Accessibility links

Паналау орны әйелдерге жаңа мамандық ұсынады


«Менің үйім» ұйымы директорының міндетін атқарушы әрі Теміртаудағы дағдарыс орталығын ашу туралы бастама көтерген Елена Билоконь. 14 сәуір 2014 жыл.
«Менің үйім» ұйымы директорының міндетін атқарушы әрі Теміртаудағы дағдарыс орталығын ашу туралы бастама көтерген Елена Билоконь. 14 сәуір 2014 жыл.

Теміртауда зәбір көрген балалы әйелдерге арналған дағдарыс орталығы ашылды. Бұл жер оларға уақытша пана болып, жаңа мамандық табуға да көмектеседі.

Ирина – Қарағанды облысындағы Теміртау қаласында жаңадан ашылған дағдарыс орталығынан пана сұрап келген алғашқы әйелдердің бірі. Бірге тұрып жатқан ер адам Иринаны ұрып-соғып, күн көрсетпей, үйге таң ата келуді әдетке айналдырған. Жас келіншектің екі айлық баласы бар. Бұған дейін Ира әлгі жігіттің шешесінің пәтерінде тұрған. Анасы ұлының келіншекке қол көтеретінін білгенімен, одан көмек болмаған. Иринаның өзінде баспана жоқ, ішімдікке салынған әке-шешесінен де қайыр жоқ. Бұрын Иринаның өзі де есірткі қабылдаған.

"Босанған кезде бәріміз көмектесіп, перзентханаға қажет заттарын жинап бердік. Өзі кедей отбасынан. Жуырда жылап, телефон соқты. Баратын жері жоқ, ал бірге тұратын ер адамның тепірешіне бұдан әрі төзуге шамасы қалмаған. Шарасыз халін аяйсың. Ас-судан тарықтырмаспыз, бірақ мұнда баласын жатқызатын әзірше төсек пен арба жоқ" дейді "Менің үйім" ұйымы директорының міндетін атқарушы Елена Билоконь.

Жапа шеккен әйелдерге арналған орталық. Теміртау, 14 сәуір 2014 жыл.
Жапа шеккен әйелдерге арналған орталық. Теміртау, 14 сәуір 2014 жыл.

Дағдарыс орталығын салуға жапон үкіметі қаржылай көмектескен. "Менің үйім" ұйымында мұндай орталық ашу идеясы бес жылдай бұрын пайда болған. Күйеуінен немесе бірге тұрып жатқан ер адамнан зәбір көріп, үйінен қашып кеткен талай әйел осы ұйымнан көмек сұрап келген. Бас сауғалар жері жоқ, көбі кішкентей балаларымен көрінген жерде түнейтін. Теміртауда 2014 жылы салынған дағдарыс орталығы жуырда ашылды. Паналатуды және көмектесуді сұраған әйелдер орталыққа күн сайын телефон соғады.

ЖОЛДАМА БОЙЫНША ПАНАЛАТУ

Дағдарыс орталығы Теміртау қаласындағы көбінің қора-қопсысы бар жер үйлер орналасқан бөлігінде ашылған. Жалғыз қабатты ғимаратта бірнеше жатын бөлме, ас бөлме, асхана, бос уақытты өткізетін бөлме, заңгердің кабинеті бар. Мұнда әйелдерді мамандыққа баулитын әлеуметтік шаштараз бөлмесі де бар. Көп ұзамай қазандық бөлмесінен тігін цехы ашылмақ.

Дағдарыс орталығында бір мезгілде бала-шағасымен сегіз әйел ғана тұра алады. Баспана мен тамақтан бөлек, әйелдерге психологиялық, әлеуметтік және заңдық көмек көрсетеді.

"Егер енді мемлекеттен әлеуметтік тапсырыс алсақ, әйелдерді халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің жолдамасы бойынша ғана қабылдаймыз. Қалада мұндай әйелдер көп болғандықтан, оларды мұнда бір айдан артық ұстай алмаймыз. Осы уақыт ішінде әйелдер есін жиып, әлеуметтік қызметкерлер оларға алдағы өміріне қатысты бір шешімге келуге көмектеседі" дейді Теміртауда дағдарыс орталығын ашу идеясының авторы Елена Билоконь.

Паналау орнында әйелдерге жаңа мамандық үйрету үшін әлеуметтік шаштараз ашылған. Теміртау, 14 сәуір 2014 жыл.
Паналау орнында әйелдерге жаңа мамандық үйрету үшін әлеуметтік шаштараз ашылған. Теміртау, 14 сәуір 2014 жыл.

Паналау орны жәбір көрген әйелдің бір айда құжаттарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі. Оған психологиялық қолдау көрсетеді, аурухана, емханаға қаралуына, қажет болса полицияға, сотқа жүгінуге көмектеседі.

"Қаладағы бір емханамен әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Енді келісім бойынша қыздар дәрігердің қабылдауына қиындықсыз кіріп немесе медициналық тексеруден өте алады. Өйткені медициналық мекемелер құжаты жоқ қыздарды қабылдамайды. Қалада ондай қыздар да бар. Біз бұл проблеманы ваучер жүйесі арқылы шештік. Мұндай практиканы қаладағы барлық емханаларға енгізуге тырысып едік, әзірше біреуі ғана келісті" дейді Елена Билоконь Азаттық тілшісіне.

Теміртау қаласы билігі "Дағдарыс орталығының ашылғанына қуаныштымыз, тіпті мүмкіндігінше қолдауға әзірміз" дейді. "Менің үйім" ұйымы орталықтың коммуналдық проблемасын шешуге көмектесуді сұрап шенеуніктерге өтініш жолдаған. Қалалық мәслихат депутаттары орталық жанындағы балалар алаңын абаттандыруға уәде берді. Теміртау қаласы әкімдігі бұрын ұсталған жихаз беріп көмектескен. Бизнес-клуб екі қабатты төсектер, жергілікті тұрғындар төсек жабдықтарын, киім-кешек, ыдыс-аяқ әкеліп, кәсіпкерлер біраз ескі, жаңа жихаз сыйлаған.

ЖАҢА МАМАНДЫҚ

Дағдарыс орталығы зәбір көрген әйелдердің жұмыс табуына да көмектеседі. Әуелі оларға шаштараз, маникюр шебері, аспаз-кондитер сияқты кейбір мамандықтарды меңгеруді ұсынады.

"Биылдан бастап Нью-Йорктегі Колумбия университеті 180 қызды аспаз-кондитер, шаштараз және маникюр шебері мамандықтарын оқытуға көмектесетін болды. Университет оқу бітірген қыздарға сертификатпен бірге келешекте жұмысқа қажет болатын құрал-саймандарын да толық береді. Дағдарыс орталығындағы әйелдер осы жерде оқып, жұмыс істейді. Қазір әлеуметтік шаштараз бөлмесінде екі шаштараз, екі маникюр үстелі бар төрт жұмыс орнын ашып жатырмыз. Оқуын бітірген соң әйелдер осында жұмыс істейтін болады. Оқыған әйелдерді кейін жұмысқа орналастыруды да көздеп отырмыз" дейді Елена Билоконь Азаттық тілшісіне.

Дағдарыс орталығында тұрмыста жәбір көрген әйелдерге психологиялық көмек беріледі. Теміртау, 14 сәуір 2014 жыл.
Дағдарыс орталығында тұрмыста жәбір көрген әйелдерге психологиялық көмек беріледі. Теміртау, 14 сәуір 2014 жыл.

Аспаз-кондитерлер Теміртау политехникалық колледжінде 15 бойжеткеннен құрылған топта оқиды.

"Дағдарыс орталығы әйелдері жұмыс істейтін әлеуметтік кафе де ашпақпыз. Әлеуметтік тігін цехын ашу үшін неміс елшілігіне өтініш беріп қойдық. Егер өтінішімізді қабылдаса, қазір қазандық тұрған бөлмеден тігін цехын ашамыз" дейді Елена Билоконь.

Дағдарыс орталығы жұмысын жалғастыру қаржыға тірелетіндіктен белсенділер грант іздейді, жергілікті билік пен тұрғындардан көмек сұрайды. Қазір орталыққа балаларға арналған заттар, ас үй орындықтары, төсек-орын, матрас, киім-кешек және келесі жылу маусымына көмір қажет. Паналау орны бұрын ұсталған заттар мен жихаздан да бас тартпайды.

Белсенділердің айтуынша, Теміртауда тұрмыстық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, паналайтын, көмек сұрайтын жері жоқ қорғансыз әйелдер көп. Мұны әйелдерге қатысты жасалған қылмыстарды тіркейтін ресми статистика да растайды. Полиция деректері бойынша, 2014 жылдың үш айында Теміртау қаласында әйелдерге қарсы 1 мың 300-ге жуық қылмыс тіркелген.

Дағдарыс орталығының өтініші бойынша Азаттықтың веб-сайты орталықтың мекен-жайын жариялап отыр:

Теміртау қаласы, Пионерская көшесі, 59А

Телефондары: (7213) 90-22-91, 8 705 413 98 10

XS
SM
MD
LG