Accessibility links

Теміртауда орыс мектебінің ұстаздары мен ата-аналары шағым жазды


№9 мектеп-лицейдің ата-аналар комитетінің мүшесі Ольга Васильева. Теміртау, 28 маусым 2011 жыл.
№9 мектеп-лицейдің ата-аналар комитетінің мүшесі Ольга Васильева. Теміртау, 28 маусым 2011 жыл.

Теміртауда орыс тілінде білім беретін екі мектепті қайта құруға қатысты сот басталды. Ата-аналар мен мұғалімдер «балалардың құқықтары бұзылды» деп, қала басшылығына қарсы арызданды. Мұндай сот Қазақстанда бұрын-соңды болмаған.


Теміртаудағы даудың басы жергілікті биліктің орыс тілінде білім беретін екі мектепті - №9 мектеп-лицейі мен №16 орта мектепті қазақ тілді етіп ұйымдастыруы жайлы шешімінен шықты. Бұл өзгерістен соң 1200-ге жуық оқушы 1 қыркүйекке дейін өзге ауданда орналасқан болса да, жаңа мектеп тауып алуға тиіс. Алайда көптеген ата-аналар мен мұғалімдер мұнымен келіспей, ондаған, тіпті жүздеген арыз жазды.

СОТҚА ШАҒЫМДАНУ

№ 9 мектеп-лицей биылғы оқу жылының аяғына дейін тек қана орыс тілінде білім беріп келді. №16 орта мектепте оқушылар қазақ және орыс тілдерінде қатар білім алды. Ал енді бұл мектептер тек қазақша оқытатын болды. Жергілікті басшылық Теміртауда ұлты қазақ оқушылардың саны артып келе жатыр, орыс тілді оқушылар саны соңғы жылдары күрт азайып кетті дейді. Билік өкілдері Теміртаудағы орыс тілді мектептердің жартылай бос тұрғанын да алға тартады. Ал қазақ оқушыларына орын жетіспейді, сол себепті жаңа мектеп салудың қажеті жоқ, мектептерді жай ғана қайта ұйымдастыру керек дейді. Теміртауда 31
№9 мектеп-лицейдің ұстазы Светлана Орищенко. Теміртау, 28 маусым 2011 жыл.

жалпы білім беретін мектеп бар, олардың үшеуі – қазақ тілді, 12 мектеп – аралас, яғни қазақ және орыс тілдерінде, 16-сы – орыс мектептері.

Теміртаудың екі мектебінің қайта құрылуы мен соған іле-шала өткен қарсылық акциялары туралы мақала Азаттық радиосының оқырмандары арасында қарқынды талқыланып, қызу пікірталас тудырды. Жергілікті бұқаралы ақпарат құралдарының біразы ғана бұл жанжал жайлы хабардар еткенін айта кету керек.

– Біз қазақ мектептерінің ашылуына қарсы емеспіз. Иә, мұндай қажеттілік туындап тұр. Мәселе істің қалай жүзеге асып жатқанында - барлығы да заң бұзып жатыр. Олардың қалыптасып жатқан жағдайға деген көзқарасы ашуландырды. Шенеуніктер ата-аналардың, мұғалімдер мен балалардың пікірімен санаспай отыр. Қала басшылығы нормативті құжаттардың барлығын мұқият оқып шығып, заңға сәйкес әрекет етсін, – дейді атын жария қылмауды қалаған №9 мектеп-лицей мұғалімі.

«Маусым айында қайта құру жайлы жария бола салысымен, сотқа №9 мектеп-лицейінің қатысушыларының атынан білім беру бөлімінің үстінен 250 талап-арыз түсірдік. Мұндағы оқушылардың заңды өкілдері – олардың ата-аналары» дейді белсенді топтың мүшелері. Қосымша 40 арызды сотқа білім беру бөлімінің және де № 9 мектеп-лицейінің өзінің үстінен мұғалімдер берді дейді олар.

«Басында қалалық сот олардың арыздарын қабылдаудан бас тартты, одан соң арыздар көптеп түсе бастағанда қабылдамақ болды» дейді №9 мектеп-лицейінің мұғалімі Светлана Орищенко Азаттық радиосы тілшісіне.

