Татарстанның Саба ауданында тұратын Рустам есімді азамат Азаттықтың Татар-башқұрт қызметіне телефон арқылы сұхбат берді.
Оның айтуынша, Ресейдің тұрақты әскери күштерінің сарбаздары бір апта сайын алмасып, Украинаның Луганск және Донецк аудандарына барып қайтып тұрады. Бұған қоса Ресей Шығыс Украинадағы сепаратистерді әскери дайындықтан өткізу үшін арнайы инструкторларын жіберіп отырады дейді Рустам.
Мәскеу Луганск және Донецк аймақтарындағы қақтығысқа еш қатысымыз жоқ деп отыр. Біріккен Ұлттар ұйымының мәліметіне қарағанда, соғыс басталғалы бері бұл аймақтарда 6400-ге тарта адам опат болған.
Қазір 25 жасқа келген Рустам 2009-10 жылдары Ресей армиясында міндетті әскери борышын өтеген. Кейіннен Ресей армиясына келісім-шарт негізінде қайта оралып, 2011-14 жылдар аралығында Шешенстандағы бөлімшеде қызмет еткен.
Сол жерде жүріп Украина шығысындағы сепаратистерге қалай көмектесуге болатынын интернеттен білген ол 2014 жылы ресейшіл жасақтардың қатарына ерікті түрде барып қосылыпты.
Ұрыс аймағына барған соң ол сондағы сепаратистердің әрбір отрядына бір-бір әскери инструктордан бекітілігенін байқапты. Оның айтуынша, бұл инструкторлар келісім-шарт негізінде қызмет етіп жүр.
- Әрбір отрядтың құрамында Ресейден келген 15 шақты ерікті соғысып жүр, қалғандары – жергілікті тұрғындар, - дейді Рустам.
«Сепаратистердің қатарына неге қосылдың?» деген сұраққа ол Ресей басылымдарында жиі айтылып жүрген пікірді қайталай жауап берді.
- Бәленің бәрі – фашизмде. Мұнда Гитлер мен Бандераның жақтастары түбірімен жойылып біткен жоқ. Соларға қарсы соғысу үшін аттандым, - деді ол.
Рустам өзінің ісі дұрыс деп санайды әрі Украинадағы сепаратистердің қатарында әзербайжандар, шешендер және басқа да мұсылмандар соғысып жүр дейді.
Украинадағы қызметі үшін ол ешқандай ақы алмапты.
- Әрқандай бір ақы төлеу туралы құжатқа қол қойған емеспін. Ешқандай ресми құжатта менің аты-жөнім жазылмаған. Менің мұнда келгенім туралы ешқандай ресми ақпарат жоқ. Себебі мен мұнда тек көмектесу үшін келдім. Командирім киім-кешек пен тамақ алуға, демалуға аздап ақша беріп тұрады. Бірақ, ресми түрде ақы алған емеспін, - деді Рустам.
Оның айтуынша, командирі күн сайын брондалған автокөліктен Ресей рублін алып беріп тұрады. Бірақ ол көліктің қайдан келгенінен бейхабар болып шықты.
Наиль Хисамиев пен Мерхат Шәріпжановтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.