Accessibility links

Назарбаевты жиі сынайтын Каримов Астанаға келді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Өзбекстан президенті Ислам Каримовты Астана әуежайына барып қарсы алды. 6 қыркүйек 2012 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Өзбекстан президенті Ислам Каримовты Астана әуежайына барып қарсы алды. 6 қыркүйек 2012 жыл
Қыркүйектің 6-сында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы шақыруымен Өзбекстан президенті Ислам Каримов Қазақстанға ресми сапармен жетті. Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Каримовты Астана әуежайында күтіп алды.

Қазақстан сыртқы істер министірлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев 3 қыркүйекте өткен брифингте: «Астанада өтетін кездесу кезінде Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екіжақты серіктестік пен халықаралық ұйымдар шегіндегі өзара іс-қимылды талқылайды» деп хабарлаған еді.

ЕКІ КІРІП, ЕКІ ШЫҒУ

Қазақ-өзбек қатынастарының тәуелсіздіктен бергі кезеңінде Ислам Каримовтің Қазақстанда өтетін түрлі деңгейдегі кездесулерге белгіленген уақытта бірнеше рет келмей қалуы бұл жолы да жұртшылыққа күдік туғызғандай болды.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов Қазақстанға соңғы рет былтыр, 2011 жылы маусымның 14-інде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының он жылдығына арналған басқосуға мемлекет басшыларының ең соңынан жеткен болатын.

Бірақ арада екі айдан кейін, яғни 2011 жылы 12 тамызда өткен Астанадағы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бейресми саммитіне келмей қалды. Әуелде саммитке қатысатынын мәлімдеген Ислам Каримовтің Астанаға келуден бас тартқаны саммит басталардан небәрі бірер күн бұрын ғана анықталды.
Өзбек президенті Ислам Каримов. Көрнекі сурет
Өзбек президенті Ислам Каримов. Көрнекі сурет

2009 жылы 20 желтоқсанда Алматыда өткен ТМД елдерінің бейресми саммитіне де Өзбекстан президентінің қатысатыны, не қатыспайтыны соңына дейін белгісіз болып тұрған еді.

Саясаттанушылардың айтуынша, «Құбылмалы саясат жүргізетін Каримовтың келу-келмеу мәселесі тек Қазақстанда ғана емес ТМД елдерінде өтетін халықаралық ұйымдарға да соңы сәтте ғана мәлім болатын жайттардың бірі».

Олар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына екі рет кіріп, екі шығуын да Өзбекстанның құбылмалы саясатына жатқызады. «Өзбекстан ұстанымын ескермей, шетке қаққан» бұл ұйымнан таяуда ғана шыққан Ташкент осы ұйым шегінде Тәжікстанда өтетін әскери жаттығуға аттанған Қазақстан қарулы күштерінің бөлімдерін өз шекарасы арқылы өткізбей де қойған еді.

КАРИМОВТЫҢ СЫНЫ

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің Батыс пен Ресейге қатысты саясаты да бірнеше рет құбылды. 2005 жылғы «Әндіжан қырғынынан» кейін Батыспен арасын ашып, Ресейге бет бұрған ол Қазақстанға келген сол жылғы сапарында «Қазақстан мен Өзбекстан өз болашағын Ресеймен бірге көретіні» жөнінде мәлімдеме жасаған еді.

Өзбек президентінің бұл мәлімдемесіне орай Азаттық радиосына сұқбат берген саясаткер Болатхан Тайжан мұны «Сасқан үйрек артымен жүзедінің керіне» балаған еді.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путинді қарсы алып тұр. Ташкент әуежайы, 4 маусым 2012 жыл
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путинді қарсы алып тұр. Ташкент әуежайы, 4 маусым 2012 жыл

- Әндіжан оқиғасынан кейін Америка, Батыс елдері Каримовке көзін алартып қарай бастағаннан кейін ол Ресейді паналап жүр. «Орталық Азияда Қазақстаннан басқа Ресейдің етегінен айырылмай отырған мемлекет жоқ» деген әңгіме болған, тіпті, осы Еуразия Одағын құру әңгімесін Назарбаев көтергенде Каримов мысқылдап сөйлеп, жазғанын мен өз көзіммен көріп, естігенмін, - деген еді Болатхан Тайжан.

Бірақ көп ұзамай Ислам Каримов Мәскеуді қайта сынай бастады. 2009 жылы қыркүйек айында Ташкенттің 2200 жылдығын тойлауға арналған шарада Каримов Ресейдің «отаршылдық саясатын» тағы бір есіне алды. Ол Ресейді 1920-1938 жылдардағы ашаршылық пен қуғын-сүргінге айыпты ел ретінде сипаттады. Көп ұзамай Өзбекстан Ресейді қойып, Қытайға бет бұрғаны мәлім болды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «еуразияшылдығына» сын көзімен қарайтын Ислам Каримов бұл көзқарасын Астанаға келген бір сапарындағы екеуара кездесуінде де ашық айтып, Қазақстан президентін жұрт көзінше «ыңғайсыз күйде» қалдырған еді.

