Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегінше, Қазақстан әлемде жасөспірімдер суициді ең көп тіркелген елдер қатарына кіреді. Бұған қоса, мұрағаттардан 1981-2008 жылдары өзге елдерде суицид фактілері азайып, ал Қазақстанда халықтың әр 100 мың тұрғынына шаққанда 22,5-тен 25,6-ға дейін көбейгенін көрсететін деректер табылды. Жасөспірімдер арасында өзіне қол салу оқиғасы әлі жиі болады. Қазақстанда жасөспірімдердің қыршын ғұмырын тәрк етіп, өзін өлтіруі - «сыртқы» (жасанды) әсердің кесірінен болатын өлім болып отыр.
Оқи отырыңыз: Жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауы жиіледі
ПРЕВЕНЦИЯ ЖҮЙЕСІ
«Психологиялық денсаулық медициналық орталығында» осы бағдарлама аясында жұмыс істейтін дәрігер-психиатр әрі суицидолог Екатерина Миронованың Азаттыққа айтуынша, мамандарды осал топтағы жасөспірімдерді суицидтік мінез-құлқы қалыптасу кезеңінде анықтауға және ресурстық орталықтарға дер кезінде жіберуге үйрету - жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі.
Бағдарлама бойынша жұмыс басталғанға дейін Қазақстан аймақтарында жастар арасындағы суицидтің тереңде жатқан себептерін анықтаған зерттеулер жүргізіліп, оның нәтижелері кейін бағдарламадағы әдістемелерді құрастыруға пайдаланылған болатын.
2015 жылдан бері Қазақстандағы жасөспірімдер суицидінің алдын алу жобасын іске асырып жатқан органдардың бірі – «Білім» қорының басшысы Ерлан Айтмұхамбетовтің хабарлауынша, әр облыстан 300-ден 500-ге дейін психолог, психиатр, білім беру және денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері суицид жасауға бейім балалар мен жасөспірімдерді анықтап, оларға тиісті көмек көрсету тәсілдерін оқып, үйренген.
Оның сөзінше, қазір бағдарлама Қызылорда, Маңғыстау, Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс істеп жатыр. Бағдарламаның екінші мақсаты – жасөспірімдер арасында өмірлік дағдылар қалыптастыру. Бұл мақсатқа жету үшін мектептерде балалардың психологиялық денсаулыққа қатысты сауатын арттыратын (мысалы, күйзеліс немесе торығу кезінде не істеуге болатынын үйрететін) тренингтер ұйымдастырылады.
Өзіне қол жұмсауға бейім жасөспірімдер бағдарлама іске қосылғанға дейін анықталғаннан да көп болып шыққан.
- Егер бұрын Қызылорда облысында бір жылда өзіне қол жұмсауды ойлаған 80-90 бала анықталса, қазір олардың саны бір мыңнан асатынын байқауға болады. Біз Қызылорда облысының бір өзінде ғана бірінші жылы мінез-құлқында суицидтік белгілері бар бір жарым мыңдай баланы анықтағанбыз. Яғни ондай балаларды анықтау деңгейі артты, - дейді Ерлан Айтмұхамбетов.
СУИЦИДКЕ БЕЙІМ БАЛАЛАР ТОБЫ
Суицидолог Екатерина Миронова суицидке бейім жасөспірімнің мінез-құлқында қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін түсіндіріп берді.
- Томаға-тұйықталып, оқшауланғысы келіп тұрады, әлеуметтік ортадан қашқақтайды, мінез-құлқы бұзылып, қауіпті белгілері байқалады. Жасөспірімнің сабағы нашарлауы, аяқ асты ашу-ызаға булығуы, сабақ үстінде қалғып-шұлғып отыруы мүмкін. Бұған қоса, тәбетіндегі өзгерістер мен ұйқының бұзылуы да күйзеліске түсудің белгілері. Жасөспірімнің өзін кінәлі сезінуі, ештеңеге зауқы соқпауы, үсті-басына қарамай алқам-салқам жүруі, «Мұндай өмірден шаршап кеттім», «Мені жайыма қалдырыңдар» деген өмірдің құнын жоққа шығаратын тура немесе жанама сипаттағы мәлімдемелері де сезік тудыруы тиіс. Жасөспірім әңгіме кезінде өлім жайлы тақырыпты қозғауы мүмкін, әлеуметтік желілерде осы тақырыпты көп қарайды, «ауыр металл» музыкалық жанрына әуестігі артады. Бұған қоса, алдыңғы суицидтік әрекеті, денесін тілгілеп тастауы, дәрі-дәрмек жинауы, психикаға әсер ететін заттарды қолдануы да қауіп белгісі болуы мүмкін. Бұл - кешенді әрі белгілері көп құбылыс, - дейді ол.
Психолог Бауыржан Ареновтің айтуынша, психологиялық көмекке көбінесе 15-17 жастағы жасөспірімдер және 20-22 жастағы жастар жүгінеді. Ол бұл - адам өмірінде маңызды мәселелер шешілетін кезеңдер деп түсіндіреді.
- Бұл кезең жасөспірімнен көп нәрсе талап етеді, психикасына көп күш түседі. Енді суицидке итермелейтін психологиялық себептер мен олардың әлеуметтік-экономикалық факторлармен байланысын талдап көрелік. Суицид – адамның өзін әдейі өлтіруі. Адам суицидке өмірінің мәні жоғалып, ары қарай не үшін өмір сүруі керек екенін түсінбеген кезде барады. Адамның өмір сүрудің мәнін жоғалтуына әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық әсер етуі мүмкін. Бірақ бәрі адамның өмір сүрудің мәнін қаншалықты, тіпті оны табу мүмкін емес болса да таба алуына байланысты, - дейді ол.
