Accessibility links

Түрмедегі азаптау жайлы шағымдар көбейді


Қазақстан колонияларының біріндегі жазасы өтеушілер. (Көрнекі сурет)
Қазақстан колонияларының біріндегі жазасы өтеушілер. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның азаптауға қарсы коалициясы қаңтарда тұтқындардан азаптау жайлы шағымдар былтырғы қаңтардан гөрі әлдеқайда көп түскенін хабарлады. Билік «азаптау жайлы хабарлар тексеріледі» дейді.

Астаналық адвокаттар Аманжол Мұхамедияров, Әсел Тоқаева және батысқазақстандық адвокат Төлеген Шайықов қаңтардың 27-сінен 29-ына дейін Павлодар облысындағы кейбір түрмелерді аралап, «азаптауға ұшырадық» деп мәлімдеген тұтқындармен кездескен.

Мақаланың аудио-подкастын тыңдаңыз

Түрмедегі азаптау
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:04 0:00
Жүктеп алу

Адвокат Мұхамедияровтың айтуынша, Павлодар облысындағы АП-162/3 колониясында сөйлескен алты тұтқынның бесеуі азаптауға қатысты шағымданғанын растаған, бірақ арыз жазуға екеуі ғана келіскен. Ол «Келесі күні тұтқындар арасында сауалнама жүргізуге түрлі сылтаумен мүмкіндік бермей қойды» дейді. Бірақ олар тағы бір түрме - АП-162/4 колониясында отырған екі тұтқынмен жолыққан. Олардың бірі «мені азаптаған адамдарды қайтсем де қылмыстық жауапқа тарттыруға күш саламын» деп мәлімдеген.

- Кейін адвокаттар 162/3 колониясына кіруге тағы тырысып көрді, бірақ тағы рұқсат етпей қойды. Тек үшінші күні ғана әлгі колониядағы өзге зардап шеккендер көрсеткен тағы тоғыз тұтқынмен кездестік. Бірақ бәрі арыз жазудан әрі адвокаттармен ынтымақтасудан бас тартты, - дейді адвокат Мұхамедияров.

Жарты айдай бұрын Павлодар облысындағы түрмелерді әріптесі Константин Геращенкомен бірге адвокат Снежанна Ким де аралап шыққан. Колонияда отырған үш тұтқынның әке-шешесінің шағымы негізінде ол ақпанның 1-і күні Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/14 жалпы режимдегі колонияға да барған.

Тамақ ішіп отырған жазасын өтеушілерді (әйелдер колониясында) күзетіп жүрген полиция қызметкері. Алматы, 27 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Тамақ ішіп отырған жазасын өтеушілерді (әйелдер колониясында) күзетіп жүрген полиция қызметкері. Алматы, 27 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Павлодар облысы түрмелері мен Алматы облысындағы ЛА-155/14 колониясындағы тұтқындардың жағдайын салыстырған Снежанна Кимнің айтуынша, екі аймақтағы түрмелерде «сұмдықтардың жалпы сипаты» бірдей. Бірақ оның мәлімдеуінше, Заречный кентіндегі колонияға қарағанда, Павлодар облысындағы түрмелердегі тұтқындарға деген қарым-қатынас нашар. Оның айтуынша, Павлодар түрмесінде бір тұтқын «полиция таяғымен зорлады» деп шағымданған, ал ЛА-155/14 түрмесіндегі тұтқындар «әзірше зорлаймыз деп қорқытудан асқан жоқ» деген.

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы мүшесі әрі Қазақстандағы адам құқығы бюросы директоры Роза Ақылбекованың айтуынша, жергілікті билік қысымына жергілікті адвокаттар мен құқық қорғаушылардың кейбірі шыдамайды. Сондықтан коалиция Павлодар мен Алматы облыстарындағы түрмелерді аралау үшін өзге аймақтарда жұмыс істейтін адвокаттарды жалдаған.

Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы 2015 жылы азаптау немесе қатігездік әрекеттер жайлы барлығы 162 шағым алған. Роза Ақылбекованың сөзінше, шағымның көбі тұтқындардан түседі.

Адвокаттар әлгі түрмелерді аралаған сапардың қорытындысын Алматыдағы баспасөз жиынында жариялады. Жиынға Алматы облысындағы ЛА-155/14 түрмесінде отырған 19 жастағы Вадим Максимовцевтің әкесі Владимир Максимовцев қатысты. Ол колонияның бұрынғы тұтқындарының бірі ажал алдында жазған хатты оқып беруге тырысты. Бірақ жасқа булығып оқи алмаған соң әлгі хатты адвокат Снежанна Ким оқып берді.

АЗАПТАУ ФАКТІСІН ҚАЛАЙ ДӘЛЕЛДЕУГЕ БОЛАДЫ?

Құқық қорғаушылар мен адвокаттар тұтқындардың шағымы негізінде «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаудың адам сенгісіз қиын екенін айтады. Мысалы, тұтқын Ескендір Түгелбаевты аяусыз соққыға жығып, оның жарымжан болып қалу фактісі бойынша адвокаты Гүлнәр Жуаспаеваның талап етуімен қылмыстық іс қозғалып, Түгелбаев жәбірленуші деп танылған. Бірақ құқық қорғаушы Роза Ақылбекованың айтуынша, қылмыстық іс жәбірленуші мен адвокаты талап еткендей, «Азаптау» бабы емес, «қызметтік өкілетін асыра қолдану» бабы бойынша қозғалған.

Адвокат Айман Омарова.
Адвокат Айман Омарова.

Адвокат Айман Омарова Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/14 жалпы режимдегі колонияда жеті жыл жаза мерзімін өтеген 25 жастағы Арсен Ақылбаевтың қазасына қатысты «Азаптау» бабы бойынша іс қозғауды талап етеді. Оны дүркін-дүркін Семей қаласындағы түрме ауруханасына жіберген әрі ол жақта да таяқтап, азаптаған деген болжам бар. Ақыры ол жарымжан болып қалған. Былтыр қазанда Ақылбаевты Балқаш қаласындағы жалпы режимдегі колонияға ауыстырған. Бірақ апта өтпей осы түрмеден оның мәйіті табылған. Түрме басшылығы тұтқынның анасына «балаңыз асылып қалды» деп хабарлаған. Тұтқынның анасы мен құқық қорғаушылар Арсен Ақылбаевтың қазасына қатысты ресми уәжге күмәнданады.

Адвокат Айман Омарованың Азаттық тілшісіне хабарлауынша, ол бас прокуратурадан «Өзіне қол салуға жеткізу» бабы бойынша іс қозғалды деген жауап алған. Бірақ ол «Арсенді азаптағанына сенімдімін» дейді.

Құқық қорғаушы Роза Ақылбекова тұтқындарға қатыгездік таныту фактілеріне байланысты «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаудың қиындығын мына сөздермен суреттейді:

- «Азаптау» бабы бойынша іс қозғау үшін тұтқын кем дегенде Серік Баймағанбетов сияқты бұрынғы ішкі істер министрі болуы керек шығар, - дейді ол.

Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы басшысы әрі бұрынғы ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовті азаптауға қатысты іс бұрынғы түрме қызметкерін соттаумен аяқталған. Оның қылмыстық іс қозғауға қатысты талабы түрмеден шыққаннан кейін ғана орындалған. Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, Қарағанды облысындағы АК-159/6 түрмесінде жұмыс істеген 25 жастағы жедел уәкіл Руслан Поповьян тұтқын Серік Баймағамбетовті жалаңаш күйінде еден жууға мәжбүрлеген. Баймағамбетов арызында бір топ қызметкерді айыптаған, бірақ олардың біреуі ғана сотқа тартылды.

Қазақстан түрмелерінің біріндегі азаптау деп жарияланған youtube видеосының скришоты. (Көрнекі сурет)
Қазақстан түрмелерінің біріндегі азаптау деп жарияланған youtube видеосының скришоты. (Көрнекі сурет)

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінің басшысы полковник Ғалымжан Хасеновтің айтуынша, түзету мекемелеріндегі азаптау фактілері туралы түскен ақпаратты түрме жүйесі басшылығы мұқият тексереді.

- Біз кез-келген сигналды, оның ішінде әлеуметтік желі арқылы тараған ақпаратты да тексереміз. Олардың шын-өтірігі тексеріледі. Бүкіл факті бойынша тексеру жүргізіледі. Павлодардағы жағдайға қатысты білетінім - ол жақта қадағалау органдары тексеру жүргізген, бірақ азаптау фактілері анықталмаған, - дейді полковник Хасенов.

Былтыр жазда АҚШ-тың мемлекеттік департаменті 2014 жыл қорытындысы бойынша әлемдегі адам құқығы ахуалы жайлы жыл сайынғы есебін жариялаған. Баяндама авторлары Қазақстанды адам құқықтарын бұзып соттан тыс өлім жазасын орындау, тұтқындар мен қамауға алынған жандарды азаптау, адамдарды заңсыз ұстап әкетіп, қамап тастау әрекеттері үшін сынаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG