Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасына түсу үшін құжат тапсырып қойған Дос бірнеше күннен кейін басталатын шет тілі сынағына «өзінше дайындалғанын» айтады.
– Шет тілі тестінің жауабын сататындарға 1 мың доллар беріп қойдым. Тестке тамыздың 13-інде кіремін. Тест кезінде аудиторияға жауаптарын әкелетінін айтты. Қалай кіргізеді, не істейді – ол жағын айтпады. «Алаңдама, бәрін қарастырамыз» деген соң сеніп отырмын. Олар «80-90 балл шамасында алып береміз» деп уәде етті, – дейді алматылық жас.
Ал шымкенттік Нұрбек есімді талапкер ағылшын тілін білмегендіктен өз орнына емтиханға басқа адамды кіргізуге дайындалып жүргенін айтады.
– Орныма ағылшын тілін жақсы білетін жігіт кіріп береді. Шет тілінен емтихан тапсыратын бірінші турдан 60 балл алсам, екінші турда жоғары балл қойып беретін танысым бар, – дейді Нұрбек.
«ЕМТИХАН МӘСЕЛЕСІН ШЕШІП БЕРЕМІЗ»
Шет тілі сынағының жауабын сатамын деушілердің бірі, алматылық 25 жастағы Арман (есімі өзгертілді) «бұл бизнеспен бірнеше жылдан бері айналысып жүргенін» айтады.
– Магистратураға түсемін дегендерге шет тілінің емтиханын шешіп береміз. Ағылшын, неміс, француз тілінің жауаптарын сатамыз. Талапкер өзі кірсе, соңынан жауабын ұялы телефон арқылы жібереміз. Байланыс ұстамай қалса, жауабын өз жолдарымызбен кіргіземіз. Бұл қызмет 1 мың доллар тұрады. Ал талапкердің орнына кіріп, тест тапсырып беретін мамандарымыз да бар. Оның құны – 2 мың доллар, – дейді Арман.
Арман ол ақшаны «емтихан алуға кіретін маманмен, аудиториядағы комиссия мүшесімен, есіктегі тексерушілермен бөлісетінін» айтады.
Жыл сайын магистратура мен докторантура емтиханы кезінде шет тілінің жауаптарын сатып, пайда табатынын мәлімдеген азаматтың енді бірі – 27 жастағы Азамат Алматыдағы ірі университеттердің бірінде жұмыс істейді. Өткен жылы он шақты адамға тест жауаптарын сатқанын айтқан сұқбаттасымыз:
– Былтыр бір варианттың жауабын 120 мың теңгеге сатқанбыз. Қазір 150 мың теңгеге өсті. Алда-жалда жауапты кіргізе алмай қалсақ, ақшасын қайтарып береміз. Бірақ кіргізе алмай қалған кезіміз болған жоқ, – дейді Азаттық тілшісіне.
«ЖАУАП САТАМЫЗ ДЕГЕНДЕРГЕ СЕНБЕУ КЕРЕК»
Ал Мақсат есімді алматылық шет тілі емтиханының жауабын сатушыларға сенбейтінін айтады.
– Былтыр тест жауабын сататындарға 150 мың теңге беріп, кейін олар жауапты кіргізе алмай қалды. Тест бітуге жарты сағат қалғанда жауап келмейтінін түсініп, өзім асығыс белгілеп, 23 балл алып, емтиханнан құладым. Ақшамды қайтарып берді. Бірақ тест алдында «бәрін қатырамыз» дегендері өтірік болып шықты, – дейді ол.
Бір жыл бойы ағылшын тілін оқыған Мақсат биыл тесті өзі тапсырмақ. Ол тест алдындағы сынақтарда 70-80 балл алып жүргенін айтып, өз-өзіне сенімді отырды.
Білім және ғылым министрлігі «тест жауабын сатамын» дейтін заң бұзушылар әрекетіне алданбау керегін айтты. Министрлік магистратура мен докторантура сынақтары кезінде аудиторияларда бейнебақылау камералары мен ұялы байланысты бұғаттайтын аппараттар орнатылатынын да ескертті. Ұлттық тестілеу орталығы да шет тілі емтиханында шпаргалка не телефон қолданғаны байқалған, заңсыз әрекет қылған талапкерлер бірден аудиториядан шығарылатынын мәлімдеді.
Қазақстанда жоғары оқу орындарының магистратура мен докторантура бөлімдеріне емтихан тапсыру екі кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең – 11-14 тамыз аралығында шет тілінен (ағылшын, француз, неміс тілінің бірі) тест тапсыру. Бұл емтиханды білім және ғылым министрлігінің комиссиясы қабылдайды. Талапкерлер шет тілі тестінен 50 ұпай (100 сұрақ – 100 ұпай) жинаса ғана екінші кезеңге өтеді.
Екінші кезең – жазбаша емтихан. Үміткерлер жазбаша емтиханды өздері таңдаған оқу орындары комиссиясына тапсырады. Бұл сынақ кезінде талапкерге мамандығына байланысты үш сұрақ қойылып, жауабына сай баға (ең жоғарғысы – 100 ұпай) беріледі.
Екі кезең қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған үміткерлер магистратура немесе докторантура бойынша білім грантына ие болады.