Accessibility links

Жұмыс бар, бірақ жұмыссыздар да азаяр емес


Кәсіпорынға жұмыс іздеп келгендер кезекте тұр. Көрнекі сурет.
Кәсіпорынға жұмыс іздеп келгендер кезекте тұр. Көрнекі сурет.

Шағын қалалардың бірі Теміртауда түрлі мамандықты меңгерген жұмысшыларға сұраныс бар. Алайда жұмыссыздардың көңілінен шығатын жұмыстар аз.

Жұмыссыздар бұл мәселенің себептерінің бірі ретінде жұмыс берушінің жалақыны кешіктіріп төлеуі немесе мүлде төлемей қоюын атайды.

ЖҰМЫС ІЗДЕУ МАШАҚАТЫ

31 жастағы Татьяна Кузнецова осыдан екі жыл бұрын Теміртау қаласына Қарағанды облысының Осакаровка кентінен келіпті. Ол тұрақты жұмыс тауып, қалада түпкілікті орнығып қалармын деп үміттенген. «Пеш жағушы болып немесе біреудің көмірін түсіріп беріп күн көрмесең, бұрын тұрған жерімде жұмыс болмады» дейді ол. Татьяна жұмыс көп дегенді естіп, Теміртауға келген.

– Жұмыс істеуден қашпаймын. Қолымнан үй әктеу, сылау сияқты жөндеу жұмыстары келеді, – дейді жұмыссыз әйел.

Бастапқыда әркімдердің үйін жөндеп күн көрген ол кейін мекемелерді аралап, өз қызметін ұсыныпты.

– Бірақ осы күнге дейін бірде бір адал жұмыс берушіні кездестірмедім. Оның үстіне көбінесе уақытша жұмыстар ғана кездеседі, тұрақты жұмысқа алмайды.
Жұмысшы әйелдер. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы. 16 ақпан 2012 ж. (Көрнекі сурет)
Жұмысшы әйелдер. Жаңаөзен, Маңғыстау облысы. 16 ақпан 2012 ж. (Көрнекі сурет)
Соңғы істеген құрылыс мекемесінде «айына 50 мың теңге төлейміз» деп уәде берген.

- Бірақ саған басыбайлы құл сияқты қарайтын бастықтар жұмыстың көлемін ұлғайтып жіберді. Ақыры шыдамадым, оның үстіне суық тиіп қатты ауырып қалдым да кетуді ұйғардым. Еңбек шартына отырмағандықтан, бір айдан артық істеген жұмысымның ақысын да алған жоқпын. Енді, міне, тағы жұмыссызбын. Қолымда маған қарап отырған балаларым бар, – дейді Татьяна Кузнецова.

Еңбек нарығында мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, Татьянаның жүк көліктері мен кранда жұмыс істейтін тәжірибесі бар досы да тұрақты жұмыс таба алмай жүр екен. Шарасы таусылған ол вахталық әдіспен жұмыс істеп көрмекші болып Атырауға кеткен. Яғни бір ай жұмыс істейді, бір ай үйде болады. Оған айына «150 мың теңге төлейміз» деген уәде берген. Бірақ оның айтуынша, жалақыны кешіктіргеніне үшінші ай болыпты. Жұмыс беруші ара-тұра 15-20 мың теңгеден (100-130 доллар шамасында) аванс беріп, «сәл күте тұрыңдар» дейді.

ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДАҒЫ ӨЗАРА ТАЛАП

Ресми дерекке қарағанда, қазір Теміртау қаласында жұмыссыздар есебінде 400-ге жуық қана адам тізімделіп тұр. Жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, жұмыс таба алмағандардың бәрі бірдей тіркеуге тұрмайды. Сондықтан олардың саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Наурыз айының соңында қала кәсіпорындарында 250 бос орын болған. Қаладағы мекеме-кәсіпорындарға негізінен қоймашы, жүргізуші, электрмен дәнекерлеуші, электромонтер, қарауыл, слесарь, мамандығы жоқ қара жұмысшы, бетон құюшы, монтажшы, аспаз, хатшы, бухгалтер, сылақшылар қажет. Теміртаудағы алты кәсіпорын қалалық жұмыспен қамту орталығына осы мамандықтарды меңгерген қызметкерлерге тапсырыс берген. Бір қарағанда, таңдау бар сияқты. Алайда жұмыссыздардың көпшілігіне ұсынылған жұмыс орындары ұнамайды. Біреулері еңбек жағдайына көңілі толмаса, енді біреулерінің тәжірибесі жоқ.