– Теміртауда адвокат таппақшы болғанымызда, олар түгелге жуық біздің ісімізді алудан бас тартты. Қала басшылығы барлық тетіктерін қолданған көрінеді, біздің жолымызды бөгеп тастады. Сөйтсе де сотта құқықтарымызды қорғауға келіскен қорғаушыны Абай қаласынан таптық, – дейді Светлана Орищенко.

Теміртау қаласының соты арыздардың ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан сотқа маусым айында берілгендері расталды. Теміртау қаласының судьясы Айнұр Арапова «мұндай арыздар шынымен келіп түсті, әрі көп» дейді.

– Әзірге бұл істердің басын біріктіріп жатыр, себебі олар о бастан әртүрлі судьялардың қолына түскен. Бірақ сот отырыстары әлі белгіленген жоқ. Бірінші шілдеден кейін, біз есеп өткізгеннен соң, барлығы мәлім болады, – дейді Айнұр Арапова.

Істің алғашқы тыңдалымы 1 шілдеде өтті. Шағымданушылардың қорғаушысы Нұрхан Жұмабековтың сөзіне қарағанда, әзірге соттың кіріспе бөлімі ғана өтті: екі тараптың пікірлері қысқаша тыңдалып, келесі отырысқа куәгер ретінде кімдерді шақыру керектігі анықталды. Сонымен бірге, қорғаушы Нұрхан Жұмабековтың айтуынша, бұл отырыста сот тартысы біткенше қалалық білім беру бөлімі бұйрығының күшін тоқтата тұру туралы шағымданушылардың өтініші қабылданбады.

Істі Теміртаудың үш бірдей судьясы қарастырмақ: оқушылардың талап-арыздары – Владимир Корнев пен Татьяна Гавриченковаға, ал мұғалімдердің арыздары Наталья Маркашованың қолына табысталды.

Балалардың талап-арыздарына қатысты судьялары бөлек келесі отырыстар 5 және 8 шілдеге белгіленген, ал мұғалімдердің талап-арыздары бойынша істі тыңдау 18 шілдеге сәйкес келмек. Бұл туралы сотта мәлім болды. Мұны шағымданушылардың қорғаушысы Нұрхан Жұмабеков та растады.

Нұрхан Жұмабеков қазір №9 мектеп-лицейінің оқушылары жазған қосымша 150 арызды дайындап қойғанын айтты, олар жуық арада сотқа тапсырылатын болады.

ҚЫЗМЕТТЕН БОСАТЫЛҒАНДАРҒА ЖҰМЫС ТАБЫЛА МА?

Жанжалдың тағы бір қыры – «кішігірім өнеркәсіптік қала Теміртауда қызметтен босатылған мұғалімдердің бәріне жұмыс табыла қоя ма?» «олардың жалақылары бұрынғыдай, қалыпты көлемде бола ма?» деген сауал. Өйткені жалақы негізінен өткен сабақ санына қарай мөлшерленеді.

Теміртаудың білім беру, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бастығы Бақшагүл Рахимованың қолымен бекітілген бұйрықта былай делінген: «Білім беру бөлімінің кадрлар қызметі зейнет жасына жетпеген директорлар мен еңбек шарттарының өзгеруіне байланысты жалпы білім беретін мектепте (лицейде) жұмысын жалғастыра алмайтын педагог қызметкерлерді жұмыспен қамтуға тиіс. Ал оқу орындарының директорлары штат қалыптастыру кезінде аптасына 18 сағаттан артық
№9 мектеп-лицейдің бұрынғы директоры Валентина Халанская. Теміртау, 28 маусым 2011 жыл.

жұмыс уақыты жүктелген қызметкерлердің және зейнет жасына келгендердің санын мүмкіндігінше азайтуға амал қолданулары керек».

Ұстаздардың айтуынша, жуырда олардың мектебіне білім беру бөлімінің өкілдері мен кейбір мектептердің директорлары келіп, өздерінде бар артық орындар мен сағаттар жайлы айтқан. Мұғалім Светлана Орищенко әуелі бізге «барлық мұғалімдерге жұмыс табылады» деп, «жарқын болашақты» уәде етті дейді.

– Бірақ біз бұл мәліметті тікелей сол мектептердің мұғалімдерінен анықтап алуды жөн көрдік. Сонда барлық сағаттардың, мысалы, информатика пәні бойынша сағаттардың артылмайтыны, өзге де пәндер бойынша жағдайдың тура осындай екені белгілі болды. Себебі мұғалімдердің көбі жеткілікті еңбекақы алу үшін бір жарым-екі ставкамен жұмыс істеуге тырысады. Кейбір мектептердің мұғалімдері адвокаттардан қазіргі кезде 23 сағатқа ие бола тұра, жаңа мұғалімдер келіп, ставкалары мен сағат саны қысқарғанда не істемегін сұрап үлгеріпті. Әлеуметтік шиеленіс әзірден-ақ басталып жатыр, – дейді Светлана Орищенко.

Бастамашы топ белсенділері екі мектептің қайта құрылуы туралы идея ат үсті қабылданған дейді. Олардың ойынша, осынау қауырт мінез жүздеген оқушы мен ондаған мұғалімнің нақты қай жерге, қай мектептерге баратыны әлі де белгісіз болып тұрғанда, қазірдің өзінде бой көрсетіп отыр.

– Қалалық білім беру бөлімі әлі күнге дейін бізге мұғалімдер мен оқушыларды орналастыру жоспарын көрсетпей отыр. Бұл жайт бұйрықтың асығыс қабылданғанын білдіреді. Ол қалыптасқан жағдайды талдау негізінде жасалмаған. 400-дей баланы біз көршілес мектепке ауыстыра аламыз, бірақ №1 гимназия – озық балаларды қабылдайтын жаңашыл мектеп. Әйткенмен 100 адам шамасында жиналады. Ал қалған 300 қатысушы қайда бармақ? – дейді мұғалімдердің бірі.

Теміртаулық басшылық, ұстаздардың сөзіне қарағанда, мұғалімдермен байланысқа шықпай отыр, салғырттықтарын мінеп, оларды әрдайым қорқытып-үркітеді. №9 мектеп-лицейінің бұрынғы директоры Валентина Халанская «биліктің ортақ келісімге келмей отырғаны - өздерінің қателігін мойындағандықтан» деп топшылайды.

– Мұндағы негізгі себеп – шенеуніктердің атаққұмарлығы мен олардың мансап қуған түрлері. Себебі Теміртауда қазір осындай шешім қабылдап отырғандар – қызмет орындарына жаңадан жайғасқандар, – дейді Валентина Халанская.

ҚОС ТІЛДІ МЕКТЕП, САН ҚИЛЫ ПІКІР

Қайта құру идеясына теріс қарайтын мұғалімдер басшылардың дәлелдеріне, яғни аймақта орыс тілділерге қарағанда қазақ оқушылардың көбейгендігіне де, дәл сол мектептерді қазақ тілді мектептерге айналдырмақ ниеттеріне де күмән келтіреді. Бұл мұғалімдердің айтуынша,
№9 мектеп-лицейдің мұғалімі Наталья Штоколова. Теміртау, 28 маусым 2011 жыл.

жылдың басында олар арнайы «айлық» өткізіп, жақын аумақтарда тұрушы оқушылардың санын анықтаған. №9 мектеп-лицейінің мұғалімі Наталья Штоколова «ұстаздар микроаудандардағы үйлерді аралап, №9 мектеп-лицейінің тұрған ауданда қазақ тілді мектептерде оқитын тек 39 бала бар екенін анықтаған болатын» дейді.

– Мұның бәрі хаттамаға түскен. Білім сапасының төмендігін алға тартып, өкіметтің аралас мектептерге қарсы шығуы да – басқаруға қатысты мәселе. Қазақстанда аралас мектептер – әр басқа тілде сөйлейтіндеріне қарамастан, құқықтары тең балалар оқитын, көпұлтты мемлекеттің даму заңдылығы. Бізді бір-бірімізге айдап салып отырғанға ұқсайды, – дейді Наталья Штоколова.

