Наурыздың 10-ы күні Теміртау қаласында өткен баспасөз жиынында Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы негізгі өнеркәсіп орны – АМТ әкімшілігі жоспарлы өзгерістер енгізетінін жариялады. Компания маңызы төмен деп санайтын бірнеше цехты аутсорсер, яғни жеке меншік компаниялардың басқаруына бермек.
— Бұл шара шығындарымызды азайту үшін керек, әрі кәсіпорында бізді шығынға ұшыратып отырған ұрлық та азаяды. Шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік береміз. Аутсорсер компаниялардың көбі өздігінен жұмыс істеп кеткен соң қызметкерлеріне бізден де тиімдірек әлеуметтік жеңілдіктер береді, - дейді компанияның еңбек ресурстары және еңбек қатынастары директоры Дмитрий Павлов.
Биыл компания домна цехының шлакты қайта өңдеу учаскесін, көмір департаментіне қарасты автобус жүргізушілерін, газ толтыру станциясын, сумен жабдықтау цехының ауыз сумен қамту учаскесі - Сергиополь су таратқышын, көлік басқармасына қарасты жол монтерлерін, отқа төзімді және темір-бетон бұйымдарын шығаратын участок пен «Самал» санаторийін және металл реквизиттерді дайындау және тиеу цехының бір бөлігін тендер арқылы жеке меншік фирмалардың басқаруына бермек.
СӘТСІЗ АУТСОРСИНГ ТӘЖІРИБЕСІ
АМТ өзінің бөлімшелерін жеке меншік компанияларға бұрын да берген, бірақ бұл тәжірибесі жұмысшылар ұжымына ұнамаған. Мысалы, АМТ құрамынан аустсорсинг бойынша бөлінген арнайы киім-кешек пен шұлық бұйымдарын тігетін кәсіпорын қызметкерлері жаңа еңбек жағдайына көңілдері толмаған.
«Теміртау Ассосиэтс Энд Энсилларес» (ТАА) компаниясының қызметкері Елена Скрыпниктің кәсіподақ ұйымына жолдаған шағымында «Ұжымдық келісім-шарт әлі бекітілген жоқ» деген уәжбен 13-жалақыны әлі төлемей келеді. Жалақымыз мардымсыз, жоспарды үсті-үстіне қосады. Жұмыс стажына қарай берілетін демалысты қысқартты. Ал ұжымның пікірін ешкім сұрамайды, екі жылдан бері жиналыс өткен жоқ, бізбен ештеңені талқыламайды» деп жазылған.
158 қызметкер ТАА компаниясының жаңа директоры Кхайтан Маниш Кумардың атына ұжымдық хат жазды.
Ұжымдық шағымда «Сізден жалақыны 7,4 пайызға индекстеуді және 2013-2014 жылға арналған жоспарды орындауға байланысты 13-жалақыны төлеуді өтініп сұраймыз. Біз өнім шығару жоспарын орындадық,енді 13-жалақыны алуға хақымыз бар. Жұмыс беруші 13-жалақыны ҚР-дағы ресми инфляция деңгейіне қарай индекстеуі тиіс. Ұжымдық жиналыс өткізіп, проблемаларды талқылауды ұсынамыз» деп жазылған.
«Шахтер» демалыс үйі мен «Жартас» санаторийінің бұрынғы қызметкерлерінің ұжымдық жолдауы да аутсорсинг сәтсіз болғанын хабарлайды. Шағымға қол қойған 40 адамның мәлімдеуінше, АМТ мен көміршілер кәсіподағы арасында бекітілген сенімгерлікпен басқару келісім-шартының бұзылуына байланысты оларды 2013 жылы жұмыстан шығарған. Жұмысынан айырылған жұрт бұрынғы жұмыс берушіден өтемақы талап етеді.
СӘТТІ АУТСОРСИНГ
Ал бұрын «АрселорМиттал Теміртау» құрамында болған ағаш тілу және тара дайындау цехының өкілдері «аутсорсинг компанияға ауысқанымыз сәтті болды» дейді. Аутсорсингке 2013 жылы өткен бұл цех қазір «ЛесПромТара» деп аталады. Фирма Теміртауда ағаш өңдеп, сатумен айналысады.
— Жалақыны бірнеше есе көбейттік. Бұдан бөлек, қыс кезінде далада жұмыс істейтіндерге қосымша сыйақылар берілді. Алған міндеттемелерімізді толық орындап жатырмыз. Жұмыс орындарын сақтап қалдық, - дейді «ЛесПромТара» компаниясының директоры Максим Орлов.
Бұл пікірді кәсіпорынның ауысым шебері Татьяна Коблова да құптайды.
— Әуелі сасқалақтап, қатты қорықтық. Қалай жұмыс істейміз, қандай жалақы аламыз деп қобалжыдық. Ал қазір бәрі жақсы дей аламыз. Әлеуметтік пакет бар. Сүт береді, арнайы киіммен қамтамасыз етеді, жұмысшылардың тілегі бойынша арнайы киімнің сапасы жақсарды, - дейді ол.
Қазірге дейін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы аутсорсинг компанияларға беру үшін екі мыңға жуық адамды босатқан. Олар – бұрын «АрселорМиттал Теміртау» құрамында болған ағаш тілу, тара дайындау цехы, демалыс үйі, күзет, өндірістік және тамақтандыру комбинатының қызметкерлері.