«ҰСТАСЫП ҚАЛҒАН ЖЕРІМІЗДЕН НАЗАРБАЕВ АЖЫРАТТЫ»

Қазақ-өзбек қатынастарын зерттеушілер Қазақстан Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелері бойынша Өзбекстанмен ұдайы пікірлесіп отырғаны дұрыс болатынын және оған Өзбекстан да мүдделі екенін жазады.

Зерттеушілердің пікірінше, Өзбекстанның басқа көршілерімен, яғни Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстанмен ара-қатынасы мәз емес, бірақ Өзбекстан олармен салыстырғанда Қазақстанмен біршама сыпайырақ сөйлесуге тырысады.
Ал екі республика арасындағы дипломатиялық қатынастарды бақылаушылар болса Қазақстан сыртқы істер минисрлігі өзбек билігімен келіссөз кезінде Қазақстанның жетістіктерін айта бермегені дұрыс болатынын, Қазақстанға тікелей қатысы болмаса Өзбекстаның ішкі саясаты жөнінде де тартына сөйлеген жөн екендігін айтады.

Бұл ретте олар Ислам Каримов пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоновтың кездесу кезінде «жағаласуға» дейін жеткенін мысал етеді.
Тәжікстан президенті Эмомоли Рахмон (сол жақта) мен Өзбекстан президенті Ислам Каримов.
Тәжікстан президенті Эмомоли Рахмон (сол жақта) мен Өзбекстан президенті Ислам Каримов.

2009 жылдың соңында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Душанбеде журналистермен әңгімелесу барысында Өзбекстан президенті Ислам Каримов екеуінің қырбайлығы жайында айтып қалған болатан. Тәжік президенті әңгіме кезінде өзбек басшысымен бірнеше мәрте сөзге келіп қалғандығын, тіпті «төбелесуге» де барғанын айтқан.

«Мен онымен (Каримовпен) талай мәрте пікір таластырдым, тіпті екі рет төбелесіп те қалдық. Бір жолы бізді Назарбаев, ал екінші жолы Кучма (Украинаның бұрынғы президенті) ажыратты. Содан соң мен оған: «Самарқан мен Бұхараны бәрібір біз аламыз!» деп айтып салдым» деп мәлімдеген сол жолы Эмомали Рахмон.

2010 жылғы сәуірдің 4-інде Өзбекстанға келген БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның сапары Ислам Каримовтің дипломатиялық «шеберлігін» тағы бір қырынан аңғартты.
Осы кездесу туралы хабарлаған Рейтер агенттігі БҰҰ бас хатшысының Өзбекстандағы адам құқықтары жөнінде сөз қозғауы өзбек президенті Ислам Каримовтың ашуын туғызды деп көрсетті.

Осы келіссөз барысында БҰҰ басшысымен бірге отырған ресми өкілдердің бірі «Рейтер» тілшісіне Пан Ги Мунның сөзіне жауап ретінде Ислам Каримов: «Бізге неге осы бір мәселе бойынша сонша жабысып қалдыңдар? Ондай қиыншылық бәрінде бар емес пе?» деп зірк ете түскенін айтып берген.

«ТҰРАҚСЫЗДЫҚ ПЕН СЕНІМ»

«ТМД елдері бойынша Совет Одағы тұсында билікке келіп, әлі де билік басында отырған екі-ақ президент Нұрсұлтан Назарбаев та, Ислам Каримов те өзінен кейінгі билік ауысымын тұрақты жүйеге түсіретіндей қадам жасай алмады» деп санайды EUCAM сарапшысы Себастьян Пейруз.

Ал биыл ақпанның 21-інде жарияланған Asia Society ұйымының Орталық Азия елдеріне қатысты жасаған сараптамасында: «Қазіргі басшыларының жасы 70-тен асып кетсе де, болашақ саяси жетекшілері әлі анықталмаған Қазақстан, Өзбекстан сияқты мемлекеттердің алдағы саяси ахуалына қатысты қобалжу басым. Екі елдің де қартайған басшылары саяси сахнадан кетіп бара жатқандықтан, билікке талас бұл екі елде тұрақсыздық туғызуы мүмкін» деп жазылған.

Ал Қазақстанның ресми ақпарат құралдары Өзбекстан мен Қазақстан президенттерінің кезекті кездесуі әдеттегідей Орталық Азиядағы тұрақтылықты нығайта түспекші деп сенім білдіреді.
XS
SM
MD
LG