«ОНДАЙ ӘЙЕЛДІҢ ЖАНЫНДА БАЛАЛАР ТЕК АЗҒЫНДАЙДЫ»
Қаңтардың аяғында Батыс Қазақстан облысының (БҚО) Орал қаласында балалар құқығын қорғау мәселелері бойынша өткен жиналыста „Ана үйі“ қорының Оралдағы филиалының үйлестірушісі Надия Лисицына ақыл-есі кем науқастар мен олардың болашақ ұрпағына қатысты мәселені түбегейлі шешуді ұсынған болатын.
Оралдық кейбір БАҚ Надия Лисицынаның «Мүмкін, мұным қатігездік болып көрінер, бірақ мен ақыл-есі кем жандарға стерилизация жасау мәселесін заң жүзінде шешу қажет деп есептеймін. Бұл - „Ана үйі“ қорының позициясына қатысы жоқ жеке пікірім» деген сөздерін келтірген.
БАҚ хабарлауынша, Надия Лисицына кемтар әрі ақыл-есі кем бір әйелдің алты бала туғанын, бірақ олардың екеуін ғана өзіне қалдырып, қалғандарын «туыстарына бере салғаны» жайлы айтып берген. Лисицынаның сөзінше, әлгі әйел өз сөзінен мүлде шатасып, кейін «туыстарым жоқ тұл жетіммін» деп мәлімдеген.
Ондай әйелдерге және мұндай шешенің жанында азғындайтын балаларына не істеу керек? Ондай балалардың болашағы не болады?
«Дәрігер емеспін, бірақ ақылы аз адамның жыныстық белсенділігі жоғары болатынын білемін, ал кей жағдайларда көрінгеннің қолжаулығына айналып, (шамасы, сексті айтады, бірақ ақылдың аздығы мен жыныстық белсенділік арасында байланыс барын психиатрлар жоққа шығарады. - Азаттық) дүниеге әкелген балалары үшін әлеуметтік жауапкершілікті мүлде сезінбейтінін жұмыс істеген тәжірибемнен білемін. Ондай әйелдерге және мұндай шешенің жанында азғындайтын балаларына не істеу керек? Ондай балалардың болашағы не болады? Олар да шешесі сияқты кім көрінгеннен бала туып, «ақыл-есі кем» деген диагнозы бар үйсіз-күйсіздер санын көбейтеді» деп мәлімдеген Лисицына.
Надия Лисицына «жеке пікірім» деп нақтылағанына қарамастан, оның мәлемдемесі резонанс тудырғаннан кейін «Ана үйі» қоғамдық қоры қызметкерін жұмыстан шығарып жіберген. «Ана үйі» қоғамдық қорының атқарушы директоры Бибігүл Махметова Азаттыққа:
- Ол кісі арыз жазып, жұмыстан өзі шығып кетті. Әрине, Лисицынаның әлгі жағдайға қатысты позициясын анықтап сұрадық және оған пікірінің қор ұстанымына сәйкес емес екенін айттық, - дейді.
Надия Лисицына Азаттыққа берген комментарийінде шындығында, бұл проблема жайлы ашық айту керек, ал ол бұл жайлы «оңтайлы емес орында» айтып қалған.
Мен балалар үйін жетім балаларға толтырып, тоқтаусыз туа беретін [ақыл-есі кем] әйелдер туралы айттым. Ал мені фашистік тәсілдерді ұсынды деп жазғырып жатыр.
- Ең қызығы, балалармен тікелей жұмыс істейтін адамдар жан-жақтан телефон соғып, маған қолдау білдіріп жатыр. Бәрі қолдайды, бірақ бұл жайлы ешкім жазбайды. Мен балалар үйін жетім балаларға толтырып, тоқтаусыз туа беретін [ақыл-есі кем] әйелдер туралы айттым. Ал мені фашистік тәсілдерді ұсынды деп жазғырып жатыр. Былтыр мұндай жағдаймен екі мәрте ұшырасып, жағамды ұстағанмын. Әйелді психиатриялық клиникаға жатқызып, баласын ауруханаға алып кетті. Мен мұндай жағдайлардың алдын алу мәселесін ғана қозғадым ғой. Менің қателігім - қайырымдылық қоры үйлестірушісі бола тұра жеке пікірімді айтқаным, - дейді Лисицына.
