Accessibility links

Ақтоған халқы көпір салып беруді сұрайды


Қызылағаш пен Ақтоған ауылдарының арасындағы қолдан жасалған көпір. Алматы облысы, 7 желтоқсан 2012 жыл.
Қызылағаш пен Ақтоған ауылдарының арасындағы қолдан жасалған көпір. Алматы облысы, 7 желтоқсан 2012 жыл.
Алматы облысындағы Қызылағашпен көршілес Ақтоған ауылының тұрғындары Азаттыққа «көпір қиыншылығын» айтып хабарласты. Әкім айналма жолдың қауіпсіз екенін айтады.

Ақтоған - Қызылағаш ауылдық округінің бөлімшесі. Орталық (Қызылағаш) пен бөлімше арасы – оншақты шақырым. Арасында Қызылағаш өзені мен үш шақырымдай жазық дала бар. Ақтоғандықтар халықтың көбі «бұл жолмен екі күннің бірінде жүретінін», қолдан салынған көпірдің қауіпті екенін айтады.

«ҚЫЛКӨПІР»

- Ақтоған орта мектебі тоғызыншы сыныпқа дейін ғана оқытады. 10, 11-сыныптарды біздің балалар Қызылағашқа барып оқиды. Бұдан бөлек, бала-бақша, пошта, емхана сияқты маңызды нысандардың бәрі - Қызылағашта. Сондықтан екі ауыл арасында адамдар арлы-бері жиі қатынайды, - дейді Азаттық тілшісіне Ақтоған мектебінің оқытушысы Сәкен Сымжанов.
Сәкен Сымжанов, Ақтоған ауылының тұрғыны. Cурет жеке мұрағаттан алынды.
Сәкен Сымжанов, Ақтоған ауылының тұрғыны. Cурет жеке мұрағаттан алынды.

Оның сөзіне қарағанда, екі ауылды байланыстыратын «ұзын жолдың торабында салынған көпір бар». Бірақ «ол көпірден өту үшін тағы да оншақты шақырым жүру керек, ал жұрт өзен үстіндегі көпірмен жүреді» дейді сұхбаттасымыз.

- Қызылағашта апат болған 2010 жылы үкіметтің жоспарына осы екі ауыл арасындағы көпірді де енгізіп, жасап берсін деп ұсыныс айтқанбыз. Алайда ұсынысымызды қабылдамады. Сосын ауыл тұрғындары әр үйден 500 теңгеден жинап, өзіміз көпір салып алдық. Жарылған дамбадан қалған үлкен-үлкен трубаларды өзеннің үстіне қойып, жанын үлкен тастармен қоршап қойдық. Оны сәуір мен қарашаға дейін ғана пайдаланамыз, ал қыстың төрт айында су көтеріліп, жан-жағын мұз басып қалады. Онымен жүру мүмкін емес, - дейді сұхбаттасымыз.
Қызылағашқа бара жатқан Ақтоған тұрғындары. Алматы облысы, 7 желтоқсан 2012 жыл.
Қызылағашқа бара жатқан Ақтоған тұрғындары. Алматы облысы, 7 желтоқсан 2012 жыл.

Қызылағаш тұрғыны Салтанат Сапирова айналмалы көпірдің, әсіресе, егде тартқан адамдарға қиындық туғызатынын айтты.

- Ақтоғандықтардың үлкендері зейнетақысын бізден – Қызылағаштан келіп алады. Көлігі барлар көлікпен, өзгелері айналып жүруге мәжбүр. Бұдан бөлек, Қызылағаштың біраз тұрғыны Ақтоғанның мектебінде сабақ береді. Сөйтіп Ақтоғанның бір мыңнан аса тұрғыны мен біздің мұғалімдер сабылып жүрміз, - дейді Салтанат.

«БАСТЫСЫ - ҚАУІПСІЗДІК»

«Екі ауыл арасындағы бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына біраз болғанын» айтқан Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Сәуле Әмитова:

Қызылағаш пен Ақтоған ауылдарының арасындағы қолдан жасалған көпірден өту қауіпті. Алматы облысы, 7 желтоқсан 2012 жыл.
Қызылағаш пен Ақтоған ауылдарының арасындағы қолдан жасалған көпірден өту қауіпті. Алматы облысы, 7 желтоқсан 2012 жыл.
- Апат болған кезде өзен үстіндегі көпірді де салып берсін дедік, бірақ өзенде су көтерілсе, бұл тұрғындар үшін қауіпсіз емес деп салынбай қалды. Айналмалы көпір бар. Ол, әрине, алыс, ыңғайсыз. Дегенмен ыңғайлы болғаннан гөрі, тұрғындардың қауіпсіздігі маңыздырақ, - деді.

Оның сөзінше, екі ауыл арасында оқушыларды таситын «Газель» көлігі бар екен.

- Сондықтан оқушылар еш қиналмайды, үлкен кісілер машинамен қатынайды. Олар (тұрғындар - ред.) айта береді. Үкімет салып бермегендіктен, ол жерге ештеңе салуға болмайды. Екі трубаны біріктіріп, ары-бері өтетін уақытша көпірсымақ салынған. Оның өзін қазір мұз басып қалды, - деді Сәуле Әмитова.

Алайда Салтанат Сапирова «оқушылар еш қиналмайды» дегенмен келіспейтінін айтты.

- Газель – ара-тұра сынып қалады, немесе оқушыларды жарыстарға алып кеткенде балалар өздері келіп-кетеді. Олардың көбі айналып жүрмейді, осы өзеннің үстіндегі көпірсымақтың үстінен өтеді. Қазір ол жерде мұз қатып қалған, өте қауіпті, - дейді Салтанат Сапирова.

Азаттық тілшісі Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хабарласып еді, басқарма мамандары Қызылағаш өзенінің үстінен көпір салу «облыстың маңызы бар жолдарына қарасты емес» болғандықтан жауап бере алмайтындарын айтты. Бұл мәселе Ақсу аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына қарайтындығын атап өтті.

Ал тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының бастығы Манарбек Адамбековтің сөзінше, «көпір салу жоспарда жоқ».

- Жоспарда жоқ, одан бөлек адам өміріне қауіп төндіретіндіктен оны алып тастау керек. Бергі жағында 500 метр, соны жаяу жүрсе не болады? Үкімет мүмкіндігінше жақсы көпір жасап берді, жаяу жүргінші жүретін жері бар, машина бөлек өтеді. 500 метрге бола өміріне қауіп келтіріп өту керек пе? Ондай қауіп болса оны алдырып, аштырып тастау керек, мұз қатып, ертең адам ағып, өлетін болса. Одан да қауіптің алдын алып адам жүрмейтін қылып алып тастау керек, - деді Азаттық тілшісіне Манарбек Адамбеков.
XS
SM
MD
LG