Төрт автобусымен «Шымкент-Алматы» бағытында жолаушы тасып, кәсіпкерлікпен шұғылданып жүрген Құттықыз Манасова соңғы айда Алматыға кіре берісте белгісіз адамдар басқа қалалардан келетін автобустарды тоқтатып, «Барыс» автобазарының қарсы бетіндегі «Үшқоңыр» сауда орталығына мәжбүрлеп кіргізетініне куә болған.
ЖҮРГІЗУШІЛЕР ШАҒЫМЫ
- Жүргізушілерім «Алматыдағы «Сайран» автовокзалына жете алмай, жолаушыларды «Үшқоңыр» сауда орталығына түсіруге мәжбүр болдық. Көнбесек, құжаттарымызды алып, өзімізді соққыға жығады. «Болат Назарбаевтың адамдарымыз» деп қорқытады» деген соң өзім бірге жүріп көз жеткіздім, - дейді Құттықыз Манасова.
Оның сөзінше, жол полициясының дыбыс және жарық белгісін орнатқан жекеменшік жеңіл көлік таң бозынан «Барыс» автобазарының алдынан автобустарды тоқтатып, құжаттарын тексереді.
- Жүргізушілерім сескенген соң автобустан мен түстім. «Сайран» автовокзалымен келісім-шарттарың жоқ болса, «Үшқоңырға» кіресіңдер» деді. Өздері құжаттарын көрсетпеді. «Заңды жұмыс істесеңдер, хаттама толтырыңдар, айыппұл салыңдар, бұларың ұят емес пе» дедім. Жасым үлкен болған соң [автобусымызды қалаға] жіберді. «Үшқоңыр» сауда орталығының бастығының орынбасарына да кіріп, мән-жайды айттым, бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Жақында «Сайран» автовокзалын жабады, тек осы «Үшқоңыр» автовокзалынан ғана жолаушылар шығады» деді. Болат Назарбаев мынадай жөнсіздікті білмейді, білсе бұлай жасамайтыны анық, - дейді ол.
Құттықыз Манасованың сөзінше, оңтүстік жақтан Алматыға келе жатқан басқа автобустар да қала ішіндегі автовокзалдарға өте алмай, еріксіз «Үшқоңыр» сауда орталығынан клиент жинап қайтуға мәжбүр. Оның сөзінше, Алматының сыртындағы «Үшқоңыр» сауда орталығына қалалық жолаушылардың келуі қиын. Сол себепті автобустар жол шығынын өтей алмай жатады.
«ҮШҚОҢЫР» ДИРЕКТОРЫНЫҢ УӘЖІ
Құттықыз Манасованың шағымынан кейін «Үшқоңыр» сауда орталығына барған Азаттық тілшісі Алматыға келе жатқан автобустарды тоқтатып тұрған, алдыңғы терезесінің алдына жарық ойнатқыш белгі қойған «Тойота 40» маркалы, жекеменшік қара көлікті көрді. Жол полициясының дыбыс белгісін қосқан сайын жолаушылар автобусы тоқтап, әлгі көліктегілермен сөйлеседі.
«Үшқоңыр» сауда орталығының директоры Берік Абдрахмановтың Азаттыққа айтуынша, көліктегілер «Үшқоңыр» автовокзалының бақылаушылары». Ал құқық қорғау органдары ғана пайдаланатын белгілерді автобустарға түнде көрініп тұруы үшін базардан сатып алып орнатқан.
Берік Абдрахманов автобустарды күштеп кіргізеді деген пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, «бақылаушылар» автобустарды тоқтатқанымен «Сайран» автовокзалмен келісім-шарт жасасқандарын кідіртпейді.
- «Сайран» автовокзалымен келісім жасаспаған автобустар «Үшқоңыр» автовокзалына кіруі тиіс. Автобустың иелерімен келіссөз де жүргізіп, барлық жағдайды жасайтынымызды түсіндіргенбіз. Қолымызда «Үшқоңырдың» автовокзал екенін растайтын заңды құжаттарымыз бар. [Басқа аймақтардан Алматыға келген] жолаушыларды қалаға жеткізу үшін 5 бағытқа 100 теңгеден таситын 50 газель, 2 автобус шығарып қойдық. Қаладан клиенттерді де солар жинап әкеледі, - дейді ол.