Әлгі жиынға қатысқан әрі ата-ана құқығынан бас тартқаны үшін қылмыстық жауапқа тарту бастамасын ұсынған БҚО прокурорының аға көмекшісі Алмагүл Исмағұлова комментарий беруден бас тартты.
«АҚЫЛ-ЕСІ КЕМ НАУҚАСТАР ӘРТҮРЛІ БОЛАДЫ»
Стерилизация жасауды «фашистік тәсіл» деп атағандар гитлерлік Германияны еске алғаны даусыз: 1933 жылы Адольф Гитлер «Тұқым қуалайтын ауруға шалдыққан ұрпақтың тууына жол бермеу туралы заң» шығарған. Әлгі заңға сәйкес, психикалық дертке шалдыққан адамдарға, зағиптарға, саңыраулар немесе маскүнемдікке шалдыққан жандарға арнайы евгеникалық сот шешімімен стерилизация жасауға болатын. Гитлер режимі құлағаннан кейін евгеника соты да, күштеп стерилизация жасау да адамзатқа қарсы қылмыс деп танылған. Бірақ, мысалы АҚШ-та мәжбүрлі түрде стерилизация жасау идеясы тіпті Германиядан бұрын пайда болып, 1974 жылға дейін қолданылған.
Әйелдерге күштеп стерилизация жасау саясаты Қытайда «Бір отбасы – бір бала» бағдарламасы аясында кейінгі кездерге дейін жүргізілген, кей деректерге сәйкес, мұндай саясат Өзбекстанда да болған. 2012 жылы ВВС тілшісі Наталия Антелава жүргізген зерттеуге сәйкес, Өзбекстанда гинеколог дәрігерлерге қанша әйелге стерилизация жасау керек (әдетте, өздеріне айтпай), ал қаншасына контрацептивтер беру керек екенін белгілеп, жоғары жақтан «квоталар» береді. Өзбекстан билігі мұндай бағдарлама бар екенін теріске шығарады.
Жүктілікті болдырмау амалы ретінде әйелдерге хирургиялық жолмен стерилизация жасау Қазақстанда да бар, ол тіпті заң жүзінде бекітілген. Стерилизация жасау ережелері мен оны қолдануға болатын диагноздар тізімі денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Болат Садықовтың 2009 жылғы қазанның 30-ындағы №625 бұйрығымен бекітілген. Тізімде психоз түрлері, шизофрения, параноидтық жағдайлар, созылмалы маскүнемдік және ақыл-естің кемдігі сияқты психикалық дерттердің тізімі де бар. Осы дерт түрлеріне шалдыққан адамдарға жасына және бала санына қарамастан стерилизация жасалуы мүмкін (оны сырқаты жоқ адамдарға да жасауға болады, бірақ екі баласы бар болуы және жасы 35-ке толуы тиіс). Бірақ тіпті бұл жағдайда да адамның немесе оның қамқоршысының келісімі мен комиссия шешімі талап етіледі – онсыз адамға стерилизация жасауға ешкімнің құқығы жоқ.
Кей адамдардың ақыл-есі кем науқастарға күштеп стерилизация жасау керек деген ұсынысын сарапшылар «оңай жол іздеуге» балайды. Қазақстанның штаттан тыс бас психиатры Сағат Алтынбеков Азаттыққа:
Кейде тіпті дені сау әйелдердің өздері балаларын әжетханаға тастап жатқан жоқ па, оларға да стерилизация жасау керек пе, сонда?
- Ақыл-есі кем адамдар да әртүрлі болады. Бұған қоса, стерилизация жасауға болатын жағдайлар көрсетілген нормалар бұрыннан бар, бірақ оны өте сирек қолданады. Сондықтан әлгі сияқты сөздерді мүлде құптамаймын. Кейде тіпті дені сау әйелдердің өздері балаларын әжетханаға тастап жатқан жоқ па, оларға да стерилизация жасау керек пе, сонда? – дейді.
