Accessibility links

Путиннің Азияға сапары Ташкенттен басталды


Ресей президенті Владимир Путин Ресей-ЕО саммитінде. Санкт-Петербург, 4 маусым 2012 жыл
Ресей президенті Владимир Путин Ресей-ЕО саммитінде. Санкт-Петербург, 4 маусым 2012 жыл

Өткен айда үшінші мәрте президент міндетіне кіріскен Владимир Путин маусымның 4-і күні Өзбекстанға ресми сапар шекті. Кейбір сарапшылар Байқоңырға қатысты туған дау Путиннің Астанаға баруын кешуілдетті деп санайды.

Азаттық радиосы сарапшыларға: «Неліктен Путин бұл жолғы сапарын Өзбекстаннан бастады?» деген сауал қойған еді. Мамандар Өзбекстанның «маңызды гео-стратегиялық мемлекетке» айналып бара жатқанын тілге тиек етіп, Путиннің аймақтағы саясатына қатысты түрлі пікір білдірді.

- Орталық Азиядағы потенциал, халық саны тұрғысынан алғанда, жалпы аймақтағы ықпалы жағынан ең бірінші мемлекет – Қазақстан емес, Өзбекстан екені анық. Мұны ойлы азаматтардың бәрі біледі. «Қазақстанмен барлық мәселені шешіп қойдық, Кеден Одағы бар, басқамыз бар, оның аясынан тырп етпейді, шықпайды» деп ойлайтын Ресей «қалай болса да, ең бастысы, Өзбекстанды өзімізге жақындатуымыз керек» деген саясат жүргізуі мүмкін, - деді ұлтшылдардың «Ұлы Дала» қозғалысының белсендісі Айдос Сарым.

Оның айтуынша, Путин бұрынғы Ресей империясын немесе Совет Одағын мүмкіндігінше қайта қалыптастыру саясатын жүргізіп отыр.

«ҰНАМСЫЗ ӘРЕКЕТ»

Тәуелсіз журналист Джоанна Лиллис Путиннің әуелі Өзбекстанға баруын Астана үшін «жағымсыз шешім» деп атады.

- 2014 жылға дейін америкалық әскерилердің Ауғанстаннан кетуіне байланысты Өзбекстан маңызды гео-стратегиялық елге айналып барады. Сол себепті Путин Азияға сапарын Ташкенттен бастап отыр деп ойлаймын. Әрине бұл – Қазақстан үшін жағымсыз шешім болып көрінетін шығар. Мәселен, Дмитрий Медведевтің инаугурациясынан кейін ол президент ретіндегі алғашқы сапарын Қазақстаннан бастаған болатын, - деді журналист.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Mәскеу, 20 сәуір 2010 жыл
Өзбекстан президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Mәскеу, 20 сәуір 2010 жыл

Джоанна Лиллистің айтуынша, өткен аптада Путин Қазақстанға келеді деп хабарланған болатын. Бірақ ол Астанаға өзінің орнына премьер-министр Дмитрий Медведевті жіберген.

- Енді Путин бірінші Өзбекстанға сапар жасап отыр. Сондықтан дипломатиялық тұрғыдан алғанда, бұл Қазақстан үшін өте ұнамсыз әрекет болады деп ойлаймын, - деді Джоанна Лиллис.

БАЙҚОҢЫРҒА БАЙЛАНЫСТЫ ДАУ

Сарапшылардың пікірінше, бұл жолы Путиннің Қазақстаннан бұрын алдымен Өзбекстанға баруына таяуда Байқоңырға байланысты шыққан дау да себеп болуы мүмкін.

Бірқатар ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары «Қазақстан зымыран қалдықтары құлайтын аумаққа қатысты дауға орай үш ресейлік спутниктің Байқоңырдан ұшырылуына кедергі жасап отыр» деп хабарлаған болатын. Ал Қазақстан Ресеймен қосымша келісім жасалуын талап еткен еді.

Джоанна Лиллистің пікірінше, Путин Астанаға бір белгі беруі мүмкін.
Байқоңырдан ұшып шыққан Ресейдің Союз TMA-04M ғарыш зымыраны. 15 мамыр 2012 жыл
Байқоңырдан ұшып шыққан Ресейдің Союз TMA-04M ғарыш зымыраны. 15 мамыр 2012 жыл

- Байқоңырдағы дауға орай Путин осылайша Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «егер сіз бізге жағымдырақ болсаңыз, біз де сізге жағымды болуға тырысамыз» деп ескерту жасап отырғанға ұқсайды, - деді Джоанна Лиллис.

Айдос Сарым да осыған ұқсас ой айтады.

- Ол да қысымның бір түрі болуы мүмкін. «Бізге дұрыс көзбен қарамасаңдар, біздің айтқандарымызды орындамасаңдар, сіздерге емес, Өзбекстанға көбірек басымдық береміз» деп ескерту жасап жатқан да болуы ықтимал, - деді Айдос Сарым.

ПУТИН-КАРИМОВ КЕЗДЕСУІ

Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Владимир Путин мен Ислам Каримов Ресей мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесін және маңызды аймақтық, халықаралық тақырыптарды талқылайды. Сонымен қатар сапар барысында Өзбекстанды Ресей мен Қазақстан сияқты бұрынғы совет елдерін қамтитын еркін сауда аумағына қосу туралы меморандумға қол қойылмақ.

Ташкенттен кейін Пекинге баратын Владимир Путин Қазақстанға маусымның 7-сінде келеді.
XS
SM
MD
LG