Accessibility links

Туберкулез колледж студенттеріне көбірек жұға ма?


Дәрігер рентген суретін тексеріп отыр. (Көрнекі сурет).
Дәрігер рентген суретін тексеріп отыр. (Көрнекі сурет).

Ақтөбелік тубдиспансер басшысы туберкулезге шалдыққан студенттердің көпшілігі жатақханасы жоқ колледждерде оқитынын айтады.

Ресми мәлімет бойынша 2013 жылы ақтөбелік 46 студент туберкулезбен ауырған. Солардың бірі Гүлден – жергілікті колледж оқушысы. Денсаулығы нашарлап кеткен соң бір жылдық демалыста болған ол жуырда оқуына қайта кірісті.

Студент өз диагнозын барлық курстастарына жария етпеген. Бірақ бір бөлмеде тұратын құрбыларына емделіп шыққаны туралы анықтаманы көрсеткенін айтады.

«ҰЯЛАМЫН»

Азаттық тілшісі жатақханасына барғанда Гүлден пиязды майға қуырып, макарон пісіріп жатыр екен. Қыздар дастарқанға табасымен қоя салған макаронды жеуге кіріскенде «ұлттық асымыз» деп өзара әзілдесіп жатты.

Студенттердің кешкі асы. Ақтөбе, 14 қаңтар 2014 жыл.
Студенттердің кешкі асы. Ақтөбе, 14 қаңтар 2014 жыл.
Студенттердің айтуынша, бір бөлмеде тұратын 4 студент ай сайынғы шәкіртақыларынан 2 мың теңгеден жинап, азық-түлік сатып алады. Азықтары - негізінен өсімдік майы, макарон, қант пен шай секілді ең қажетті деген өнімдер.

«Анам мен ауырып қалған соң қорқып, «бұдан әрі оқымай-ақ қойсаң қайтеді» деп қолқа салды. Мен келіспедім. Үнемі қолына түскенін беріп жіберіп тұрады. Хабарласқан сайын «киім кимесең де, құнарлы ас іш» дейді. Жатақханада қолда барымызды бөліп жейміз. Жолақысы үшін берілетін 3 мың теңгені қоса есептегенде 15 мың теңге (100 доллар шамасы – ред.) стипендиямыз бар. Әйтсе де құнарлы ас ішіп жүрміз деп айта алмаймын. Қайтадан ауырып қалмас үшін анамның беріп жіберген витаминдері мен биологиялық белсенді қоспаларын (БАД) ішіп жүрмін» дейді Гүлден.

Студент туберкулезбен ауырғанын жалпыға жария еткісі жоқ. Аты-жөнін де толық атамауды сұрады. Азаттық тілшісінің «Неге жасырасыз? Туберкулез емделетін ауру емес пе?» деген сауалына Гүлден «ұяламын» деп қысқа ғана қайырды.

«ЖАТАҚХАНАСЫ ЖОҚТАР КӨБІРЕК ШАЛДЫҒАДЫ»

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне қарасты емхананың меңгерушісі Жұмагүл Жұмағазина да студенттердің арасында туберкулезбен ауырған қыз-жігіттердің бар екенін жоққа шығармайды.

«Туберкулез ауруының көрсеткіші жыл сайын төмендеп келеді. Өз ішімізде талдау жасап, студенттерді үнемі бақылап отырамыз» деді ол.

Мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бөлім бастығы Дариға Сейітованың айтуынша, 2013 жылы Ақтөбенің жоғарғы және орта оқу орындарында білім алып жүрген 46 студент туберкулезбен ауырыпты. Олардың барлығы тиесілі ем-домдарын алған.

Студенттер. Ақтөбе, 27 ақпан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Студенттер. Ақтөбе, 27 ақпан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Ақтөбедегі туберкулез диспансерінің бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің сөзіне қарағанда , 2013 жылы 577 қала тұрғыны ауруханада жатып, ем алып шыққан. Оның 16-сы - студент. Бас дәрігер олардың басым бөлігі колледж оқушылары екендігін айтады.

«Диспансерде емделген жастардың арасында университет пен институттардың студенттері бірен-саран ғана. Басым көпшілігі жатақханасы жоқ, ыстық тамақпен қамтылмаған жергілікті колледждердің студенттері» дейді Ерлан Тәтімов.

Ақтөбедегі жатақханасы жоқ оқу орындарының бірі – политехникалық колледждің дәрігері Таланды Боранқұлова оқушылардың арасында туберкулезбен ауырғандардың бар екендігін растады. Дәрігер тілшімен әңгіме кезінде студенттердің «ауруды бір-бірінен емес, сырттан жұқтыратынына» сендірумен болды.

Колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Асқар Аймұқатов өз оқушыларын жыл сайын медициналық тексеруден өткізіп тұратынын, жергілікті емханалардың бірімен келісім-шарт жасағанын айтты. Ол Азаттыққа:
«Жатақхана болмағандықтан жастар бірігіп пәтер жалдап, әртүрлі әлеуметтік топпен араласады. Осы жағдай бізге қиындық туғызып отыр. Жуырда қала басшыларына хат жолдадық. Бұйырса, біздің мәселеміз биыл қалалық мәслихатта қаралуы тиіс» деді.
XS
SM
MD
LG