Ол, басқа мұғалімдермен бірге, мектептерді екі тілде білім беретіндей аралас қылуды ұсынып отыр. «Мұндай жағдайда тілдік орта да қолайлы болар еді, түрлі ұлт өкілдерінің өзара қарым-қатынасы да үйлесім табар еді» дейді олар. Орыс тілді балалар да, ұстаздардың айтуынша, қазақ тілін тезірек меңгеріп алар еді.

Алайда жергілікті билік мұндай дәлелге иланбай отыр. Қалалық білім беру бөлімінің бастығы Бақшагүл Рахимова бұл жөнінде Азаттық радиосына мынандай түсініктеме берді:

– Мектептерді аралас қылып өзгерте алмаймыз, себебі бұл әуелі білім сапасына әсер етеді. Қазақ оқушыларының құқықтарын таптап жатырмыз деген сөз. Мәселен, аралас мектептерде олар сабақ үстінде қазақша сөйлеседі, ал үзілісте дәлізге шығып, орысша сөйлейді. Бұл дұрыс емес. Он екі жылдық білім беруге көшу туралы бағдарламада да аралас
Теміртаудағы №9 мектеп-лицей. 28 маусым 2011 жыл.

мектептерге қатысты ештеңе айтылмаған. Бөлек орыс, қазақ және бөлек кәсіптік мектептердің болуы шарт, – деп мәлімдейді Теміртаудың білім беру бөлімінің бастығы Бақшагүл Рахимова.

Ата-аналардың белсенді тобының өкілдері Астанаға да барып қайтты, қабылдау күнін алдын ала анықтап біліп, білім беру министрі орынбасарының қабылдауына кіруге тырысты. «Бірақ, күнұзақ дәлізде күтіп тұрсақ та, министрліктің шенеунігімен жүздесе алмадық» дейді белсенділер.

№9 мектеп-лицейдің ата-аналар комитетінің мүшесі Ольга Васильева «білім беру министрлігіне жету мүмкін емес, бірақ біз Астананың басқа орындарында еш кедергісіз қабылдандық» дейді:

– Ешкімнен ештеңені сұрап білу мүмкін емес. Одан соң арыз беріп, қабылдауына жазылып қойғанымызға қарамастан, білім министрі орынбасарының жиналыста болғаны жайлы құлағдар болдық. Біз келесі күні де телефон соқтық, бірақ уақытының жоқтығы себебінен министр орынбасарының қабылдай алмайтыны жайлы жауап алдық.

ТЫНДЫРЫЛҒАН ІСТІҢ ЖАЙЫ

Азаттық тілшісі Теміртау қаласы әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Юрий Жулинмен хабарласуға тырысып көрді. Алайда онымен сөйлесу мүмкін болмады. «Екі мектепті қайта құруға дайындық қалай жүріп жатыр?» деген сұраққа Юрий Жулин хатшысы арқылы «әзірше айтарға сөз жоқ» деп жауап берді.

Осыдан кейін тілші Теміртау қалалық білім беру бөлімінің бастығы Бақшагүл Рахимовамен хабарласты. Ол бүгінгі күнгі жағдайды сипаттап берді. Оның айтуынша, «№16 орта мектеп пен №9 мектеп-лицейдегі білім беру тілі осы жылдың бірінші шілдесінен бастап мемлекеттік тілмен алмастырылмақшы». «Дәл осы күннен бастап, - дейді шенеунік, - кадр іріктеу мен басқасына да дайындық жүргізіле бастайды».

– Қалалық білім беру бөлімінің мемлекеттік тілде оқуға ынта танытқандардан арыз қабылдайтыны жария болды. Мұғалімдердің резерві бізде де бар. Жетіспей жатқан мұғалімдердің саны мен жұмыс көлемін анықтап айта алмаймын. Қызметке алу ресми түрде 15 тамыздан басталады, бұл уақытқа дейін біз талдау жасаймыз. Мұғалімдер арасында сайыс жарияланбайды. Мұғалім онсыз да әр бес жыл сайын дәрежесін дәлелдеп тұрады. Сонымен қатар мұғалімдерді бір мектептен екінші мектепке ауыстыру жүзеге асырылады. Ал оқушыларды көшіруге келер болсақ, ата-аналар өз қалаулары бойынша мектепті өздері таңдайды. Бұл мектептердің енді қазақ тілінде білім беруге көшкендерін түсінулері керек, – дейді Бақшагүл Рахимова.

