Accessibility links

Зейнеткерлер бос уақытын клубта өткізеді


"Мудрость" клубында шахмат ойнап отырған адамдар. Теміртау, 15 маусым 2018 жыл
"Мудрость" клубында шахмат ойнап отырған адамдар. Теміртау, 15 маусым 2018 жыл

Теміртауда қарттар бос уақытын қызықты етіп өткізу үшін бірнеше клуб ұйымдастырған. Клубта өтетін сабақтарға қажет құрал жабдықтарды олардың өздері табады немесе демеушілерден көмек сұрайды.

ШАХМАТ ЖАРЫСТАРЫ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ

Қарттар қалалық "Мудрость" ардагерлер клубына әр жұма сайын жиналады. Жалғызілікті жандар бір сарынды өмір мен кәріліктің ыңқыл-сыңқылы иектеп алмас үшін де клубқа барады. Бұл жерде шүйіркелесіп отырып шай ішеді, көңілі қалаған іспен айналысады. Клуб қолданбалы шығармашылық, шахмат және дойбы жарыстары, әдеби және музыкалық шығармашылық деген төрт бағыт бойынша жұмыс істейді.

70 жастағы зейнеткер Николай Переверзев төрт қабырғада қамалып отырғысы келмейді. Шахматтан бірінші разряды әрі радиостпорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атағы бар. Өмірінің көп бөлігін сүйікті ісіне арнаған, енді уақытын өзге де қарттарға бөлетін болған. Переверзев "Мудрость" клубы жанынан "Арктика" шахмат клубын ұйымдастырған. Апта сайын оған ондаған қария келеді. Кейде клубқа өздігінен жүріп-тұруға әлі қауқары бар соғыс ардагерлері де келеді. Екі соғыс ардагері шахмат, дойбы ойнағанды жақсы көреді, бірақ сырқаттанып қалса керек, соңғы кезде клубқа келмей кеткен.

"Арктика" шахмат клубын ұйымдастырушы Николай Переверзев
"Арктика" шахмат клубын ұйымдастырушы Николай Переверзев

- Клубымыз өз энтузиазміміздің арқасында ғана тіршілік етіп тұр. Шахмат тастары да әр түрлі, тақтаны да өзіміз қолдан сызып жасадық. Біртіндеп бәрін жинап алдық. Қазір жұрт қуана-қуана келетін болды, жарыстар өткізе бастадық. Арамызда тіпті облыстық жарыстарға қатысқандар да бар. Бұл жерге көбінесе жасы 70-тен асып кеткен жандар келеді. Ол кісілердің құлшынысы мықты. Әрине, әркімнің тіршілігі, шаруасы бар ғой, сондықтан клубта ұзақ бола алмайтындар бар, бірақ бәрібір уақыт тауып келеді. Тіпті орын жетпей қалады. Бізде әйелдер де бар. Шахматшы қарттардың бірі осы жерде жан тәсілім болып кетті. Көмекке зәру болса, қолымыздан келгенше қарайласамыз, біздегі жігіттер бір-біріне үнемі қол ұшын беріп жатады. Ақшалай көмектессе жақсы болар еді, өйткені көп дүниелеріміз тозды, - дейді Николай Переверзев Азаттық тілшісіне.

Шахматшылар ыңғайлы әрі заман талабына сай болу үшін қабырғаға ілетін электронды сағат пен электронды шахмат тақтамыз болса деп армандайды. Шахмат ойнауды үйренетін кітаптар да сатып алғылары келеді.

Оқи отырыңыз: Қарттарға арналған «балабақша» бизнесін бастамақ​

80 жастағы Инна Федоренко - "Мудрость" ардагерлер клубына тұрақты келушілердің бірі. Қазір ол - қалалық ардагерлер кеңесі мүшесі, Теміртау политехникалық колледжі ардагерлер кеңесінің төрайымы әрі қоғамдық жұмыстармен белсенді айналысады. Инна Федоренко түрлі іс-шараларға қатысып, студенттерге "құрылыс" пәнінен семинарлар мен сынып сағаттарын өткізеді. Оның айтуынша, 55 жасында зейнетке шыққан, бірақ 60 жасқа дейін техникалық колледжде оқытушы әрі әдіскер болып жұмыс істеген. Ал оған дейін талай жыл геодезист, инженер болған, құрылыс басқармасында да жұмыс істеген. Қазір ол "Золотые ручки" клубына барып қолданбалы шығармашылықпен айналысып жүр.