Бауыржан Ареновтің сөзінше, бұл кезеңде отбасында ақшаның жетіспеуі, әкесі я шешесінің маскүнемдігі немесе өзге тәуелділігі немесе ауыр сырқатқа шалдығуы сияқты қиын жағдайлар жасөспірімді суицидке итермелейтін қосымша күйзелткішке айналуы мүмкін.
- Мұның бәрі жасөспірім баланың өтпелі кезеңнен өтуін қиындатады, суицидке ұласатын күйзеліс басталуы мүмкін. Одан бөлек, жасөспірімдерге тән қызбалықпен суицидке баруы мүмкін. Бұл жерде жасөспірімге оның ішкі дүниесі мен жүйкесінің психикалық орнықтылығы, жақындары тарапынан көрсетілетін сыртқы әлеуметтік демеу көмектеседі, - дейді психолог Бауыржан Аренов.
ЭКОНОМИКА МЕН ОТБАСЫЛЫҚ БІРЛІКТІҢ РӨЛІ
Психотерапевт суицидке бейім жасөспірімнің портретін оны қалыптастыратын әке-шеше портретімен қосымша толықтыруға кеңес береді. Екатерина Миронова Қазақстан қоғамындағы өзекті проблема – ата-ана мен бала арасында берік қарым-қатынас орнатуға кедергі болатын жайттар туралы айтып берді.
Психотерапевт өз тәжірибесінде кездескен оқиғаларды мысал ретінде келтірді. Мысалы, ата-ана жасөспірімнің нақты мүмкіндігі мен тілек-қалауын ескермей баласынан әрдайым жетістік талап етуі салдарынан жасөспірімде «міндетті сезіну синдромы» пайда болады, жасөспірімдер жыныстық қатынасты ерте бастап, кімнен көмек сұрауды білмей дағдаруы мүмкін, психикалық және эмоциялық жайсыздықтан арылу үшін психикаға әсер ететін заттарды қолданып, ата-анасымен арасы алшақтай түседі. Бұған қоса, суицидолог маман бала тұлға ретінде қалыптасатын қоғамдағы көңіл-күй де маңызды деп санайды.
- Өзіне қол жұмсау себептерінің 30 пайызы психикалық патологияға байланысты, ал қалған 70 пайызы қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздықтың кесірінен болады. Дағдарыс кезеңінде өзіне қол салу оқиғалары жиілейді. Ата-аналар мойнындағы несиелерін жабу үшін күні-түні жұмыс істейді. Менің қабылдауымда болған жасөспірімдердің (психиатрдың науқастары) айтуынша, олар әке-шешесі жұмысқа кеткенде ұйықтап жатады, ал үйге келген кезде ұйықтап қалады, - дейді Екатерина Миронова.
Баланың суицидтік көңіл-күйінің алдын алу үшін Екатерина Миронова ата-аналарға жасөспірім баламен ашық сырласу қажет, психологиялық көмекті дұрыс қабылдау керек деп кеңес береді.
- Ата-ана ең әуелі баласының көңілін жайландыруы, оған барынша қолдау танытуы, маманның бүкіл кеңестерін бұлжытпай орындауы және барынша ашық болуы тиіс, - дейді ол.
Ерлан Айтмұхамбетов суицидтің алдын алу шараларынан нәтиже шығаруға болады, бірақ ол үшін бірлесіп әрі жан-жақты жұмыс істеу керек деп санайды.
- Суицидпен күресетін жүйенің құрылғанының өзі нәтиже. Бұл проблеманы шешуге бір органның, мысалы, жалғыз білім беру жүйесінің шамасы мүлде келмейді. Бұл жерде кешенді жұмыс керек. Бұл жерде білім беру жүйесі де, медицина да, қоғамды психикалық денсаулық туралы хабардар етуде бізге көмектесетін бұқаралық ақпарат құралдары да, қылмыстың алдын алу аясында кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін ішкі істер органдары да жұмыла жұмыс істеуі тиіс. Егер осы органдар жүйелі әрі бірлесіп жұмыс істесе, нәтиже де болады, - дейді ол.
Азаттық сұхбаттасқан мамандардың ортақ пікірі кәсіби психологиялық көмек қол жетімді бола бастады әрі психологтар мен психотерапевтер көмегіне қазақстандықтар жиі жүгіне бастады дегенге саяды.
- Біреу көмекке өздігінен жүгінеді, біреуді білім мекемесінің психологтары немесе сенім телефоны мен жастардың денсаулық орталығы мамандары жібереді. Ал бұрын суицид жасауға әрекеттенген жасөспірімдерді стационар немесе жедел жәрдем дәрігерлері жібереді. Мамандар көмегіне жүгінетіндер көбейіп келеді. Бұл суицидтің алдын алу бағдарламасын енгізу мен ведомствоаралық өзара әрекеттестіктің жақсаруының нәтижесі, - дейді Екатерина Миронова.
Астанадағы Назарбаев университетінде жастармен жұмыс істейтін психолог Бауыржан Ареновтің айтуынша, ол психологтың көмегіне жүгінетіндердің көбейгенін өзі және әріптестерінің практикасынан байқаған, мұның себебін ол Қазақстан қоғамында психологиялық көмекке қатысты қате түсінік - стигма жойылып бара жатыр деген уәжбен түсіндіреді.