Тергеу болжамдары бойынша, шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов билікті күшпен басып алуға дайындық жұмыстарын жүргізген, бірнеше қалада өткен жер реформасына қарсы акцияларды қаржыландырған. Бұл туралы бүгін брифингте ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев мәлімдеді.
"Атырау, Астана, Алматы, Орал, Қызылорда қалаларында өткен жер реформасына қарсы акцияларға Төлешов мырза дем беріп, қаржыландырғаны жөнінде дәлелдер таптық" деп мәлімдеді ҰҚК өкілі. Мәлімдемеге қарағанда, қаңтар айында арнайы операциямен ұсталған Тоқтар Төлешов бұл наразылық акцияларын "былтыр желтоқсанда дайындап, қаржыландырған".
ҰҚК мәліметіне қарағанда, "қарсылық акциялары бұдан ерте өтуі тиіс болғаны нақты анықталған. Бірақ Төлешовтің тұтқындалуына байланысты, акциялардың уақытын тікелей ұйымдастырушылар өзгерткен. Қазір олардың кейбірі құрықталған".
ҰҚК баспасөз қызметі өкілі Руслан Карасев "Оның жоспарында елде қауырттылық ошақтарын құру арқылы елдегі жағдайды тұрақсыздандыру, наразылық акциялары жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру, оның аясында "балама үкімет" жасақтап, қазіргі биліктің құрылымын өзгерту қарастырылған" деп мәлімдеді.
ВИДЕО: Прокуратура мен ҰҚК өкілдері мәлімдемесі
Прокуратура мен ҰҚК өкілдері брифингінде "Төлешовтің бірнеше сыбайлас жақтастары тұтқындалғаны" хабарланды. Олардың қатарында "Қазақстанның бас прокурорының бұрынғы орынбасары, конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі бар". Сонымен қатар, әділет саласының мемлекеттік кеңесшісі Ілияс Бақтыбаев пен Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД бұрынғы бастығы генерал-майор Хибратулла Досқалиевтің және т.б. тұлғалардың аттары аталды.
Қаңтарда ұсталған кәсіпкер Тоқтар Төлешовті қамауға алу туралы санкцияны Астананың Алматы аудандық 2-соты ақпанның 1-і күні шығарған еді. Төлешов қылмыстық кодекстің 266-бабы ("қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлікті сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзірлеу") және 297-бабы ("Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу") бойынша күдікті деп танылған.
Сәуірдің 24-і күні Атыраудан басталған толқу Қазақстанның өзге қалаларына тараған соң президент Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіне даулы өзгеріс енгізу туралы заңға мораторий жариялаған.
Мамырдың 27-сі күні Қазақстанның бас прокуратурасы "жекелеген адамдар елдегі саяси-қоғамдық тұрақтылықты бұзып, ұлтаралық араздық қоздырып, билікті құлатуды көздейді" деп мәлімдеген еді.
Бас прокуратура мамыр айында Қазақстанның түрлі аймақтары мен қалаларында өткен жер мәселесіне қатысты митингілерді біреулер қасақана ұйымдастырды деп бағалап, "құқыққа қайшы мұндай әрекеттерді қаржыландырып отырғандарды табатындарын" мәлімдеген.
Маусымның 1-і күні Макс Боқаев пен Талғат Аянның қылмыстық кодекстің 24-бабының 1-бөлімі ("қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу") және 179-бабының 2-бөлімі ("билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту") бойынша айыпталып, күдікті ретінде ұсталғандары белгілі болған. Олардан басқа да бірнеше белсенді қылмыстық айыптармен тергеуге қамалған еді.