"Мудрость" клубының 80 жастағы мүшесі Инна Федоренко
"Мудрость" клубының 80 жастағы мүшесі Инна Федоренко

- Шығармашылықпен айналысқанды жақсы көретін адаммын. Үйде үнемі бірдеңе тігіп, тоқумен айналысатынмын. Қазір қолдарым бұрынғыдай икемді емес, сондықтан кесте тігумен көбірек айналысып жүрмін. Мұнша жасты еңсеруімнің, әлі өңімді жоғалтпауымның сыры неде деп ойлайсыз? Позитивті адам болу керек, яғни уайымға салынбау керек, адамдар мен өмірді жақсы көру керек, ашуланбау керек, уақытыңды есік алдындағы сәкіде өткізбей, белсенді болу керек, өсек айтпау керек - менің бұған уақытым жоқ. Өмірімізді осылай ұзартуға тырысып жүрміз. Ақтық сапарға аттанып жатқан қатарластарым көбейіп барады. Биыл көп адам қайтыс болды, - дейді 80 жастағы Инна Федоренко Азаттық тілшісіне.

ҒҰМЫРЛЫ БОЛУДЫҢ БІР СЫРЫ

Денсаулығы әлі тың, қимылы ширақ теміртаулық қарттардың көбі өздерінің сөзінше мардымсыз зейнетақысын жеміс,көкөніс, жидек сатып алуға жұмсамау үшін саяжай ұстайды. Кей зейнеткер қарттар клубқа сәрсенбі күндері де келеді, өйткені саяжай маусымы басталғаннан бері кейбірінің жұма күні қолы тимейді. Олар күздің қара суығын көңілдірек өткізу үшін күз түсе клубқа жиірек жиналуды жоспарлап жүр. Ардагерлер екінші дүниежүзілік соғыс басталған күн – 22 маусымда Теміртау қаласындағы Мәңгілік алау жанында митинг өткізуді жоспарлап, биліктен рұқсат алып қойған

"Мудрость" клубы мүшелерінің шығармашылық туындылары
"Мудрость" клубы мүшелерінің шығармашылық туындылары

"Қалалық ардагерлер кеңесі" қоғамдық бірлестігі жанынан ашылған "Мудрость" клубы жергілікті билік бірнеше бөлмесін берген ғимаратта уақытша отыр. Көбінің жасы 70-тен асқан әйелдер мен ер адамдар кәдесый жасаумен, тоқыма тоқып, кесте тігумен, қала тарихы мен Теміртауда тұратын қызықты адамдардың өмірінен материалдар жинаумен айналысады. Бұған қоса, ардагерлер хорына, үш ансамбльге қатысады, музыка құрастырып, шахмат, дойбы ойнайды және өз қатарына жаңадан қосылғандарға үйретеді.

Оқи отырыңыз: Белсенді зейнеткерлер мәселесін бірлестік арқылы шешпек​

- Клуб мүшелері құрдастарымен, майдандас достарымен, қызметтес болған әріптестерімен, үзеңгілес жолдастарымен жинала алатындай жағдай жасап отырмыз. Қарттардың бос уақытын бұдан да тиімдірек етіп ұйымдастырғымыз келеді. Ол кісілер үшін бұл өте маңызды, өйткені ардагердің жан-дүниесін ардагер ғана түсіне алады ғой. Қарт адамдарға бұл шығармашылығымызға сұраныс бар, айналамызға қуаныш сыйлай аламыз, өмірден түйгенімізді бере аламыз деп сезінуге мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, заңға өзгерістер енгізілгеніне қарамастан, аға ұрпақтың тұрмыс деңгейі жақсарып кеткен жоқ, шешілмеген проблемалар көп, - дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы Бірлікбай Ордабаев Азаттыққа.

Теміртау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бірлікбай Ордабаев
Теміртау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бірлікбай Ордабаев

Теміртау қаласы мен қала балансындағы Ақтау кентінде қазір көзі тірі 24 соғыс ардагері ғана қалған. Ең жасының өзі 92-де. Тыл еңбекккерлерінің саны екі мыңнан асады, ең жасы 82-де. Бұған қоса, 18 бұрынғы лагерь тұтқыны мен алты блокада ардагері қалған. Көбі төсек тартып жатып қалған. Зейнет жасына жеткен теміртаулықтар саны 29 мың адамнан асады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG