Accessibility links

«Барахолка» өртіне қатысты сот басталды


Барахолкадағы «Құлагер» базарындағы өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.
Барахолкадағы «Құлагер» базарындағы өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

«Барахолка» базарларында болған өрттердің біріне қатысты алғашқы сот отырысы наурыздың 6-сы күні басталды. Алматы қалалық соты «әзірге екі адамға айып тағылып отыр» деп хабарлады.

Алматы қаласы Жетісу аудандық 2-соты «Олжа» базарын жалға алушы Қайранов және базарлардың бірінің бас директоры Алдабергенов «Өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу» бабы бойынша күдікті ретінде Қылмыстық кодекстің "Отпен абайсыз жұмыс iстеу салдарынан ауыр зардаптарға әкеп соққан бөтен адамның мүлкін жою немесе бүлдіру" бабы бойынша жауапкершілікке тартылып жатыр (сот айыпталушылардың толық аты-жөнін айтпады– ред.)" деп хабарлады.

Қалалық соттың баспасөз хатшысы Қуандық Ешімет Азаттық тілшісіне соттың алғашқы отырысы жабық өтетінін айтты.

Өртеніп кеткен «Олжа» базарының орны. Алматы, 5 наурыз 2014 жыл.
Өртеніп кеткен «Олжа» базарының орны. Алматы, 5 наурыз 2014 жыл.
Ел ішінде «Барахолка» деп аталып кеткен Алматыдағы ірі базар соңғы алты айда бес рет өртенген еді.

Алғаш рет 2013 жылдың қыркүйегінде «Барахолканың» «Олжа» базарынан басталған өрт жапсарлас «Аян», «Керемет» және «Аягөз» базарларын шарпыған. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, сол күні 5400 шаршы метр аймақ отқа оранып, жарты күнде әзер сөндірілген.

Бір айдан соң, қарашаның 17-сі күні шыққан өрттен «Барахолканың» «Құлагер», «Арал» және «Еуразия» базарлары зардап шеккен.

Бұл жолғы өртке «ең жоғарғы» деген дәреже берілді. Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті, Алматы облысының әкімдігі мен «Қазавиаспас» компаниясы бірлесе өшіруге күш салғанына қарамастан, бір ғана «Құлагер» базарының 3500 шаршы метр аумағы өртеніп кеткен.

Төтенше жағдайлар министрлігі «Қарашаның 17-сі күні әдейі өрт қою нәтижесінде «Құлагер», «Арал», «Еуразия» базарларында өрт шықты. Өртенген заттардың күліне сараптама жасалып, оларда тез тұтанғыш және жанғыш сұйықтықтың болғаны анықталды» деген ақпарат таратты.

«Барахолкадағы» үшінші өрт қарашаның 26-сы күні тіркелген. Сол күні «Алатау-2» базарындағы бірнеше контейнер жанып кетті.

Желтоқсанның 12-сі күні «Алатау-2» базарына тағы да өрт тиіп, кейін базардың шеткі қатарлары күреле бастаған.

«Барахолка» базарларындағы өрттің соңғысы биыл ақпанның 14-і күні шықты. «Юпитер» базарындағы болған өрт 150 шаршы мерт аумаққа жайылған.

Қала билігі 2012 жылы «Барахолканың» «Солтүстік айналма жолды кеңейтуге бөгет болып тұрған 34 базары тұрғындардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік ыңғайлылық үшін» жабылуы мүмкін екенін ескерткен еді.

Содан бері әкімшілік пен кәсіпкерлер базарларды қаланың басқа ауданында жаңадан салынған сауда орталықтарына көшіруге қатысты мәмілеге келе алмаған. Базардағы өрттерді «әлдекімдер қасақана ұйымдастырған қаскөйлік» деп сипаттайтын пікірлер де айтылған.
XS
SM
MD
LG