Accessibility links

Челахтың «мойындау-видеосы» жарияланды


Шекарашы Владислав Челах "қылмыс жасағанын мойындап" тұр. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 жыл.
Шекарашы Владислав Челах "қылмыс жасағанын мойындап" тұр. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 жыл.

Әскери прокуратура сәрсенбі, 13 маусым күні журналистерге "шекарашы Владислав Челах серіктерін өлтіргенін мойындаған кезде түсірілді" деген видеоны көрсетті.

Астанада өткен баспасөз мәслихатында Владислав Челахқа байланысты бес видео (оқиға орнын тексеру, шекарашыны тергеу, оның анасымен кездесуі, "қылмыс жасау себебін" айтуы, шекарашының тауда өзі түсірген көріністері) көрсетілді.

- Айтқандарын оқиға орнында да растады. Челах сыбайластары мен көмектесушілер болғанын жоққа шығарды, - деді бас әскери прокурор Ерғали Мерзадинов журналистерге.

Прокурордың айтуынша, "оқ атылған қару шекарашы тергеу барысында көрсеткен жерден табылған", "геномдық сараптама шекарашылардың атылған кезде қайда жатқанын айтқан [Челахтың] сөзімен сәйкес келді".

- Қылмысқа ішкі қақтығыс, есінің түсіндіруге келмейтін күйде болуы себеп болған, - дейді Ерғали Мерзадинов.

"Ішкі қақтығыс" пен "естің бұзылуы" туралы маусымның 7-сі күні бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков те айтқан еді. Ол қойшы қыстағында маусымның 4-інде ұсталған шекарашы Владислав Челахтың әскери қызметкерлер мен қорықшыны атып өлтіргенін толықтай мойындағанын мәлімдеп:

- Челахтың айтуынша, қылмыс жасауға себеп ретінде ішкі қақтығыстар және есінің түсіндіруге жатпайтын бұзылуы себепкер болған, - деген.

Владислав Челахтың «мойындау-видеосы»:



«МАМА, МҰНЫ МЕН ІСТЕГЕН ЖОҚПЫН»

Маусымның 13-і күні қамауда жатқан шекарашының анасы Светлана Ващенко Азаттық тілшісіне ұлы Владислав Челахтың "жанындағы серіктерін өлтірмегенін" айтқанын хабарлаған еді.

Челахтың туыстары маусымның 9-ында Алматы облысы Үшарал қаласындағы тергеу изоляторында Владиславпен кездескен. Владислав Челахтың анасы Светлана Ващенконың айтуынша, ұлымен кездесуге бес-ақ минут берген. "Онда да бейнекамераны Владислав Челахтың алдына тақап қойып, кездесуді көп адам бақылап тұрған".

- Ұлымды әкелген кезде біз құшақтастық. Ол құлағыма ақырын ғана сыбырлап, «Мама, мұны мен істеген жоқпын» деді. Ал камера алдында оларға керек нәрсені айтты, - деді Светлана Ващенко Азаттық тілшісіне.
Солдан оңға қарай: шекарашы Челахтың атасы Владимир Челах пен анасы Светлана Ващенко. Алматы, 9 маусым 2012 жыл.
Солдан оңға қарай: шекарашы Челахтың атасы Владимир Челах пен анасы Светлана Ващенко. Алматы, 9 маусым 2012 жыл.

Шекарашының анасы Владислав Челахтың кінәсіз екеніне күмәнданбайды.

- «Балам, ең бастысы - қорықпа. Не болғанын сол қалпында айтып бер. Көрген-білгеніңді айт» дедім... Егер ол кінәлі болса, маған бір тәулік уақыт беріп, ұлымды отырғызып: «Ал кәне, бәрін анаңа айтып бер» деуші еді. Олар ұлыммен сөйлесуге бір минут та бермеді, - дейді Светлана Ващенко.

Кездесу кезінде Светлана Ващенко ұлының беті көгеріп қалғанын да байқағанын айтты.

- Оң жақ бетінің сәл көгеріп тұрғанын байқадым. Алғашында көрінбей тұрған еді. Мен келмей тұрып көрінбейтіндей опалап тастаған сияқты. Жылаған кезде жасы жуып, көрініп қалды, - дейді ол.

Светлана Ващенко кездесу соңында рұқсат бергені үшін ең жоғары шенді офицерге алғыс айтпақ болған екен. Әскери басшы оған «Маған сіздің рахметіңіз керек жоқ. Қазір оның айтқан жауаптарын күн сайын камераға түсіріп жатырмыз. Тергеу аяқталған кезде көресіздер» деген.

- Влад оларға «Еденде еңбектеген серіктерін қалай атқаны туралы» айтып берген-міс. «Бұл мүмкін емес» деп едім, [офицер] «Сізбен сөйлескім де келмейді» деді маған, - дейді шекарашының анасы.

«ОЛАРДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕТІНІМДІ АЙТ»

Cол күні Владиславпен атасы Владимир Челах та кездескен. Ол немересінің бетінен соққы ізін байқамағанын айтты.

- Немеремді бауырыма қысып сүйдім. «Үйдегілерге не айтайын?» деп сұраған кезде: «Оларды қатты жақсы көретінімді айт» деді. Осылайша кездесу де бітіп қалды, - дейді атасы.

Владимир Челахтың айтуынша, Алматыдағы адвокаттар ұжымы немересіне қорғаушы тауып беру үшін қалаға шақыртыпты. Осыған орай жақын күндері Алматыға келетінін де айтты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG