Қазақстандық кәсіпкер Сардал Тутадзенің бірнеше жүк көлігі бар. Түскен тапсырысқа қарай шет елдерден тауар әкелумен айналысады. Ол таяуға дейін Ресейдің анти-санкцияларына ілікпеген қағаз-картон мен кабель өнімдері сияқты Украина тауарларын Беларусь пен Ресей аумағы арқылы Қазақстанға әкеліп жүрген. Ал санкцияға іліккендерін Украинадан Түркия, Грузия, Әзербайжанның Баку портынан Каспий теңізімен Ақтау портына тасымалдаған. Бірақ жуырда Тутадзе көлік бақылау инспекциясынан «өте шұғыл» деген айдармен хабарлама алғанын айтады. Инспекция жүк тасымалдаушыға «1 шілдеден бастап Украинадан Ресей арқылы тауар әкелмеуге кеңес беріп, басқа бағыт ұсынған».
- Жүк тасымалдаушы ретінде айтсам, қиын тиіп отыр. Өйткені енді айналып жүруге тура келеді. Шығын көбейеді. Иран мен Түркіменстанда визалық режимнен өту керек. Жаздың 45-50 градус ыстығына дөңгелектер шыдамай жарылып жатады. Кеденнің көптігі артық қиындықтар тудырады. Тілдік бөгет бар. Ресей, Кеден Одағы елдері арқылы өтсек тиімдірек, - дейді кәсіпкер Сардал Тутадзе.
Ескертпе мен басқа жол ұсынған хабарламаларды Қазақстан кәсіпкерлеріне елдің «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Қазақстанның халықаралық автокөліктік жүк тасымалдаушылар одағы» да таратқан. Азаттық тілшісі хабарласқан бірнеше кәсіпкер солай деді. Сонымен бірге, бұл ақпарат елдің Инвестиция және даму министрлігі сайтында жарияланған.
Мұндай ұсынысқа Ресей президенті Владимир Путиннің 2016 жылғы 1 қаңтарда қабылдаған «Украина аумағынан Қазақстан аумағына Ресей аумағы арқылы халықаралық транзиттік тасымал жасағанда Ресейдің экономикалық қауіпсіздігі мен ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету шаралары туралы» жарлығы және Ресей мен Украина арасындағы 2011 жылғы Еркін сауда аумағы туралы келісім күшінің тоқтатылуы себеп болғаны көрсетілген.
Қазақстан билігі жүк тасымалдаушыларға Грузия, Әзербайжан және Каспий арқылы Ақтауға өтетін бір маршрут; Түркия, Иран, Түркіменстан және Өзбекстан арқылы өтетін екінші маршрут ұсынған.
Украиналық жүк тасымалдаушы «Reliable trance» компаниясының менеджері Максим Өтешов Қазақстан бағытында айына орта есеппен 30 шақты жүк көлігінің жүретінін айтады. Оның сөзінше, көліктері Путин жарлығына сәйкес Беларусь-Ресей шекарасы арқылы Қазақстанға қатынап жүрген.
- Болып жатқан өзгерістерді көріп жүрміз. Бірақ біздің заңгерлердің айтуынша, бұл жарлық көліктерді Ресей-Беларусь шекарасы арқылы өтуді міндеттейтін. Сәйкесінше, жарлық мерзімі біткен соң ескі нормалар қайта іске қосылуы тиіс. Ал онда тыйым жоқ, - дейді украиналық компания өкілі Максим Өтешов.
Жылдап жинаған қазақстандық тұтынушыларымызды жоғалтамыз. Меніңше, қазақ клиенттердің де мұндай жағдайға көңілдері толмайтын шығар
Максим Өтешов компанияларының Украина Инфрақұрылым министрлігіне ресми хат жолдағандарын, бірақ «бұл мәселені шешеміз» деген уәдеден басқа жауап алмағандарын айтады.
- Бәріміз де жұмыс істегіміз келеді. Онсыз да қазір дағдарыс. Оның үстіне мұндай жарлықтар тіпті қиындатып жібереді. Жылдап жинаған қазақстандық тұтынушыларымызды жоғалтамыз. Меніңше, қазақ клиенттердің де мұндай жағдайға көңілдері толмайтын шығар, - дейді ол.
Ресей президенті Владимир Путиннің 2016 жыл 1 қаңтарда қабылдаған «Украина аумағынан Қазақстан аумағына Ресей аумағы арқылы халықаралық транзиттік тасымал жасағанда Ресейдің экономикалық қауіпсіздігі мен ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету шаралары туралы» жарлығына сәйкес Украина тауарлары бітеме қорғасын мөр (пломба) соғылып, Беларусь-Ресей шекарасы арқылы ғана өтуі тиіс еді. Бұған қоса, Украинаның кей тауарларын шекарадан өткізуге тыйым салынып, транзиттік көліктерге қосымша алым-салық, талаптар пайда болған. Жарлық бойынша 1 шілдеден бастап Украина тауарлары Қазақстанға Беларусь-Ресей шекарасының бойындағы арнайы пункттер арқылы да өткізілмейді. Мәскеу бұл тасымал тәсілін ұзартатыны туралы Астанаға әлі нақты ақпарат бермей отыр.
Азаттық тілшісі Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігі сайтында орналасқан хабарламадағы телефон нөміріне қоңырау шалды. Аты-жөнін айтқысы келмеген маман «Ресеймен арада ертең проблема бола қалса деп» жүк тасушыларды балама маршруттар туралы еріксіз құлақтандыра бастағандарын айтты.
- Ол жарлықпен жүк тасымалдаушылар Ресейдің кейбір өткізу пункттерінен транзитпен өте алатын еді. Жарлық күші 1 шілдеге дейін болған. Ол жарлықтың созылуы туралы Ресей тарапынан ақпарат келіп түскен жоқ. Сондықтан ертең Ресеймен [шекарада] проблема болмау үшін тасымалдаушыларға басқа жолдармен өтуді ұсынып отырмыз, - деді инвестициялар және даму министрлігінің өкілі.
Ресей өзіне Шығыс Украинадағы сепаратизмді қолдады деген айыппен Батыс Еуропа салған экономикалық санкцияларға қарсы санкция жариялаған еді. Украина ЕО-мен өзара еркін сауда аймағын құру келісімін жасаған соң, Ресей бұған қарсы шығып, Украинамен арадағы еркін сауда келісімін де үзіп тастаған. Бұл тыйымдардан Еуропа мен Украинадан Орталық Азияға тауар таситын компаниялар зардап шегіп, шығыны көп балама тасымал маршруттарын пайдалануға мәжбүр.