Сағат Алтынбековтің пікірінше, ақыл-есі кем науқас жандар мен олардың балаларын қоғамға бейімдеу шараларын қолдану мәселесі «мұқият пысықталуы» тиіс және проблеманы мұндай жолмен «беталды» шешуге болмайды. Бұған қоса, психиатр «дерті мүлде асқынған ақыл-есі кем науқастарды жалпы негізде ата-ана құқығынан айыру нормасы да жеткілікті» деп санайды.
«ҚОҒАМ ПСИХИКАЛЫҚ НАУҚАСТАРДЫ ӨЗІНЕ ТЕҢ САНАУҒА ӘЗІР ЕМЕС»
«Аман-саулық» қоғамдық ұйымы директоры Бақыт Түменованың Азаттыққа берген комментариінде айтуынша, бұл - ақыл-есі кем науқастарға стерилизация жасау мәселесін құр талқылаудан гөрі ауқымдырақ проблема. Ол Қазақстанда психикалық дерттер мен оған шалдыққан жандарға деген көзқарас жайлы айтады.
- Біздің елде ақыл-есі кем науқастарға деген көзқарас әуел бастан дұрыс қалыптаспаған. Жұрттың көбі ақыл-есі кем жандарды тең санауға әзір емес, олардың құқығы тапталады. Мысалы, ақыл-есі кем науқастан шағым түссе, «ой, ақыл-есі кем адам ғой, онымен байланысып керегі не?» деп, шағымын көбінесе елемейді - дейді Түменова.
Бақыт Түменованың сөзінше, Қазақстанда «екіжүзді көзқарастың» кесірінен психикалық дертке шалдығу статистикасын кемітіп, 10 пайыз әлемдік орташа көрсеткіштің орнына бар-жоғы 2,1 пайыз деп қана көрсетеді. Мұның себебі «ақыл-есі кем науқас деп танылғаннан кейін адамның жұмысқа орналасуы қиын, сондықтан мұндай проблемаларды шешуден гөрі, оларды жасыру оңай, бірақ психикалық дертке шалдыққанын ертерек анықтау ондай адамдарды тезірек емдеп, қалыпты өмірге оралуына көмектеседі».
Бұған қоса, Түменова ақыл-есі кем науқастармен жұмыс істеудің орнына, оларға стерилизация жасауды ұсыну да проблеманы «өзімізге ұқсамайтындардың бәрінен құтылу» позициясы тұрғысынан шешуге тырысу деп санайды. «Аман-саулық» қоғамдық ұйымы директоры:
Әйгілі жазушы, ғалым, суретшілердің ішінде де психикасында ауытқуы бар адамдар көп болған. Олар әлемді өзгеше көзбен қабылдайды.
- Әйгілі жазушы, ғалым, суретшілердің ішінде де психикасында ауытқуы бар адамдар көп болған. Олар әлемді өзгеше көзбен қабылдайды. Сондықтан ондай жандармен де, ақыл-есі кем аналармен де жұмыс істеу керек. Иә, қажетсіз жүктілік немесе контрацептивтік құралдарды пайдалану сияқты әлдебір дүниелерді түсіндіру үшін уақыт көбірек кетеді әрі өзге тәсілдерді қолдану керек. Бірақ әйел бәрібір бала туғысы келсе, бұл - оның құқығы, сондықтан оған ешкім тыйым сала алмайды, - дейді.
Психиатриялық және әлеуметтік қызмет орындарының дерегінше, Қазақстанда 200 мыңнан көп ақыл-есі кем адам тіркелген. Бірақ олардың нақты саны бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін, өйткені мұндай дертке шалдыққан адамдар көбінесе есепке тұрмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) дерегінше, әлемде әр төртінші адам өмірінің әлдебір кезеңінде жүйке сырқатына шалдығады, ал психикалық дерт ретінде депрессия 2030 жылға қарай планетадағы ең көп таралған кеселге айналуы мүмкін.