Академик, молекулалық биология және биохимия институтының аға ғылыми қызметкері, нанотехнологиялар жөніндегі маман Мұрат Гильманов «Айлық жалақым - 70 мың теңге (470 долларға жуық)» дейді. Ол айлығына қосымша, ғылым докторы деген атағы үшін, шамамен 30 мың теңге (200 доллардай), ғылым кандидаты дәрежесі үшін 15 мың теңге (100 доллардай) үстемақы алады.
«АКАДЕМИК - 770, ЛАБОРАНТ 170 ДОЛЛАР АЛАДЫ»
Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Гүлнәр Жұмасейітова «Аға ғылыми қызметкердің дәрежесі кафедра, бөлім меңгерушісі және ғылыми жоба жетекшісімен теңесетіндіктен, ең жоғары ставканы алады» дейді. Оның айтуынша, аға ғылыми қызметкердің айлық жалақысы еңбек өтіліне байланысты бүгінгі күні 65 мың мен 75 мың теңге аралығында.
Оның сөзіне қарағанда, ғалымдардың көпшілігі, кем дегенде, екі ғылыми жобаны жүргізеді немесе жоғары оқу орындарында сабақ береді. «Өз басым аға және жетекші ғылыми қызметкер ретінде екі жобаға қатысып жүрмін, ал үшінші жобада жарты ставкадамын» дейді Гүлнәр Жұмасейітова. Алайда басқа жобаға қатысқаны үшін ғалымның ғылыми дәрежесі мен еңбек өтілі ескерілмей, үстемақы қосылмаған «жалаң жалақы» төленеді екен.
Ал ғылыми атағы жоқ, кіші ғылыми қызметкер болып істейтін әріптестерінің 42 мың теңге мөлшерінде (280 долларға жуық) жалақы алатынын айтқан Гүлнәр Жұмасейітова «олардың бәрінің баспанасыз жүргенін» ескертеді.
Бәрін қосқанда мен бір мыңнан аса рубль алатын едім. Ал қазір төлейтіндері ғылым мен ғалымды мазақ ету ғана.
Академик Мұрат Гильманов молекулалық биология және биохимия институты лаборанттарының айлық жалақысы 20-25 мың теңгені (шамамен 135-170 доллар) құрайтынын айтып өтті.
1991 жылға дейін ғалымдардың айлық орташа жалақысы 220 совет рублі шамасында болыпты. Ол кезде «кафедра немесе бөлімге жетекшілік етсең 350 рубль, ал академик атағың болса 650 рубль үстеме қосылатын» деген Гильманов:
- Бәрін қосқанда мен бір мыңнан аса рубль алатын едім. Ал қазір төлейтіндері ғылым мен ғалымды мазақ ету ғана, - дейді.
Совет заманында бір мың рубль айлықты тек ілеуде біреу алатын. Мұндай жалақыға академиктер мен Қиыр Шығыста жұмыс істейтін жоғары білікті қызметкерлердің, сондай-ақ КПСС орталық комитетінің саяси бюро мүшелері, яғни жоғары шенді совет басшыларының ғана қолы жететін.
МЕКТЕП МҰҒАЛІМІНІҢ ЖАЛАҚЫСЫ 450 ДОЛЛАР
Егер ғалымдар қосымша жұмыс істеп, күнкөрістің тағы бір көздері арқылы нәпақа айыра алатын болса, орта мектеп мұғалімдерінің мұндай да мүмкіндігі жоқ. Семей қаласындағы қазақ орта мектебінің мұғалімі Нағыштай Бегалинаның айтуынша, ол таңнан кешке дейін мектептің тірлігінен шыға алмайды екен.
20 жыл еңбек өтілі бар ұстаз өткен жылы жоғары санатты мұғалім деген біліктілік деңгейін алып, айлық еңбекақысы 67 мың теңгеге (450 долларға жуық) жетіпті. Жоғары санатты мұғалім Нағыштай Бегалинаның негізгі жүктемесіне тағы бес сағат қосып беріпті. Ал жоғары санаты үшін қосылатын үстемақыдан кіріс салығы мен зейнетақы жарнасын ұстағанда қалатыны - жеті мың теңгеден аспайды.
