Accessibility links

Адам құқығы ахуалы жайлы пікір әртүрлі


Астана полиция шеруге шыққан адамды әкетіп барады. (Көрнекі сурет)
Астана полиция шеруге шыққан адамды әкетіп барады. (Көрнекі сурет)

Қазақстан билігі адам құқығына қатысты мәселелерді жақсарту мақсатында бірқатар заңдар қабылданып, ахуал оңалып жатқанын айтады. Алайда құқық қорғаушылар басқаша пікірде.

Желтоқсанның 10-ы – халықаралық адам құқығы күні. Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров осы күнге орай елдегі адам құқығының жағдайын айтып, ресми басылымда мақала жариялады.

«2015 жылы қабылданған шаралар азаматтар құқықтарының тұрақты бұзылуына қатысты шағымдарында көтеріп отырған мәселелерді шешу үшін құқықтық мүмкіндіктер туғызды» дейді уәкіл.

Асқар Шәкіровтің сөзінше, елде жазалаудың баламалы түрлері кеңейтілген, қылмыстардың айтарлықтай саны түрмеге қамалумен байланысты емес қылмыстық теріс қылық санатына өткен.

1 қаңтардан бастап жаңа қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу мен қылмыстық атқару кодекстері қолданысқа енетінін айтқан уәкіл ол құжаттарда «азаматтардың құқықтары анағұрлым кеңейтілген, сот билігінің ролі артқан, шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарттары жеңілдеген» дейді.

САЯСИ ҚҰҚЫҚ ПЕН АЗАМАТТЫҚ БОСТАНДЫҚ

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис адам құқығы жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровтің «биыл мәселелерді шешетіндей құқықтық мүмкіндіктер туды» деген пікірімен келіспейді. Оның сөзінше, Қазақстанда адам құқығы халықаралық стандарттарға сай қорғалған сала мүлдем жоқ.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 3 тамыз 2015 жыл.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 3 тамыз 2015 жыл.

– Азаматтардың саяси құқығы мен азаматтық бостандығы мәселесі өзекті болып тұр. Бұл – бейбіт жиын, діни бірлестіктер мен ел басқаруға араласу құқықтары, – дейді Евгений Жовтис.

Ал адвокат Абзал Құспанов «Қазақстанда адам құқығын бұзуға бірден-бір себепкер болып отырған – қазіргі қылмыстық заңнама» деп біледі.

– Адамға адам деп қарамайды бізде. Үстінен қылмыстық іс қозғалды ма – одан жаман адам жоқ, ол міндетті түрде сотталады көп жағдайда. Қылмыстық істерде ақталу деген 1 пайыздың төңірегінде ғана. Бұл – ресми статистика. Бұл тергеу органдары керемет заңды жұмыс жасап, сапалы қызмет етіп жатыр дегенді білдірмейді. Бұл соттардың айыптау бағытында жұмыс жасайтынын көрсетеді, – дейді Абзал Құспанов.

Ол «Қазақстанда тергеу мен сот шын мәнінде тәуелсіз болмай жағдай жақсармасын» айтады.

«Қазақстанның заңнамасының жекелеген нормалары адам құқығын сақтауға қатысты халықаралық келісімдерге қайшы» деген пікірді Польшада орналасқан Open Dialog қоры да жуықта жариялаған баяндамасында айтқан.

Қор өзінің мәлімдемесінде бейбіт жиын, діни сенім бостандығы, баспасөз еркіндігі, азаптау, Жаңаөзен оқиғасының тергелуі, саяси қуғындау мен президентті қайта сайлау сияқты мәселелерді сөз еткен.

Open Dialog «Қазақстан халықаралық қауымдастық тарапынан айтылған көп ескертулерді жоққа шығарады» дей келе, «имиджін сақтау қалу үшін саяси тұтқындарға қатысты істерде бірлі-жарым жеңілдік жасайтынын» да айтады. Қор БҰҰ, ЕҚЫҰ мен Еуропа Одағының сынынан кейін адвокат Зинаида Мухортованың психиатриялық ауруханадан босатылғанын, халықаралық ұйымдардың қысымы арқасында Жаңаөзендегі мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаеваның түрмеден шыққанын бұл пікіріне дәлел ретінде келтірген.

Қор «соңғы уақытқа Орта Азиядағы сөз бостандығы мен демократияның біршама көріністері бар жалғыз мемлекет болып келген Қазақстан қазір аймақтағы өзге де авторитарлы мемлекеттер қатарына қосылды» деп тұжырады.

Open Dialog Еуропа Одағы елдерін Қазақстанмен әріптестік туралы келісімдерін ратификацияламай қоя тұруға,«ЭКСПО-2017» көрмесіне байкот жариялауға, Астананың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдары тұрақты мүшелікке өтуден кандидатурасын алып тастауға шақырған.

XS
SM
MD
LG