «діни сенімге берілгендіктен» жасатпайды, енді бір ерлі-зайыпты «баласының дәрі іше алмауына байланысты» ем-домнан бас тартса, төрт баланың ата-аналары балаларының қазіргі жағдайы «қалыпты» деп санағандықтан ем-шара жүргізбей отыр.
«ӨЛІМ ҚАУПТІ ТӨНІП ТҰР»
Жанетта Жазықбаева бұл балалар мен олардың ем қабылдауға қарсы болған ата-аналарының аты-жөнін жариялауға рұқсат бермеді. Ал балаларын емдетуге қарсы болып отырған ата-аналардың көбі тілшімен тілдесуден қашқақтады. Жазықбаева мысал ретінде Сарыағаш ауданында бір үйдің екі баласының ВИЧ-ке шалдыққанын, ата-анасы діни сеніміне бола балаларды емдетпей отырғанын ғана айтты. Маман халық денсаулығы кодексінің 95-бабына сүйеніп, ВИЧ жұқтырған балалар жайындағы мәліметтер құпия ұсталатынын, жария етуге жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп, тек әлгі отбасындағы 14 жасар баланың өмірін құтқарып қалу үшін Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) Сарыағаш ауданы әкімінен көмек сұрап, хат жазғандарын айтты.
Ол хатта баланың денсаулығы күннен күнге нашарлап бара жатуының себебі «ата-анасының вирусқа қарсы терапиядан бас тартуы, ішуі тиіс дәріні балаға бермей отыруы» деп көрсетілген. Баланың анасына «ұлына өлім қаупі төніп тұрғаны жөнінде түсіндірілгені, бірақ нәтиже болмағаны» айтылып, отбасының «діни ұғымды ұстануы» бала өміріне «кесір келтіруі мүмкін» деп жазылған. Қор қоғамдық ұйым болғандықтан, ешқандай шара қолдана алмай отырғанын хабарлап, әкімнен «баланың өмірін сақтап қалу» жолында ата-анасымен аудан басшысы ретінде сөйлесуді, полиция, прокуратура көмегімен шара қолдануды сұраған. Жазықбаеваның айтуынша, әзірге хатқа жауап келмеген. Шымкенттегі «Ана мен бала» орталығы бар дәрігерінің орынбасары Мұрат Ағабаев та бұл отбасының жағдайынан хабардар.
- Анализ тапсыруға да дұрыс келмейді. Жергілікті дәрігерлер мен учаскелік полициялар барып, әрең алады. Ең ауыр жағдайда жүрген бала – осы, - дейді ол.
«ҚАЖЕТ БОЛСА, МӘЖБҮРЛЕП ЕМДЕТЕМІЗ»
Азаттық тілшісі хат жолданған Сарыағаш ауданы әкімдігіне хабарласқан еді. Әкім орынбасары Құдірет Қыстаубаевтың айтуынша, «ауданда төрт бала ВИЧ жұқтырған. Бір ата-ана арнайы ем қабылдаудан бас тартқан». Әкім орынбасары маусымның 19-ы күні Азаттық тілшісіне:
...үйіне кіргізбейді екен деп қарап отырмаймыз. Қазір құқық қорғау органдарына тапсырма бердік. Олар тиісті шараларды жүргізіп жатыр. Қажет болған жағдайда заң аясында мәжбүрлеп емдеуге жібереміз.Құдірет Қыстаубаев
- Бұл отбасының мамандарды үйіне кіргізу мәселесі қиын болып тұр. Қай уақытта барса да үйіне кіргізбейді. Мұны заң аясында шешуге әрекет жасап жатырмыз. Міндетті емді қабылдау керек екенін түсіндіреміз. Қазір дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Бірақ үйіне кіргізбейді екен деп қарап отырмаймыз. Қазір құқық қорғау органдарына тапсырма бердік. Олар тиісті шараларды жүргізіп жатыр. Қажет болған жағдайда заң аясында мәжбүрлеп емдеуге жібереміз, - деді.
Әкім орынбасары да ол ата-ананың аты-жөндерін «ашып айта алмайтынын» білдірді. Жанетта Жазықбаева оларды «сақалдылар отбасы» деп қана сипаттайды. Ал дәрігерлер «баланың жағдайы аса ауырлап кеткен жағдайда ерлі-зайыптылардың ата-аналық құқығынан айырылуы мүмкін» екенін ескертеді.
Шымкенттегі «Ана мен бала» орталығы бар дәрігерінің орынбасары Мұрат Ағабаев ем қабылдамай жүрген қалған сегіз бала жөнінде:
- Осындай тағы бір бала ата-анасымен бірге басқа қалада тұрады, бірақ бізде тіркеуде. Бұл ата-ана баланың ВИЧ жұқтырғанына сенбейді. Баланы жылына бір рет алып келеді. Толық тексере де алмаймыз. Баланы көрсетіп, бір-екі анализін тапсырып, қашып кетеді. Қалған балалардың жағдайы қалыпты. Анализдеріне қарап емді бастау керек екенін айтып жатырмыз. Екі баланың жағдайы ауыр, қалғанының жағдайы ауыр емес, бірақ ем алуы қажет, - дейді.
«БАЛАНЫҢ ЖАНЫН ҚИНАҒЫМЫЗ КЕЛМЕЙДІ»
Ем қабылдаудан бас тартқан ата-аналардың арасында дәрігерлермен, жергілікті билік өкілдерімен тартысқа түспейтіндері, бірақ ерекше жағдайларын керісінше дәрігерлерге түсіндіргендері де бар. Мәселен, ОҚО-дағы Түркістан қаласының тұрғыны Әділ Бектұрсыновтың (аты-жөні өзгертілді – ред.) 13 жастағы баласы Бақтияр (аты-жөні өзгертілді – ред.) «11 жыл бұрын Шымкенттегі жан сақтау бөлімдерінің бірінде ВИЧ жұқтырған».
- Балам – мүгедек. Бір қолы мен бір аяғы дұрыс істемейді. Сөйлей алмайды. Дәрі іше алмайды. Тамағын да жей алмайды. Өздігінен су да ішпейді. Амалдап тамақтандырамыз. ВИЧ-ті емдеуге арналған дәріні ішкізуге әрекет еттік. Болмады. Дәріні жұта алмайды. Өңешіне кетіп қала берді. Ішкізе алмадық. Бала қиналады. Бір-екі рет ішкізіп едік. Денесі бөртіп кетті. Содан кейін мүлде бас тарттық. Қазір дәрі ішкізбейміз. Ішкізе алмайтынымыз туралы дәрігерлерге тілхат жазып бердік, - дейді Әділ Бектұрсынов.
Дәрі ішпеген соң Бақтиярдың жақында жасалған анализдері нашарлау шыққан. Алайда әкесі «баланың жанын қинағысы келмейтінін» айтады.
Бір қолы мүлде істемейтін, бір аяғы дұрыс жүрмей, қайта-қайта құлап қала беретін баланың жанын қинағымыз келмейді. Дәрігерлерге қоятын кінәм жоқ. Алдағы уақытта да дәріні ішкізе алмаймыз.
- Дәріні іше алмайтын болған соң дәрігерлер тамағын тесіп, шлангі қоямыз деді. Оған да қарсы болып, тағы тілхат жазып бердік. Бір қолы мүлде істемейтін, бір аяғы дұрыс жүрмей, қайта-қайта құлап қала беретін баланың жанын қинағымыз келмейді. Дәрігерлерге қоятын кінәм жоқ. Алдағы уақытта да дәріні ішкізе алмаймыз, - дейді ол.
«Балаларды СПИД-тен қорғайық» қоғамдық қоры өкілдері Бақтиярдың дәрі іше алмайтынын растайды. «Дәріні ұнтақтап ішуге болмайтынын, ал баланың тамағына тұрып қалған жағдайда күйдіріп жіберетінін» айтқан Жанетта Жазықбаева «оларға ештеңе дей алмайтындарын» баяндады. Әділ Бектұрсынов баласының жағдайымен дәрігерлердің жақсы таныс екенін ескертіп, өзін ата-ана құқығынан айырмайды деп сенетінін мәлімдеді.
ТҮСІНДІРГЕН СОҢ ЕМ ҚАБЫЛДАЙ БАСТАҒАНДАР ДА БАР
Жанетта Жазықбаеваның сөзіне қарағанда, ОҚО-дағы Шымкент, Түркістан қаласы мен Сарыағаш, Бәйдібек, Сайрам аудандарында тұратын бұл 9 баланың біреуі - 11 жаста, төртеуі – 12-де, үшеуі - 13, біреуі 14 жаста.
- Балалардың біреуі Өзбекстаннан көшіп келген. Қалған балалар 2006 жылы ВИЧ жұқтырған. Олар диагнозын білгеннен бастап ем алмай келеді. Мұндай ата-аналар бұдан әлдеқайда көп болатын. Былтырдың өзінде 10 баланың ата-анасы жағдайды түсініп, ем қабылдай бастады, - дейді Жазықбаева.
Маусымның 14-і күні ЮНИСЕФ ұйымдастырумен Шымкентте өткен семинарға қатысқан республикалық СПИД орталығының өкілі Сайранкүл Қасымбекованың Азаттыққа айтуынша, «Қазақстанда 430 бала ВИЧ жұқтырған. Арнайы ем қабылдамай жүрген 15 бала бар. Олардың ең кішісі – 1, үлкені 15 жаста. Ем қабылдаудан бас тартқан ата-аналардан арнайы тілхат алынған. Бірақ балалар дәрігерлердің бақылауында».
- Ата-аналар ем қабылдамаудың себебін айтпайды не діни сеніммен байланыстырады. Оңтүстік Қазақстан облысында бұл мәселе өзекті болып тұр. Заң бойынша СПИД орталығы мен жергілікті әкімдіктердің бұл балалардың әке-шешелерін ата-ана құқығынан айыруға құқысы бар. Оны сот шешеді. Біз балалардың құқығын қорғауға міндеттіміз. Ата-аналар балаларын емдетуге міндетті, - дейді Сайранкүл Қасымбекова.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күнге дейін ата-анасының шешімімен арнайы емді қабылдамай жатқан балалардың өлімі тіркелмеген, әзірге ВИЧ мәселесі бойынша ісі сотқа жеткен, ата-ана құқығынан айырылған адамдар жоқ.
2006 жылы Шымкент ауруханасында 200-ден астам балаға ВИЧ вирусы жұққан еді. «Дәрігерлер ісі» бойынша 21 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Қазір сол балалардың негізгі бөлігі 12-14 жасқа толды.