Ұстаздың сөзіне сүйенсек, аптасына 18 сағат сабақ беріп, толық жүктеме арқалап жүрген жас мұғалімдердің жалақысы бұдан да аз – 35 мың теңге (230 долларға жуық). «Жыл сайын сағат қысқарып жатқандықтан, оларға қосымша сағат та берілмейді» дейді Нағыштай Бегалина.
«ҚҰПИЯ» ДЕРЕКТЕР
Қазақтың еңбек ғылыми-зерттеу институтының директоры Серік Берішевтің пікірінше, республика бойынша алғанда, бюджет қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы өмір сүру деңгейінен төмен.
«Үкімет жалақыны индекстеп, көтеруге тырысады, еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін енгізеді, бірақ инфляция айлық жалақының бір бөлігін жұтып қойып жатыр. Қазақстанда ресми инфляция 6-8 пайыз мөлшерінде. Бірақ инфляцияның ресми емес деңгейі бұдан жоғары» деген Берішев:
- Өкінішке орай, мұғалімдер мен дәрігерлердің, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің жалақысы әзірше төмен деңгейде қалып отыр, - дейді.
Оның пікірінше, мемлекеттік қызметкерлердің жағдайы бұдан көш ілгері. Олардың белгіленген жалақысын Қазақстан президентінің жарлығымен өсіреді. Мемлекеттік қызметкерлердің осындай жолмен өсірілетін еңбекақысы кәсіпкерлік сектордың еңбекақысына бір табан жақын.
«Самұрық-Қазына» мемлекеттік холдингіне кіретін ұлттық компанияда жұмыс істейтіндердің жалақысын бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысымен салыстырғанда айырмашылықтың көп болуын Серік Берішев қызметкерлердің, оның ішінде топ-менеджерлердің жалақысы туралы ережені директорлар кеңесінің өзі бекітуімен түсіндіреді.
Алайда «ҚазМұнайГаз» және «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» ұлттық компаниясы қызметкерлерінің жалақысы құпия болуына негіз жоқтығын айтқан Серік Берішев:
- Бұл деректердің құпиялығы сонша - олардың қанша алатынын ешкім білмейді, - дейді.
Берішевтің айтуынша, ол шикізат өндіру саласына жататын кәсіпорын – «Қазақмыс» корпорациясының еңбекақы төлеу жүйесін аздап зерттеп көріпті. «Оларда, - дейді сарапшы ғалым, - қызметкерлердің еңбекақысы СССР кезіндегідей есептеледі екен, олар еңбекке ақы төлеудің ескі жүйесіне қайта оралыпты. Бұл - дұрыс шешім».
Қазақстандағы еңбекақы төлеу жүйесіндегі қазіргі келеңсіздіктің басты себебін Серік Берішев еңбекақыны реттеудің нарықтық тетіктерінің жоқтығынан көреді:
- Біз мемлекеттік мекемелерден бастап кәсіпорындарға дейінгі барлық сала мен деңгейдегі еңбекақы төлеудің келісімдік шарттарына әлі өткеміз жоқ. Демек, біз кәсіподақтардың рөлін барынша көтеруіміз керек. Олар еңбекшілердің еңбегіне ақы төлеу жөніндегі талап-мүдделерін қорғауды қолға алып, өз қызметтерін атқаруы тиіс. Еңбекақыны өсіру жөнінде мәселе көтеріп, тоқтаусыз келіссөздер жүргізіп, табандылық танытулары керек. Өкінішке орай, ондай табандылық әзірше жоқ.
Ал 67 мың теңге жалақысы азық-түліктен, коммуналдық қызмет ақысын төлеу мен қоғамдық көліктің жолақысынан артылмайтынын айтқан 20 жылдық стажы бар семейлік мұғалім Нағыштай Бегалина:
- Азық-түліктің бағасы болса шарықтап барады, қоғамдық көліктің жолақысы тағы да қымбаттады, балалардың киім-кешегін де жаңарта алмаймыз. Отбасын асырау үшін жеке кәсіппен айналысайын десең, зейнет демалысына ертерек шығармайды, - дейді.
Оның үстіне, Нағыштай Бегалина «Алатын зейнетақым 40 мың теңгеден де аспай қала ма» деп алаңдайды.
РЕСМИ ЖАУАП
Бұл материал жариялануға даяр болған кезде Азаттық радиосының бюджет саласы мен мемлекеттік қызметкерлердің, ұлттық компаниялар мен шикізат өндіру саласы кәсіпорындары жұмысшыларының еңбекақысын есептеудің жүйесі мен тәртібі туралы сұрақтарына жауап келді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ішкі бақылау департаменті директоры Гүлнар Әлімбекова әзірлеген бұл жауапты ықшамдап жариялап отырмыз.
Министрлік жауабында Қазақстанда жалпы экономикадағы қызметкерлердің номиналды жалақысының орташа көрсеткіші 128 мың теңгеден 89 959 теңгеге (2012 жылдың қаңтарына шекті) дейін өскені, бюджет саласындағы қызметкерлер жалақысы 1993 жылдан 2011 жылға дейін 74 теңгеден 63 511 теңгеге дейін көбейгені айтылған.
«Қазақстандағы орташа жалақы елдегі өмір сүру деңгейіне сәйкес төлене ме?» деген сұраққа министрлік Қазақстан ТМД елдерінің ішінде орташа жалақы көлемі бойынша (620,4 АҚШ доллары) Ресейден кейінгі (782,1 доллар) екінші орында тұрғанын айтқан.
Сонымен қатар, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 2008 жылмен салыстырғанда 2011 жылы екі есе өскені, ал 2011 жылғы инфляцияның (2011 жылғы желтоқсан мен 2010 жылдың желтоқсанын салыстырғанда) 7,4 пайыз болғаны жазылыпты.
Министрлік интернет-ресурстардың мәліметтерін пайдала отырып, «АҚШ пен басқа да дамыған елдерде жалақының ішкі жиынтық өнімнің құрамындағы үлесі - 60-65 пайыз, ал Қазақстан статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, 2011 жылы Қазақстанның ішкі жиынтық өніміндегі жалақының үлесі 33,6 пайыз болды» деп хабарлайды.
Бұдан ары бюджеттік сала және мемлекеттік қызметкерлерге, ұлттық және қазба байлықтарды өндіруші компания еңбеккерлеріне жалақы төлеудің жүйесі мен тәртібі егжей-тегжейлі жазылған. Ал бюджеттен тыс ұйымдардың қызметкерлеріне жалақы төлеу және оларды ынталандыру жүйесі Қазақстанның еңбек кодексі бойынша, ұжымдық шарт, индивидуалды келісім және жұмыс берушінің актілері негізінде анықталатыны айтылған.
Мұнымен қатар, министрлік жауабында еңбек кодексіне сәйкес, жұмысы ауыр әрі қауіпті, зиянды өндірісте істейтін жұмысшыларға жоғары жалақы мен қосымша төлемдер төленетіні жазылған. Олардың жалақысы Қазақстан заңдарында белгіленген жалақы көлемінің минималды стандарттарынан, салалық және ұжымдық келісім-шарттарда көрсетілген шектен төмен болмауы тиіс.
Мәселен, мұнайгаз саласында салалық 1,8 коэффициенті белгіленген. Яғни, бұл салада істейтін бірінші разрядты жұмысшының жалақысы 31 390 теңгеден кем болмауы керек (17 439 теңгені 1,8 коэффицентіне көбейткен кезде шығатын сома).
Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, 2012 жылдың қаңтар-ақпан айларында өнеркәсіп жұмысшыларының орташа жалақысы 106 199 теңге болса, теміржолдағы жолаушылар тасымалы саласының қызметкерінікі - 114 793 теңге; байланыс саласында 120 594 теңге болған.
Министрлік статистикалық мәліметтер бойынша, 2012 жылдың қаңтар-ақпан айларында елдегі номиналды орташа жалақы білім саласында – 64 211 теңге, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында 72 156 теңге болғанын хабарлады.