Accessibility links

«Өзіне қол салған» тұтқынның соңғы хаты 6 ай бұрын жазылған


Түрмеден мәйіті табылған 25 жастағы тұтқын Арсен Ақылбаевтың анасы 45 жастағы Бұлбұл Мұсанова. Алматы, 3 желтоқсан 2015 жыл.
Түрмеден мәйіті табылған 25 жастағы тұтқын Арсен Ақылбаевтың анасы 45 жастағы Бұлбұл Мұсанова. Алматы, 3 желтоқсан 2015 жыл.

«Суицидтен» қайтыс болған тұтқын Арсен Ақылбаевтың анасы баласын «өзіне қол салуға жеткізген» түрме қызметкерлерін жазалауды талап етеді. Тұтқынның азаптауға шағымданған соңғы хатын 6 ай бұрын тапсырғаны анықталды.

Бүгін Алматы облысының 45 жастағы тұрғыны Бұлбұл Мұсанова 25 жастағы баласы Арсен Ақылбаевтың «өліміне кінәлі» түрме жүйесінің лауазымды тұлғаларын қылмыстық жауапқа тартуды сұрап, бас прокурор Асхат Дауылбаевқа арыз жолдаған.

Анасының айтуынша, Ақылбаев алаяқтық пен тонау әрекеттері бойынша жаза мерзімін өтеп жатқан Алматы облысы Заречный кентіндегі жалпы режимдегі колонияда оны соққыға жығып, азаптаған. Анасының айтуынша, оны дүркін-дүркін Семей қаласындағы түрме ауруханасына жіберген әрі ол жақта да таяқтап, азаптаған. «Ақыры ол жарымжан болып қалды» дейді анасы. Қазанның аяғында Ақылбаевты Балқаш қаласында орналасқан жалпы режимдегі колонияға жіберген. Бірақ апта өтпей оның жансыз денесі табылған. Түрме басшылығы Бұлбұл Мұсановаға «балаңыз асылып қалды» деп хабарлаған.

Тұтқынның анасының адвокаты мен құқық қорғаушы Арсен Ақылбаевтың қазасына қатысты ресми жауапқа күмәнданады.

ТҰТҚЫННЫҢ АЖАЛ АЛДЫНДАҒЫ ХАТЫ

Адвокат Айман Омарова Арсен Ақылбаевтың соңғы хатын көрсетіп отыр. Алматы, 3 желтоқсан 2015 жыл.
Адвокат Айман Омарова Арсен Ақылбаевтың соңғы хатын көрсетіп отыр. Алматы, 3 желтоқсан 2015 жыл.

Арсен Ақылбаев ажалынан алты ай бұрын Заречный кентіндегі түрме бастығы Абылғазы Идиловтың атына соңғы хатын жазған. Ол хатында түрмеде соққыға жығылып, ар-намысын таптайтын өзге де қатыгез әрекеттерге ұшырағанын жазған. Ақылбаев «алда-жалда көз жұмып кетсем, ажалыма түрме бастығы полковник Идилов пен оның қарамағындағы қызметкерлер кінәлі» деп жазған.

Биыл сәуірдің 27-сі күні тұтқын Ақылбаев әлгі хатты түрмеде онымен жолыққан ұлттық азаптауға қарсы превентивті механизм тобы мүшелеріне берген.

Кезінде Қазақстандағы адам құқығы бюросы әлгі хатты бас прокурорға жолдаған. Мамырдың 13-і күні бас прокуратурадан Алматы облысы прокуратурасына хатта баяндалған «жайттарды тексеру» жөнінде тапсырма түскен.

Прокуратурадан 10 күннен кейін келген жауапта «алаңдауға себеп болатын негіздер табылмады» деп жазылған. Алматы облысы прокуратурасы Қазақстандағы адам құқығы бюросына мамырдың 27-сі жолдаған хатында «ЛА-155/14 мекеме қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне қатысты Ақылбаев мәлімдеген жайттар расталмады» деп жазған.