Сот арыздарына қатысты ол былай дейді: «Иә, ата-аналардың сотқа шағымданғандарын естідім, ал мұғалімдерге қатысты ештеңе де білмеймін. Мұғалімдерді жұмыспен қамтушы - білім беру бөлімі емес. Біздің мұғалімдерімізді қызметке алып, босататын - мектеп директоры, сол себепті мен ештеңе дей алмаймын. Сондықтан да олар менің үстімнен сотқа шағымдана алмайды. Ал ата-аналардан келген талап-арыздарға келсек, бұл - білім беру бөлімінің жұмысы».

АРЫЗДАНУШЫЛАРДЫҢ АДВОКАТЫНЫІҢ ПІКІРІ

Сотта мұғалімдер мен оқушылардың мүддесін жақтайтын адвокат Нұрхан Жұмабеков Азаттық тілшісіне бұның теңдесі жоқ жағдай екенін айтады. Қазақстанда, оның айтуынша, мұндай істер жүргізіліп көрмеген.

– Заң бұзушылықтар көзге ұрып тұр. Бұйрықта «еңбек шарттарының өзгеріске ұшырауына байланысты жұмысты жалғастырудан бас тартқан және де өзге білім беру мекемелеріне ауыстырылмаған қызметкерлермен жасалған еңбек шарттары Қазақстан Республикасының еңбек кодексінің 59-бабына сәйкес 2011 жылдың 10 тамызына дейін бұзылады» деп жазылған. Бұл бап өзге жұмыс берушіге басқа жұмысқа
Заң бұзушылықтар көзге ұрып тұр. Бұйрықта «еңбек шарттарының өзгеріске ұшырауына байланысты жұмысты жалғастырудан бас тартқан және де өзге білім беру мекемелеріне ауыстырылмаған қызметкерлермен жасалған еңбек шарттары 10 тамызға дейін бұзылады» деп жазылған...

ауысудан бас тартқан жағдайда қызметкерді жұмыстан босатуды көздемейді. Осылайша, шағым жасалған бұйрық арызданушының еңбек шартын заңды түрде бұзуға деген құқықтарына кедергі бола алмайды. Осы себепті біз сотта бұйрықтың күшін жоюды сұраймыз, – дейді адвокат Нұрхан Жұмабеков.

Ол қалалық білім беру бөлімі шығарған бұйрығы арқылы балалардың құқықтарын да бұзады деп санайды. Оның айтуынша, аталмыш бөлімнің бастығы Бақшагүл Рахимованың қолы қойылған бұйрық заңсыз, жойылуға тиісті, өйткені бала құқықтары жайлы заңның 4-бабы «балалар құқықтарының теңдігі принципін, яғни ештеңеге, тілге де байланыссыз барша баланың құқықтары бірдей» деп бекітеді.

– Дәл осы заңның 5-бабы бала құқықтарын шектеуге тыйым салады. Бұл мектепте бірталай жыл оқып келген бала дәл осы оқу орнында білім алуға әбден құқылы. Алайда мектепте тек қана қазақ тілінде білім беруді енгізуге байланысты арызданушы қазақ тілін толық дәрежеде білмейтіндіктен, білім алуды тоқтатуға мәжбүр болады. Тіл жағынан қысым жасалып жатқаны көрініп тұр. Бұл талап-арызымызда да біз бұйрықтың күшін жоюды сұраймыз, – дейді Нұрхан Жұмабеков.

Шағымданушылар бұйрықты жоюдан бөлек жауапкерден – қалалық білім беру бөлімінен – арыз беру кезінде төленген мемлекеттік баж салығы көлеміндегі ақшаны өндіріп алуды талап етеді. «Теміртаудың қалалық білім беру бөлімінен талап етілген барлық ақшаның жиынтығы - 1 миллион теңге шамасында (7 мың долларға жуық)» дейді адвокат.
XS
SM
MD
LG