Accessibility links

Қазақстанда жол апатынан қаза тапқандардың саны өсіп барады


Көлік ішінен түсірілген фото. Алматы, 4 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Көлік ішінен түсірілген фото. Алматы, 4 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Қарашаның үшінші жексенбісі - жол апатынан қаза тапқандарды еске алу күні. Қазақстанда 2012 жылдың басынан бері екі жарым мыңдай адам жол апатынан көз жұмған.

Алматылық 38 жастағы Ерланбек Қосаев жол апатына ұшырап мүгедек болып қалған. Ол биыл Тараздағы досының тойынан келе жатып, көлік апатына ұшыраған. Апаттан соң бір аяғы сылтып басатын болған. Ерланбек жол апатын еске алып:

- «Газель» көлігін сегіз адам жалға алып, Тараздағы тойға бардық. Тойдан соң Алматыға түнде қайтып келе жатып, жол апатына ұшырадық. Алдымыздан «КамАЗ» шыға келгенде жүргізуші рөлге ие бола алмай, жол шетіне шығып кетті. Машинаның төрт рет аунағаны есімде. Ары қарай білмеймін. Ертеңінде Қордай маңындағы бір ауруханада есімді жидым. Аяғым күп болып ісіп кетіпті. Кейін жанымда отырған екі досымның басына қан құйылып, қайтыс болғанын естідім, - деді.

ЖҰРТ ЕСТІГЕН ЖОЛ АПАТТАРЫ

2000 жылы қарашаның 27-сі күні Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Мәдина Ералиева мінген көлік аударылып, әнші сол жерде опат болды.
Әнші Мәдина Ералиева ұлы Арсенмен, 1999 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Әнші Мәдина Ералиева ұлы Арсенмен, 1999 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.

Сидней олимпиадасының чемпионы, боксшы Бекзат Саттарханов 2000 жылы желтоқсанның 31-і күні, 20 жасында жол апатынан қайтыс болды. Жаңа жылды өз үйінде қарсы алмақ болып жолға шыққан спортшы Темірлан ауылының маңында жол апатына ұшырады.

2009 жылы шілденің 16-сы күні тележүргізуші, әнші Руслан Бөлебай мен «BR» тобының мүшесі, музыкант Бауыржан Бегімбетов көлік апатынан қаза тапты.

2010 жылы наурыздың 4-і күні «Дос-Мұқасан» тобының әншісі Бақытжан Жұмаділов жол апатына ұшырады. Ол «Дос-Мұқасанның» тағы бір мүшесі Досым Сүлеевпен бірге Қордай асуынан түсіп келе жатқанда көліктері аударылған.

2011 жылы «Анаға хат», «Сағындым сені» атты әндерімен халыққа танымал болған әнші Ажар Түзелбекқызы да жол апатына ұшырады. Ол мінген көлік Алматы-Талдықорған трассасының бойында талға соғылған. Әнші Қапшағай ауруханасында көз жұмды. Одан алты жыл бұрын, 2005 жылы қарашада әншінің күйеуі, айтыскер ақын Оразалы Досбосынов та Алматы облысы Шонжы ауылынан келе жатқанда апатқа ұшырап көз жұмған.

«ЖОЛ АПАТЫНЫҢ САНЫ ӨСІП БАРАДЫ»

Қазақстанның ішкі істер министрлігі жол полициясы комитетінің дерегіне сүйенсек, «жол апатының 90 пайызына көлік жүргізушілер кінәлі». Комитеттің баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Бейсенқұлов жыл басынан бері Қазақстандада тіркелген жол-көлік оқиғасының «1 мың 375-і арақ ішіп, көлік айдағаннан, 11 мың 561-і жылдамдықты шамадан тыс асырудың салдарынан, 3 мың 336-і рульде отырып телефонмен сөйлескеннен, 6 мың 908-ы қауіпсіздік белдігін тақпағаннан болды» дейді.
Алматы-Екатеринбург жолындағы көлік апаты. 13 қазан 2010 жыл.
Алматы-Екатеринбург жолындағы көлік апаты. 13 қазан 2010 жыл.
Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, елде 2012 жылдың басынан бері көлік апатынан 2 мың 400 адам қаза тапқан, 13 мың 700 адам жарақаттанған.

"Жолда 1 миллион 600 мың тәртіп бұзу оқиғасы тіркеліп, көлікті мас күйінде жүргізген 39 мың адам ұсталды. 31 мың жүргізуші куәлігінен айырылып, 4,5 мыңы әкімшілік жаза алды" деді министр Қасымов қарашаның 19-ы күні.

«ҮШ ЖАРЫМ МИЛЛИОН ЖЕҢІЛ КӨЛІК»

Ақпараттар бойынша, Қазақстандағы жеңіл көліктер үш жарым миллионнан асқан. Ал Қазақстан статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 2012 жылы қыркүйек айында Қазақстанда 37 мың 805 жеңіл автокөлік тіркеуден өткен. Тіркелген көліктердің 23 мыңға жуығы - он жыл бұрын шығарылған ескі көліктер. Ал мыңнан астам көлік - жаңа, яғни зауыттан шыққанына бір-екі жыл ғана болған.

Көлігі көп қала – Алматы. Мұнда 550 мыңдай жеңіл машина бар. Көлік саны жағынан одан кейінгі орындарда Оңтүстік Қазақстан облысы, Астана, Алматы облысы және Қарағанды облысы тұр. Автомобильдің саны Атырау мен Солтүстік Қазақстан облыстарында басқа аймақтарға қарағанда аз.

ДЕПУТАТТЫҢ ҰСЫНЫСЫ

2010 жылы Қазақстан парламентінде жол апатының алдын алуға байланысты сол кездегі депутат Ирак Елекеев «жүргізуші куәлігін әскерилерден өзге азаматтарға 21 жастан беру қажет» деген бастама көтеріп, сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдаған еді.
Бұрындары жол жүру ережесін арнайы курстарда үйрететін. Өзім де сонда бір жыл оқыдым. Қазір ол жоқ. Жүргізуші куәлігін көпшілігі сатып алып жатыр. Бұған қатысты қаншама қылмыстар ашылды.


Экс-депутат Ирак Елекеев «Алаш айнасы» газетінде жариялаған депутаттық сауалында:

«Мен бұл ретте дүниежүзіндегі тәжірибелердің барлығын қарап шықтым. Көп мемлекеттерде жүргізуші куәлігін 21 жастан бастап береді. Неге осындай тәртіпті бізде енгізбеске? Қазір бізде қалай болып жатыр? Қазақстанда көлік жүргізу мәдениеті әлі қалыптаспаған. Бұрындары жол жүру ережесін арнайы курстарда үйрететін. Мен өзім де сонда бір жыл оқыдым. Қазір ол жоқ. Жүргізуші куәлігін көпшілігі сатып алып жатыр. Бұған қатысты қаншама қылмыстар ашылды» деді.

Алайда Ирак Елеекевтің «жүргізуші куәлігін әскерилерден өзге азаматтарға 21 жастан берейік» деген ұсынысы үкіметте қолдау таппады.

Бұл мақаланы автордың Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.
XS
SM
MD
LG