ТҰТҚЫННЫҢ АНАСЫНЫҢ АРЫЗЫ

Денсаулық жағдайына байланысты тұтқын Арсен Ақылбаевты бірнеше рет түрме ауруханасы - Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы ОВ-165/15 мекемесіне жіберген. Анасы Бұлбұл Мұсанованың айтуынша, ол жақта тұтқынды жарымжан болып қалғанға дейін азаптаған.

«Семей қаласындағы колонияда төртінші рет түскенінде оны аяусыз ұрғандары соншалық, балам балдақсыз жүре алмайтын халге түсіп, жарымжан болып қалды. Ол жақта оны арқанмен екі жаққа керіп азаптаған, аяқтарының башпайларын тістеуікпен бұрап, аяқтарынан ұрған, ақыры жүйке тамыры қысылып қалғандықтан, балдақсыз жүре алмайтын болып қалды. Семейден осындай күйде келді. Бұл жайлы арызданған. Бірақ әлі күнге дейін ешқандай шара қолданған жоқ, азаптағандар қылмыстық жауапқа тартылмады» деп жазады Бұлбұл Мұсанова бас прокурорға.

Түрме бастығы Абылғазы Идилов қол қойған анықтама.
Түрме бастығы Абылғазы Идилов қол қойған анықтама.

Әйелдің айтуынша, тұтқынды айналдырған қырсық Заречныйдағы «туған» колониясына келгеннен кейін де бітпеген, оны сап түзеп жүруге мәжбүрлеген. «Бірақ аяғын басып жүре алмаған соң оны тағы соққыға жыққан» дейді қаза тапқан тұтқынның анасы.

Бұлбұл Мұсанова арызында «2015 жылы қазанның 23-і күні балам телефон соғып, түрмеде оларды ұрып-соғып, азаптайтынын, қорлап-кемсітетінін айтып, «егер 2-3 күн хабарласпай кетсем, дереу кел» деп өтінді» деп жазады.

Ол Заречный кентіне бармақ болып жиналып жүргенде - қазанның 30-ы күні кешкісін Қарағанды облысы Балқаш қаласындағы түрмеден телефон соғып, «балаңыз біздің мекемеде, қазанның 29-ы күні асылып қалды» деп хабарлаған. Қарашаның 1-і күні Бұлбұл Мұсанова баласының денесін үйіне алып қайтқан. Оның айтуынша, тұтқынның денесінде көп жара болған.

«Сол құлағының артында, құдды жылқыға күйдіріп таңба салғандай әлдебір ыстық нәрсе басқаннан кейін қалатын күйік сияқты жара болды. Аяқтарында да үшкір затпен піскілеген жаралар көп... Оның үстіне, бір қолының тырнақтарының астынан ине, біз сияқты үшкір затпен піскілеген сияқты із көрінеді... Әлгі қолының тырнақтары көгеріп кеткен» деп жазады Мұсанова бас прокурорға.

ТҮРМЕДЕН ТҮРМЕГЕ АУЫСТЫРУДЫҢ ЖАҢА ПРАКТИКАСЫ

Бұлбұл Мұсанованың мүддесін қорғаушы адвокат Айман Усманованың Азаттыққа айтуынша, шарасыздықтан өзі асылып қайтыс болғанына немесе біреулердің «көмектескеніне» қарамастан, Ақылбаев азаптауға ұшыраған деп 100 пайыз сеніммен айтуға болады. Адвокат «Әрине, Ақылбаев өзіне қол салып қайтыс болды ма әлде қастандықтан қаза болды ма, бұл жайттарды тергеу амалдары анықтауы тиіс, бірақ тергеу назарынан оның азаптауға ұшырағанын тыс қалдыруға жол беруге болмайды» дейді.