Берік Абдрахмановтың айтуынша, «Сайранмен» тұрақты келісім-шарт жасаспаған автобустардың барлығы жаңа жылдан кейін «Үшқоңыр» автовокзалына келеді. Ал қазір Нүкіс, Түркістан, Шымкент пен Сарыағаш бағытына шығатын автобустардың бірқатары «Үшқоңыр» автовокзалына жинала бастаған.
- «Үшқоңыр» автовокзалының құрылтайшысы Болат Назарбаев екені рас. Біз – орындаушылармыз. Заң бойынша әрекет етеміз, - дейді ол.
Берік Абдрахманов «Үшқоңырды» «автовокзал» деп атаса да, ғимарат маңдайшасында «Үшқоңыр» сауда орталығы» деген ірі жазу тұр. Бұл жерге тұрақты түрде автобус қойып үйрене бастаған кейбір кәсіпкерлер мен жүргізушілер «Үшқоңыр» автовокзалында барлық жағдай бар екенін, қыста клиент өзі де азаятынын» айтып, бұл жағдайға наразы автобус иелерін айыптап сөйледі.
«АВТОВОКЗАЛДАР РЕЕСТРІНДЕ ТІРКЕЛМЕГЕН»
Алматы қаласында ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан «Сайран» автовокзалының тасымалдау бөлімінің бастығы Ерлан Әбілдаев Алматыға сырттан келетін автобустардың «Үшқоңыр» сауда орталығына «еріксіз кіргізіліп жатқанынан» хабардар болып шықты. Ол «бұл саясатқа қарсы шығып құжаттарынан айырылып қалған жүргізушілерді көргенін» айтты. Оның сөзінше, арнайы келісім-шарт жасаспаған автобустар «тұрақсыз рейстер» санатына жатқызылады.
- Бірақ «Үшқоңырдың бақылаушылары» қазан айынан бастап «Сайранға» келетін тұрақты рейстерді де ұстап қалды. Біз құқық қорғау органдарына бірнеше рет шағымданған соң ғана жібере бастады. Менің білуімше, «Үшқоңыр» автовокзал емес, жай ғана сауда орталығы. Тұрақсыз рейстерді де еріксіз тоқтатуға ешкім құқылы емес. Біз Алматы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына да, Алматы облыстық басқармаға да сұрау салдық. Бірақ нақты жауап бермеді, әлденеден жасқанатыны байқалады, - деді ол.
Азаттық тілшісі сөйлескен Алматы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкері Әсет Тулеушов те кейбір жолаушы таситын автобустардың Алматыға жетпей тоқтатылатынын біледі екен.
- «Үшқоңыр» Алматы облысының аумағында. Алматыдан 19 шақырым жерде орналасқандықтан бара алмаймыз. Ол кісілер «жаңа жылдан бастап Алматыға тұрақсыз рейстер кірмейді» деп айтуға тиіс емес. [Алматыда] жаңадан үш автовокзал салынғанша қазіргі «Сайран» және «Саяхат» автовокзалдарының қызметін тоқтату жоспарда жоқ, - деді Әсет Тулеушов.
Алматы қаласының әкімдігі экологиялық тазалық сақтау, көлік кептелісін азайту үшін қалаға сырттан кіретін көліктер санын шектеу жөнінде бірнеше рет жоспар құрған. Соның ішінде 2013 жылы қаңтар айында Алматы әкімі Ахметжан Есімов әрқайсысы 5 мың көлік сыйғыза алатын төрт автовокзал салынатынын хабарлаған. Әсет Тулеушовтің айтуынша, қаланың бас жоспарында «Үшқоңыр» жайлы ештеңе айтылмаған.
Ал Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім меңгерушісі Ләззат Қарсыбаева «Үшқоңыр» сауда орталығының облыстағы автовокзалдардың реестріне тіркелмегенін, сол себепті қызмет көрсетуге құқықтары жоқ екенін» айтып, Азаттық тілшісіне қысқаша жауап берді.
Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» сауда орталығының құқықтық мәртебесі осыған дейін де бірнеше рет дау тудырған еді. 2007 жылы «халықаралық автовокзал ретінде ашылатыны» туралы хабар таратқан «Үшқоңыр» Алматыға келетін автобустарды кіргізуге талпыныс жасап, ол әрекет нәтижесіз аяқталған. Жұмыс істемеген «сауда мен тасымалдау орталығына» салған қаржысын қайтара алмаған бірнеше кәсіпкер 2010 жылы жазда қарсылық акциясын да өткізіп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі, кәсіпкер Болат Назарбаевқа үндеу де жасаған болатын.