Еңбек жәрмеңкесіне келген жұмыссыздар. Атырау, 5 қыркүйек 2009 жыл.
Еңбек жәрмеңкесіне келген жұмыссыздар. Атырау, 5 қыркүйек 2009 жыл.
– Жұмысқа орналасу үшін 22 адамға, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша кәсіптік оқуға 11 адамға жолдама берілді. Ал бір адам қоғамдық жұмысқа орналастырылды, – деді Теміртау қаласындағы жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Әсел Нәбиева Азаттық тілшісіне.

Наурыз айының соңында Теміртау қаласы әкімдігі жергілікті кәсіпорындардағы бос
Жұмысқа орналасу кезегі баяу жылжиды. Өткізіліп жатқан жәрмеңкелердің де пайдасы шамалы болып тұр.
орындардың жәрмеңкесін өткізді. Жәрмеңкеге келген адамның екі-үш орынға жолдама алып, өз қалауына қарай жұмыс таңдауына мүмкіндігі бар. Бірақ кейде бірнеше жұмысты байқап көрген адамдар олардың бірін де жаратпайтын кездері болады.

– Бұл жағдай әсіресе жұмыс берушілердің жалақыны кешіктіріп төлеуі немесе мүлде төлемей қоюына байланысты. Әйтеуір адамдардың өздері осы себептерді атайды. Сондықтан олар бізге келіп, тіркеуге қайта тұрады. Жұмысқа орналасу кезегі баяу жылжиды. Өткізіліп жатқан жәрмеңкелердің де пайдасы шамалы болып тұр, – дейді орталық мамандары.

Жалақыны кешіктіру проблемасы сөз болғанда сынаушылар кәсіпорынның қаржылық қиындықтарын ескермей, әдетте бар кінәні жұмыс берушіге артып жатады. Жұмыс берушілердің де жұмысқа орналасатын қызметкерлерге тағатын міндері бар. Мысалы, Теміртау қаласында құрылыс-монтаждау жұмыстары саласында қызмет көрсететін «Энергоремонтстрой» компаниясының директоры Владимир Сороцкийдің айтуынша, кейде жұмысқа тұруға қолында еш құжаты жоқ немесе бұл саладан тәжірибесіз адамдар келеді.

Тұңғыш президент саябағын тазалап жүрген жұмысшы, Алматы, 30 қараша 2012 жыл.
Тұңғыш президент саябағын тазалап жүрген жұмысшы, Алматы, 30 қараша 2012 жыл.
– Зауытқа жұмысқа орналасуға келген адам дайындалып келгені жөн. Қазір жалақы төлемдері банк арқылы өтетіндіктен, оның қолында құжаттары толық болуы тиіс. Жұмысқа орналасуға келген жиырма адамның бірі ғана осы талапқа сай болып шығады. Ал қолында құжаты жоқтарды алмаймыз. Компьютерден тексерсек, олардың жартысы «01» немесе ГАИ-дың есебінде тұрғанын анықтаймыз. Көбі – маскүнемдікке салынып, анда бір, мында бір басын сұғып, көшеде сандалып жүргендер. Оларды ешкім алмайды, олардың ешкімге керегі жоқ. Қолдарынан қоқыс жинау мен қала көшелерін тазалау ғана келеді, – дейді Владимир Сороцкий.

Қазір «Энергоремонтстрой» фирмасына білікті дәнекерлеушілер мен тілушілер қажет. Директор сәуір айының аяғында өтетін жалпы қалалық жәрмеңкеге бос жұмыс орындары туралы хабарлама бергенін айтады.
XS
SM
MD
LG