Тұтқындардың құқығын қорғаумен танылған азаматтық белсенді Руслан Оздоевтің Азаттыққа айтуынша, Қазақстандағы түрме жүйесі «қиын» тұтқындарға азаптаудың жаңа жүйесін қолдана бастаған. Оздоевтің айтуынша, бұрын түрме әкімшілігі «таяқтап алу керек» деп санайтын тұтқындарды Қостанай облысы Арқалық қаласындағы түрмеге жіберетін. Бірақ бұл үшін сот қаулысы қажет. Ақын әрі диссидент Арон Атабек Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы колониясында жаза мерзімін өтеген кезде сот екі рет осындай шешім шығарған.

Оздоевтің айтуынша, ал енді Қазақстанның түрме жүйесі «қиын» тұтқындарды бір түрмеден екіншісіне «еш сотсыз, тергеусіз» ауыстыра береді.

Руслан Оздоев.
Руслан Оздоев.

- Мен мұның мән-жайын анықтауға талай тырысып көрдім. Өйткені бір колонияның тұтқынын дәл сондай режимдегі колонияға (жалпы, қатаң және т.с.с.) ауыстырады да, ол жаққа барған соң оны аяусыз соққыға жығады, кейде тіпті өліп кеткенше таяқтайды, - дейді Руслан Оздоев.

Оның айтуынша, тұтқынды бір түрмеден екіншісіне соттың ресми шешімінсіз ауыстыру - түрме жүйесі тарапынан заң бұзу.

- Бірақ олар «оперативтік есеппен» ауыстырылды деген уәжбен құтылады. Ал «оперативтік есеп» деген не екенін сұрастыра бастасаң, ештеңе айтпайды, - дейді Руслан Оздоев.

ҚАЖК ТЕРІСТЕЙДІ

Алматы қаласы және Алматы облысы қылмыстық атқару департаменті бастығының орынбасары, полковник Нұрғожа Нығметжановтың Азаттыққа айтуынша, тұтқын Арсен Ақылбаевты Заречный түрмесінен Балқаштағы колонияға заңды негізде ауыстырған.

- Оны түскен жарлық негізінде ауыстырған, - дейді полковник Нығметжанов.

Полковник Нұрғожа Нығметжанов «түрме билігі тұтқынды бір түрмеден қағаз жүзінде ғана режимі бірдей екінші түрмеге ауыстырады,ал шындығында «тәртібін түзету» үшін оны тұтқындарға аяусыз қарайтын түрмеге ауыстырады» деген болжамды да жоққа шығарады.

Қарағанды облысындағы түрмелердің бірі. (Көрнекі сурет)
Қарағанды облысындағы түрмелердің бірі. (Көрнекі сурет)

- Біз жалғыз оны ғана жіберген жоқпыз ғой». Өзгелерді де жібереміз. Бәрі заңды, - дейді ол.

Полковник Нығметжановтың айтуынша, Ақылбаевтың Қарағанды облысындағы түрмеде қайтыс болуына Алматы қаласы және Алматы облысы ҚАЖД қызметкерлері кінәлі емес.

Балқаштағы түрме әкімшілігі мен Қарағанды облысы қылмыстық атқару департаменті басшылығына хабарласу мүмкін болмады.

ҚАЖК баспасөз қызметінің бастығы полковник Ғалымжан Хасенов Азаттыққа «бұл мәселеге байланысты ҚАЖК-ға бірнеше сауал түскендіктен, Бұлбұл Мұсанованың бас прокурорға жазған арызынан хабардармын» дейді. Ол Руслан Оздоевтің түрме жүйесі тұтқындарды бір түрмеден екіншісіне «қайта тәрбиелеу» үшін ауыстырады деген болжамын бірден жоққа шығарды.

- Бұлай болуы мүмкін емес. Онысы - сандырақ, баланың шатпағы, - деп мәлімдеді полковник Хасенов.

Қазақстандағы азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясына жыл сайын 350 шағым түседі. Құқық қорғаушылар құзырлы органдар азаптау мен қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша полиция қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғағысы келмейді, көбінесе қызметтік тексеру жүргізумен шектеледі деп санайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG